• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Digital 30 Мамыр, 2024

Сананы сергітер стартаптар

142 рет
көрсетілді

Міне, оқу жылы да аяқталды. Соңғы қоңырау да соғылды. Оқушы біткен жазғы демалысқа кетсе, жас түлектер жо­ғар­ы оқу орнына түсуге қызу дайындалып жүр. Осының бәрін ескеріп, ізденісі мол жастарға пайдалы болатын стар­тап­тарға шолу жасадық. Елімізде заманауи технологияларды қолданып, білім саласында инновациялық шешімдер мен жобалар жасау үрдіске айналды. Бұл – тамаша үдеріс. Пандемия әдеттегі жұмыс жүйесін ғана емес, білім саласын да өзгертті. Университеттер мен мектептер білімді өзгеше форматта беру алгоритмін жасады. Мемлекет те бұл бағытқа ерекше көңіл бөле бастады. Осының бәрі еліміздегі EdTech-ті жаңа деңгейге көтерді. Қазіргі кезеңде цифрлық технологияны қолданып, білім алуға жаңа көзқараспен қарау дамудың негізі екені айқын.

«BilimBer» білім береді

2021 жылы Ерасыл Оспанов пен Бота Мұса «BilimBer» стартапын іске қосты. Бұл – математика, биология және Қазақстан тарихынан ҰБТ сынақтарына да­­йындап, тест тапсыруға мүм­кін­дік беретін платформа. Арада көп уақыт өтпей, пәндер қатары кеңейіп, қосымша функциялар да пайда болды. Пікір қалдыру мүмкіндігі, сұрақтарға жауап іздеу, танымал «Kahoot» оқу сти­ліндегі зияткерлік турнир қо­­сылды. Бүгінде мобильді қо­сым­ша «Play Market» пен «App Store» дүкендерінде 500 мың рет жүктеліп, халық риза­шы­лы­ғын алып отыр. Жақында ғана қосымшада мектеп оқушы­ла­рына арналған ағылшын тілін үй­ренудің ойын элементтері мен «Clubhouse» фишкалары бар курс ашылды.

– Алғашқы ой біз университетте оқып жүргенде келген еді. Ал коронавирус пандемиясы басталған кезде ескі идеяға бірден оралдық. Себебі тестілеуден онлайн өту ол кезеңде өзекті еді. Әуелі мобильді қосымшаның алғашқы MVP-ін жаздық. Оған 3 пән бойынша 1,5 мың сұрақ қостық, олар азды-көпті соңғы ҰБТ тестілері жарияланған сайттардан табылды. Содан кейін «BilimBer»-ді «Play Market» пен «App Store»-ға жүктедік. Бірінші айда 7 мың жүктелім алдық, – дейді Ерасыл.

Бағдарламашылар басында жобаға өз ақшасын құйған. «BilimBer»-ге жалпы сомасы 15 мың доллар кетіпті. Кейін инвестор тартатын болып шешкен. Ол кез­де мектеп оқушылары тестілер мен басқа да функцияларды тегін пайдаланыпты. Қаншама еңбек пен ізденістен кейін сингапурлық бизнес-періштеден жобаға 50 мың доллар инвестиция тартқан.

– Бізді Президент алдында сөйлеуге Ақордаға шақырды. Жобаны таныстырып болғаннан кейін Мемлекет басшысы маған жақындап, «Идеяң жақсы екен» деді. Сәттілік тіледі. Президенттік грант алғанда біз үшін маңыздысы ақша емес, бедел еді. Одан кейін шынымен де оқушыларға пайдалы болғымыз келді. Мысалы, 9-сынып оқушысы кешке физикадан тест шешіп отырып, қиналды делік. Ата-анасы көмектесе алмайды, мұғалімге жазайын десе, кеш болып қалды. Ал ғаламторда тек жалпы ақпарат бар. Біз оқу­шыны чатта сұрақ қоюға ша­қырамыз, мұғалім 5 минут ішінде оған онлайн режімде хат алмасу немесе бейнеқоңырау арқылы көмектеседі. Бұл функцияны математика, физика, химия, био­логия, тарих және ағылшын тілі бойынша іске қостық, – деп түсіндірді Бота.

Ерасыл мен Бота ата-ана­лар­­­ды алаңдататын бас­ты мә­се­лені шешкен. Бізді осы қы­зықтырды. Мәселен, қан­ша­ма оқушы ағылшын тілін үйре­тетін курстарға қатысып, бір­талай ақша жұмсап жатыр. Ба­лаларға арналған курстардың көпшілігінің басты мәселесі – ересектердің ақша төлейтіні, бірақ пайдасы бар-жоғын біл­мейтіні емес пе? Ата-ана көбі­не балаларынан үлгерімі туралы сұрағанда, олар «бәрі жақсы» дейді. Шын мәнісінде не болып жатқаны беймәлім. Міне, қосымша арқылы бұл мәселе де шешімін тапқан. Кураторла­ры олардың үлгерімін бақылап, ата-анасына есеп береді. Егер бала бір-екі күн платформаға кір­месе, дабыл қағылады. Одан бө­лек, әдіскерлермен бір­лесе оты­рып, қазақ тіліндегі оқу бағ­дарламаларын да құрас­тыр­ған. Оған бейнелер мен үш деңгей­дегі beginner, elementary, interme­dia­te тестілері кіреді. Үдеріс ойын ретінде қабылдануы үшін бар­лық геймификация элемент­тері назарға алынған.

– Біз алдымен елімізде белгі­лі бір нәтижеге қол жеткізгі­міз келеді. Осыған жетсек, әрі қарай жылжимыз. Ең алдымен Өзбекстан мен Қырғызстанды қарастырып жатырмыз. Оңтүс­тік-шығыс Азияға да шыққы­мыз келеді. Мысалы, Индоне­­зия мен Малайзияда ағылшын тілін үйренуге сұраныс бар. Деген­­мен біздегідей мобильді қосым­ша­лар жоқ. Бүгінде жобаға бар­­лы­ғы 300 мың доллар инвести­­­ция тарттық. Жақында Грузияда акселератордан өткен «500 Glo­bal» америкалық венчурлық қо­ры, сонымен қатар Қазақстан, Син­гапур, Үндістанның биз­нес-періштелері инвестор бол­ды. Бізге жаңа нарықтар­ға шы­ғуға көмектесетін серіктес­тер жет­кілікті. Қа­зіргі уақытта жоба 3 миллион дол­лар­ға бағаланып отыр, – деп нәти­же­лерін айтты Е.Оспанов.

 

Математика майталманы

«Qalan.kz» – математиканы қа­зақ, орыс тілдерінде оқы­татын онлайн платформа. Мұн­да мектеп оқушылары есептер­ді ментордың және жасанды интеллект негізіндегі чат-бот көме­гімен шешеді. Тапсырманы сәт­ті орындағаны үшін оқушылар ақшалай сыйлық алады. Жоба­ны қазір бірнеше елде 600 мың­нан астам адам қолданады. Оны құрастырған – мектеп мұғалімі Асқар Болат пен бағдарламашы Қуаныш Нәбиев.

– Мектепке жұмысқа бар­ған кезде оқушылардың үнемі бір-бірінен көшіріп жүретінін көрдім. Балалардың көпшілігі пәнді түсінбейді. Ал мұғалімдер әр баланың материалды қан­ша­лықты меңгергеніне мән бермей, жоспармен жұмысын жалғастырады. Сыныптағы 3-4 адам тақырыпты жақсы мең­ге­реді. Қалғаны көшіреді. Ал ҰБТ тап­сыруға бір жыл қалғанда олар репетитор жалдап, 5-сыныптан бастап бүкіл оқу бағдарламасын «қуып жетуге» тырысады. Көбі сәтсіз. Өкінішке қарай, мәселе жүйеде болып тұр, – дейді Асқар.

Олар математиканы оқыту­дың бірегей әдістемесін дайын­дап, оны жетілдіре түскен. Жо­ба­ны дайындауға үш жыл уақыт кетіпті. Барлық есепті өз­дері жасаған. Әуелде «Qalan.kz» әлеу­меттік стартап ретінде іске қосылған. Көп ұзамай Асқар­­дың университеттегі досы Қуа­ныш Нәбиев жобаға қосы­лып, бағдарламалау жағын қолға алды. Солай 2018 жылдың күзін­де платформа идеясы пайда болып, негізі қалана бастады. Оқушы­лар платформаға тіркелмес бұрын өз білім деңгейін анықтау үшін міндетті түрде диагностика­дан өтеді. Әрі қарай жүйе оқушы­ның қабілеті мен есептерді ше­шу жылдамдығын ескеріп, тапсырмаларды автоматты түрде таңдайды.

