Жақында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қазан федералды университеті арасындағы келісім аясында аталған оқу орнының Филология және мәдениетаралық коммуникация институтында «Абай атындағы қазақ тілі мен мәдениеті орталығы» ашылды.
Екі жүз жиырма жылдық тарихы бар, білім саласында орасан зор тәжірибесі мен ғылыми ізденістерге бай Қазан федералды университетінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына арналған орталықтың ашылуы – еліміз үшін маңызды жаңалықтың бірі. Бұл абайтанудың жаңа белесінің нәтижелі жұмыстарының, игі істердің бастамасы болары да анық.
Салтанатты іс-шараға еліміздің Қазан қаласындағы бас консулы Ерлан Ысқақов, ҚФУ президенті Рияз Минзарипов, шаруашылық қызметі жөніндегі проректор Алмаз Мингулов, ФМКИ директоры Радиф Замалетдинов, ЕҰУ басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, ЕҰУ Көлік-энергетика факультетінің деканы Өміржан Қоқаев, Татарстан халықтар достығы үйінің директоры Тимур Кадыров, «Ресей – Ислам әлемі: KazanForum» форумының құрметті қонақтары қатысты.
Іс-шара барысында Абайдың шығармашылық мұрасы жаңаша тұрғыда зерделенген ғылыми-танымдық еңбектер мен кітаптарды табыстап, ұлы ақын мұрасын насихаттау бағытындағы келелі жоспарымызды бір талқылап алдық.
Абай орталығының ашылуы халықтар достығы мен университеттердің адамзаттың рухани құндылықтарын сақтау мен көбейтудегі миссиясын жүзеге асырудың көрінісі екені белгілі. Орталық болашақта хакім мұрасын жан-жақты зерттеу, насихаттау жұмыстарымен қатар, бірлескен білім бағдарламаларын жүзеге асыру, қазақ тілін оқыту және насихаттау, мәдени байланыстарды нығайту, халықтың бай және төл мәдениетін, тарихы мен салт-дәстүрін таныту, сондай-ақ екі университет арасындағы заманауи жетістіктерімен және даму жоспарларын іске асыру бағытында ауқымды жұмыстар жасайды деген зор үмітіміз бар.
Абай орталығының Татар елінде ашылуының маңызы зор. Екі туыс елдің рухани жақындығымен қатар Абайдың ұлы ақын болып қалыптасуында татар халқының алатын орны ерекше. Абай білім алған, азаматтық көзқарасы қалыптасқан Семей қаласында татар халқының көптеп қоныстанғаны тарихтан белгілі. Ақынның даналығы терең толғамдарының қалыптасуына ықпал еткен тұлғалар туралы айтқанда, татар халқының ұлы перзенті Шихабеддин Маржани еске түсері анық. Абай дала дәстүрі мен халық философиясын бала жасынан бойына сіңіріп, медреседе оқып, таным көкжиегін кеңейткенде, өзі де жан-жақты іздену барысында да оқыған кітаптары мен тәлім алған ұстаздарының тигізген әсері айрықша. Маржанидің ағартушылық бағытын ұстанған Ахмет Ризаның медресесінде оқу жас Абайға үлкен мектеп болғаны анық. Семей қаласындағы терең рухани бiлiм беруге баса назар аударылған медреседе Абай ислам дiнiнiң қағидаларын, сонымен бiрге сопылық iлiмді де меңгеріп, жалпы, түркілік, шығыстық әдебиет пен мәдениетке, ғылым-білімге сусындап шыққаны ақиқат. Заманында қазақ даласына келген Татар молдалары елімізді ислам дініне баулып, медреселер ашып, мешіттер салып, діни кітаптар таратып, білімге шақырды.
Абай – жаңашыл тұлға. Ол жаңа жазба әдебиеттің негізін қалап, қазақ даласында бұрын болмаған әдеби мектеп қалыптастырды. Бұл ретте Маржани мен Абайдың үндестігін аңғармау мүмкін емес. Жаңашыл бағыттағы «Ахмет Риза» медресесінде Абай Маржани шәкірттерінен тәлім алды. Ақын татардың түрлі кітабын алдыртып оқып тұрғаны баршаға аян.
Қазан – архивтік құжаттарға бай, ғылым-білім байлығы жинақталған қаланың бірі. Осы сапар барысында Еуразия ұлттық университеті басшылығы Татарстан Ғылым академиясымен ортақ өзара ынтымақтастық келісімге отыруының өзі, болашақта бірлесіп атқаратын игі ғылыми істердің бастамасы болары хақ.
Жандос ӘУБӘКІР,
«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры