Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғалымдармен кездесуінде қоғамдағы барлық үдерістер мен салаларды одан әрі цифрландыруға ерекше назар аудару керек екенін жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.
«Бізге экономикамыздың аса маңызды салалары үшін инновациялық жобалар мен ұтқыр шешімдер қажет. Ең алдымен, қоғамдағы барлық үдерістер мен салаларды одан әрі цифрландыруға назар аудару керек. Бұл орайда жас ғалымдардың, инженерлер мен кәсіпкерлердің әлеуетін біріктіру маңызды рөл атқарады», деді Президент жиын барысында.
Мемлекет басшысының сөзінше, Қазақстан өз мүмкіндігін мүлт жібермей, әлемдік технологиялық бәсекедегі позициясын нық орнату керек.
«Білімге негізделген экономика жоғары технологиялық бизнес туралы пікірімізді түбегейлі өзгертті. Бүгінде орасан зор капитал немесе қызметкерлердің көптігі емес, бірегей идеяларды тудырып, оларды жүзеге асыра білу қабілеті басты артықшылық саналады. Ал ол жастардың, өзгерістерден қорықпайтын табанды әрі батыл адамдардың, соның ішінде ғалымдардың қолынан келеді. Әлемдегі Google, Microsoft, Apple сияқты көптеген технологиялық алпауыттардың негізін студенттер қалаған. Біздің елімізде де талантты командалар пайда болады және олар жаһандық нарықта көш бастайтын IT-компаниялар құрады деп сенемін. Өз мүмкіндігімізді мүлт жібермей, әлемдік технологиялық бәсекедегі позициямызды нықтай түсу қажет», деп түсіндірді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Одан бөлек, Президент елімізде жасанды интеллектіні дамытуға қолайлы жағдай жасау қажет екенін тілге тиек етті.
«Қаржы технологиясы мен электронды үкімет салаларын дамытуда айтарлықтай ілгеріледік. Алайда мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Қазақстан Еуразиядағы ең ірі цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс. Оған еліміздің әлеуеті толық жетеді. Мақсатқа жету үшін жасанды интеллектіні барлық салаға жылдам енгізу қажет. Қазір әлем экономикасындағы озық технологиялардың үлесі артып келеді. Сарапшылар оның көлемі 2030 жылға қарай 16 триллион долларға жетеді деп болжап отыр. Біз осы көштің басында болуымыз керек. Ол үшін жасанды интеллектіні дамытуға тезірек қолайлы жағдай жасағанымыз дұрыс. Бұл қадам экономиканы орнықты дамытуға тікелей әсер етеді. Сондай-ақ еліміздің технологиялық тәуелсіздігін сақтауға ықпалын тигізеді», деді Мемлекет басшысы.
Айта кетсек, қазір осы саланың инфрақұрылымын дамыту үшін нақты іс-шаралар кешені қолға алынды. Мәселен, суперкомпьютер жасауға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Болашақта мемлекеттік органдармен қатар, ғылыми қауымдастық пен бизнес те оның игілігін көреді деген жағымды болжам бар. Алайда жасанды интеллектіні дамыту ісінде елдің кадрлық әлеуеті маңызды рөл атқарады. Осы орайда Президент білікті мамандардың қатарын көбейту қажет екенін айтты.
«Жоғары оқу орындары бұл жұмыспен мықтап айналысуы қажет. Бүгінде әлемнің жетекші университеттерінің білім беру үдерісінде практикаға басымдық беріледі және студенттердің жаңашылдыққа ұмтылып, стартаптар әзірлеуіне жағдай жасалған. Еліміздің оқу орындары осындай әдістен үлгі алуы керек деп ойлаймын. Әсіресе, машиналық үйретуді дамыту маңызды. Бұл сараптама жасау және мұқият пысықталған шаралар қабылдау үшін озық тәсілдерді игеруге ықпал етеді. Бірақ аталған технологияны кең көлемде енгізумен қатар мұқият зерделеуді және жауапкершілікті қажет ететін жаңа сын-қатерлер де пайда болады. Ең алдымен, жасанды интеллектіні дамыту, қолдану ісінде ашықтық пен этикаға сай болу мәселелеріне баса мән берген жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде киберқауіпсіздік саласында да білікті маман даярлап, озық зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет екенін қоса айтты.
«Деректердің тарап кетуі өз алдына бөлек қауіп. Цифрландыру дәуірінде мәліметтер саф «алтынға» айналады. Сондықтан оларды толыққанды қорғау мәселесінің маңызы зор. Бүгіннен бастап киберқауіпсіздік саласында маман даярлап, озық зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жалпы қазір көз алдымызда әлемдік экономикада технологиялық тұрғыдан айтарлықтай өзгерістер орын алып жатыр. Ғаламдық деңгейде энергияның жаңартылатын және баламалы түрлерін көбірек пайдалануға негізделген қуат көзіне көшу қарқын алды», деп қосты Президент.