– Оқушылар арасындағы жүйелі олқылықтарды қалай жоюға болатынын ойлай бастадым. Өйткені балалар әр сабақ­ты 100 пайыз түсінсе екен деп армандайтынмын. Педагоги­ка­ға қатысты кітаптарды оқып, маман­дардан кеңес алып, түрлі әдіс-тәсілдерді қарастыра баста­дым. Мақсатым балаға тақырыпты ­тез түсінуге көмектесетін жүйе құру болды. Абай Құнанбайұлы­­ның өлеңіндегі «Сен де бір кір­піш дү­ниеге, кетігін тап та, бар қалан» деген жолға назар аудардым. Маған бұл жерде «қалан» деген сөздің мағынасы ұнады. Жал­пы, математикада мықты ір­ге­­тас құру маңызды. Біздің онлайн тренажеріміздің мақсаты – оқу­шыға математиканың не­гізін қалау, – деп ниетін білдір­ді Асқар.

Қосымшада бақылау үшжақ­ты жүреді: мұғалім, оқушы, ата-ана. Қатесі болса немесе қосымша есептері шешілмеген болса, тапсырмаларды орындамай өтіп кету мүмкін емес. Күнделікті есепті шешкен оқушыға «кэшбэк» опциясы арқылы ақшалай сыйлық беріледі. Мысалы, құрылғалы бері тапсырманы тыңғылықты орындаған оқушылар жалпы сомасы 470 миллион теңгеге жуық кэшбек алып, табыс тапқан.  Таңғаларлық дү­ние. Ал қолданушыларының күнделікті үй тапсырмасын орындау көрсеткіші – 92 пайыз. Оқыту жүйесі қарапайым­­нан күрделіге дейін сан алуан ­тапсырмадан, алған білімді,­­ ма­те­риал­ды бекітуден тұрады.

– Платформаға жасанды ин­теллект негізіндегі чат-бот, аудиобайланыс пен онлайн тақ­таны қостық. Олар бала мен мұғалімнің онлайн қа­рым-қа­ты­насына қажет. Бот мұға­лім­дерге хабарламалардың 43 пайы­зы автоматты түрде жауап беруге көмектеседі. Бұл – біздің коман­даның жеке жасақтама­сы. Айтпақшы, ол қазақша түсіне­ді. Біз чатқа жауап беру қызме­тін, қоңырауларды өңдеуді, оқы­туды жекелендіруді одан әрі автоматтандыруды жоспарлап отырмыз. Осылайша, AI әр­бір оқушының әлсіз тұсын тү­сініп, жеке дайындық тапсыр­мала­рын жасайды. Бұл оқушыларды көбірек қамтуға және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүм­кіндік береді, – дейді Қуаныш.

Жанашыр жастар қазір әр­түрлі нарықты зерттеумен, кәсі­би мамандар тартумен, жаңа өнім әзірлеумен айналысып жа­тыр. Олар платформаға қо­сымша «Ағылшын тілін» оқыту функциясын қосуды жоспарлап отыр. «Әл-Жәбірдің атасы» атты журнал шығарып, ғылым-білімді насихаттауға үлес қосуда. 2023 жылы «Qalan.kz» орыс және өзбек тілдеріне аударылып, Ресей мен Өзбекстан нарығына шықты. Биыл Қырғызстан және Араб түбегі елдерін бағындыр­ғысы келеді.

Шетелге оқуға түсіреді

Лаура Вайгорова Назарбаев университетіне түсіп, екі мәрте студенттік алмасу бағдарлама­сы­мен АҚШ-қа оқуға барып келді. Сөйтіп жүріп басқалар­ға шетелге оқуға түсуге көмек­тес­ті. Кейін бұл ісі дамып, 2021 жылы шетелдік жоғары оқу орын­­­дарына түсуге даярлай­тын он­лайн-алаң «Smartestprep» плат­фор­масын іске қосты.

