Жетісуда елімізде бұрын-соңды болмаған ерекше спорт нысандары ашылмақ. Мұның бірі – «Жетісу» кәсіби волейбол клубына арналған жаттығу базасы. Құрылысы былтыр басталған орталықтың жұмысы аяқталуға жақын. Жергілікті ақжолтай азаматтардың қолдауымен жанынан спортшыларға арналған тұрғын үй де бой көтереді. Оған қоса үстел теннисі орталығы да іске қосылады.
Талдықорғанда ерекше үлгідегі «Жетісу» кәсіби волейбол клубына арналған жаттығу базасы жыл соңында пайдалануға беріледі. Оның жанынан бой көтерген спортшылар баспанасы да бітуге жақын. Демеушілер қаражаты есебінен клуб спортшыларына бар жағдай жасалынбақ. Оның үстіне сол атымтай жомарт азаматтар халықаралық талаптар мен стандарттарға сай келетін үстел теннисі орталығын да ел игілігіне ұсынбақ ниетте. Құрылыс жұмыстарын көзбен көрген облыс әкімі Бейбіт Исабаев қос нысанның халыққа қызмет етеріне сенім білдірді.
Әуелі өңір басшысы жаттығу базасына барды, онда жақын күндерде «Жетісу» КВК ерлер мен әйелдер командаларының негізгі құрамы, сондай-ақ жастар құрамы жаттығады. Бір ерекшелігі, бұл спорттық жаттығу базасының ел ішінде баламасы жоқ. Онда әйелдер мен ерлер құрамының жаттығуына арналған екі бөлек зал бар. Сондай-ақ спортзалы, қажетті әкімшілік және санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар, медициналық, массаж бөлмелері бар.
Б.Исабаев мердігер ұйымның өкілдерімен, «Жетісу» КВК директорымен бірге нысанды жайластыру, спорттық жабдықтарды орналастыру, іргелес аумақты абаттандыру мәселелерін талқылап, сондай-ақ клубты дамыту жоспарлары туралы пікір алмасты. Сонымен қатар спортты коммерцияландыру, тиісінше клуб жүйесіне кезең-кезеңімен көшу жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Қабылданған шаралар мен демеушілік қолдаудың арқасында біздің «Жетісу» кәсіби волейбол клубында жаттығу өткізуге арналған жеке спорттық база мен клубтың волейболшыларына арналған тұрғын үй салынып жатыр. Келесі жылы волейболға бейімделген мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, білім беретін мектептерден волейболға таланты бар балалар іріктеледі. Бұл мектепте олар волейболмен белсенді айналысады. Осылайша, өз ойыншыларымызды үйретіп, өз чемпиондарымызды тәрбиелеп шығарамыз», деді Б.Исабаев.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаттығу базасының ғимаратын салу мен безендіру бағытындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының басым бөлігі іс жүзінде аяқталған. Бұдан бұлай жаттығу залдарын жайластыруға ерекше назар аударылады. Бұл залдарда ең маңыздысы жоғары сапалы спорттық еден жабыны төселеді, сондай-ақ іргелес аумақ абаттандырылады.
«Жетісу» КВК директоры Нияз Жантілеуовтің айтуынша, спортшыларға арналған шағын отбасылық тұрғын үй 40-45 орынға есептелген. Жертөлесі бар төртқабатты ғимараттың 2 кіреберісі болады. Олардың бірінде 12 бір бөлмелі және 3 екі бөлмелі, ал екіншісінде жеке ванна бөлмелері бар 26 бөлме бар. Сондай-ақ қажетті санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар қарастырылған. Облыс әкімі осындай мүмкіндіктерден кейін клуб өзінің ойын деңгейін көтеруі керектігіне ерекше екпін түсірді.
Одан кейін Б.Исабаев толықтай демеушілік қаражат есебінен салынып жатқан, халықаралық талаптар мен стандарттарға сай келетін үстел теннисі орталығына барды. Нысанда темірбетон жұмыстары аяқталуға жақын. Әзірге құрылысқа 25-ке жуық адам жұмылдырылған, алдағы уақытта жұмысшылар саны арттырылады. Жаттығулар мен жарыстар өтетін залдың жалпы ауданы 1 600 шаршы метр, 150 орындық трибунасы бар.
Орталыққа 16 теннис үстелі орнатылады, халықаралық жарыстар кезінде тек 9 үстел ғана қалдырылады. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұлдың айтуынша, ғимараттың екінші қабатының пайдалы алаңын неғұрлым тиімді пайдалану үшін шахмат клубын ашу көзделіп отыр. Облыс әкімі жаңа спорт нысанының аумағын абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Көгалдандыру, тұрақ орындарын орналастырудың жоспарлары талқыланды.
Бейбіт Өксікбайұлы өңірдегі жаңа спорт нысандары резервтік бюджет пен демеушілік қаражат арқылы бой көтергенін атап өтті.
«Мұндай нысандарды салуға біз әлеуметтік нысандарды немесе тұрғын үйлерді салуға көзделген бюджет қаражатын пайдаланбаймыз, демеушілерді тартамыз. Мәдениет пен спорт салаларын дамыту жайы үнемі назарымызда болуы керек. Бұл – азаматтардың рухани және физикалық денсаулығын нығайтуға әсер ететін әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігі», деді ол.
Атап өтсек, демеушілер өңірдегі әлеуметтік осал топ санатындағы тұрғындарға үй салуға да көмек қолын созды. Мәселен, «Самұрық-Қазына» АҚ қаражаты есебінен Талдықорғанда әрқайсысы 60 пәтерлік бесқабатты 7 үй салынып жатыр. Әрқайсысының салыну сатысы – әзірге әр деңгейде. «ҚазақСтройЭксклюзив» компаниялар тобының бас инженері Исмихан Каримовтің айтуынша, әр үйде 30 үш бөлмелі, 15 бір және екі бөлмелі пәтер бар.
Бес көпқабатты үйдің құрылысы тамыз айында аяқталады, ал қалған екеуі жылыту маусымы басталғанға дейін бітуге тиіс. Мердігер ұйыммен және қалалық әкімдік өкілдерімен бірге үйлердің қасбеттерінің түс үйлесімі мен қаптайтын материалдарын таңдау, аулаларды абаттандыру мәселелерін талқылаған облыс әкімі Б.Исабаев құрылыс-монтаждау жұмыстарын мерзімінде, сапалы жүргізу бірінші кезектегі міндет екенін айтты.
Жетісу облысы