– Университет таңдау жүйе­сін құрып, басқа елдердің оқу орындарының емтиха­нына да­­йындалу үшін оқу курс­та­рын жасайтын болып шеш­тік. Олар: SAT (АҚШ-тың жо­ғары оқу орындарына түсу үшін стан­дартталған тест), IELTS (ағыл­шын тілін меңгеру сы­на­ғы) және NUET (Назарбаев уни­вер­­ситетінің ма­тематика және сыни ойлаудан ­емтиханы). Сондай-ақ Еуропа, Азия не­месе Айви (Плющ) Ли­гасы оқу орындары сияқты әр­түр­лі аймақ­тағы универси­тет­тер­дің ерекшеліктеріне қарай мо­ти­вациялық эссені дұрыс жазу да бар. Біз университет де­­ректерін пайдаланып, үміт­кер­дің белгілі бір университетке түсу мүмкіндігін бағалай алатын ML алгоритмін жасадық. Содан кейін жүйе мүмкіндікті қалай жоғарылатуға болатынын көрсетеді. Мысалы, сізге IELTS балыңызды жақсарту керек немесе ұсыныс хатыңызбен жұмыс істеу қажет деген кеңес беріп, жол көрсетеді, – дейді Лаура.

Бұған қоса жүйе талапкерге оның қажеттілігіне сәйкес келе­тін оқу орындарын ұсынады. Олар­ды 3 санат бойынша таңдай­ды: Dream, Target және Safety. Біріншісі – сіз қалаған нұсқа, бірақ мүмкіндіктер соншалықты көп емес. Екіншісі – студенттің бейіні мен дайындық деңгейіне сәйкес келетін ұтымды нұсқа. Үшіншісі – адам еш қиындықсыз грант ала алатын немесе шәкіртақы алатын сенімді нұсқа. Шәкіртақы беретін 5 мыңға жуық университет және түрлі бағдарлама бар. Барлығы – Еуропадан. Әсіресе Германия, Италия және Нидерланд оқу орындары сұранысқа ие, олар студенттерге жақсы шәкіртақы мен гранттар беруге дайын. Азия­дан Оңтүстік Корея, Син­га­пур, Гонконг, Малайзия, Ин­до­не­зия, Қытай елдері бар. Үндістан­нан да бірнеше уни­верситет тізім­де тұр. Тіпті Аустралия, Кана­да, АҚШ-пен жұмыс істейді. Оған қоса, Назар­баев универси­теті немесе Баку­дегі Хазар уни­вер­ситеті сияқ­ты аймақтағы же­тек­ші универ­ситеттерге түсуге көмектеседі.

– Бастапқыда ақпаратты ға­ламтордан жинап отырдық, бірақ көбіне ескіріп кеткен дерек болатын. Оны біртіндеп тексеруге тура келді. Мұнымен бірнеше ай бойы 7-8 адамнан тұратын команда айналысты. Қазір біз танымал бағдарламалармен деректерді жаңарту үшін тұ­рақты түрде университеттерге хат жолдап немесе қоңырау шалып тұрамыз. Мұндай тексеруді алты ай сайын жасаймыз. SAT, IELTS және басқа тестілерге да­йындайтын, мотивациялық эс­се­ні дұрыс жазуға үйрететін то­лық бағдарлама ақылы. Айт­пақ­шы, біз мұның бәрін тексе­ре­тін, әлсіз тұсын жақсартуға ұсыныс бере алатын алгоритм жасадық. Талапкерге тәлім­гер­лер, яғни түрлі шетелдік уни­вер­ситеттердің түлектері көмек­теседі. Олар сұрақтарға жауап тауып, кеңес береді. Қолданушы­лар платформаның қызметіне алты айға немесе бір жылға жазы­ла­ды, – дейді стартапшы.

Бұл стартап жастардың сапалы білім алуы мен өсуіне жол ашады. Мысалы, АҚШ-тағы Williams College-де оқу құны жы­лына 50 мың доллар. 4 жылда 200 мың доллар кетеді. Назарбаев университетін алсақ, 12 ай оқу құны 25 мың доллар. Осы стар­таптың көмегімен университетке 10 адам түссе, нәтижесінде 1 млн доллар үнемделеді. Қазақ жастары тегін оқиды. Кейінгі 2 жылда дайындалған студенттер­дің шамамен 87 пайызы жар­тылай немесе толық грант иегері ­болып, кейбірі шәкіртақы да алған. Бұл – 4,5 мың адам. Жоба алдағы уақытта RPI-роботтары арқы­лы құжат тапсыруды жоспар­лап отыр. Мысалы, сіз құжаттар­­ды бірнеше елдің университе­ті­не жібергіңіз келеді делік. Әркім­нің өтініші әртүрлі, бірақ қажет деректер бірдей. Сонда бірың­ғай құжат тапсыру жүйесі жасалып, оқуға тапсыру тіптен жеңілдейді.