Батыс Қазақстан облысындағы Сырым ауданында Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі жаңартылған ғимаратқа көшіп, бес экспозициялық зал келушілерге есігін айқара ашты.
Талай-талай тарихи оқиғалардың тоғысында тұрған Жымпиты ауылына осындай үлкен музей көптен қажет болатын. Бұрын аудандық Мәдениет үйінің бір қабырғасын паналаған музей жәдігерлері үшін осыдан оншақты жыл бұрын екі қабатты бөлек ғимарат бөлініп еді. Алайда бұл нысанның құжатын реттеп, күрделі жөндеуден өткізіп, жаңаша экспозиция жасау ісі біраз жылға созылып кетті. Ақыры аудандық музейдің облыстық өлкетану музейінің филиалы болып қалыптасқанына 20 жыл толу қарсаңында мәдени нысан ашылып, көрермен көзайымына айналды.
– Бүгін Ақжайық өңірінің мәдениеті үшін мәртебелі оқиға болды. Сырым Датұлы атындағы музей екі қабатты, 800 шаршы метрлік ғимаратқа орналасты. Бұл музейдің берер тағылым, тәрбиесі мол. Облыста осындай тағылымы терең, жәдігерге толы мәдени нысанның ашылғанына бек қуаныштымыз, – деді облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев салтанатты жиында.
Жаңартылған музей бес экспозициялық залдан тұрады. Олар – Сырым батыр тарихи залы, Қадыр Мырза Әлі және аудан мәдениеті залы, этнография залы, табиғат, археология залы, соғыс және еңбек ардагерлері мен медицина, спорт залы.
Сырым батыр тарихи залында архив материалдары, сырымтану бұрышы, тұлғаның ұрпақтары мен шежіресі туралы мәліметтер, сондай-ақ батырдың бес қару топтамасы, мөрінің көшірмесі қойылған. Осы музей үшін арнайы жасалған Сырымның балауыз мүсіні ерекше көз тартады. Мүсінді еліміздегі белгілі гиперреалист суретші Айдос Есмағамбетов жасаған. Ол бұған дейін де Абылай ханның, Абайдың, Барак Обаманың мүсіндерін балауыздан жасап, халыққа танылған еді. Суретші Сырым Датұлының мүсінін ел аузында жүрген аңыздарға және жымпитылық суретші Мұратбек Жоламановтың шығармаларындағы бейнеге сүйене отырып жасаған. Батыр мүсіні көз тартарлықтай ірі денелі, бойы 185 см, етігінің өлшемі 44-тен жоғары болып шыққан.
Батыс Қазақстан өңірінде тарихи тұлғаның есіміне байланысты жер-су атаулары да аз емес. Мысалы, ел аузындағы «Сырым шыққан төбе», «Сырым бөгеті» деп аталатын нысандардың да шағын макеті музейде тұр. Сондай-ақ Хиуа хандығында жұмбақ жағдайда мерт болған батырдың ер-тоқымы жалғыз үзеңгісімен көпшілік назарына ұсынылған екен. Өйткені аңыз бойынша батырдың дұшпандары жаққан удан темір үзеңгінің өзі кейін еріп, жоқ болып кеткен...
Музей меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, қазір қорда 6000-нан астам жәдігер бар. Музейде 16 қызметкер жұмыс істейді. Кең де келісті ғимарат Жымпиты өңірінің сан ғасырлық тарихын баяндайтын таңғажайып жәдігерлер қойылған экспозицияға толы.
Ауданның мәдениет тарихы залы осы топырақтың тағы бір мақтанышы – Қадыр Мырза Әлі бұрышынан басталады. Қаламгердің жазу үстелі, машинкасы, шапаны, тұтынған заттары аңыз адамның өз қолтаңбасы қалғандығымен аса құнды. Бұл бөлмеде өңірден шыққан қаламгерлер, аудандық газет тарихы, алғашқы халық мұғалімдері, білім мен мәдениет саласының үздіктері, театр тарихы заттай жәдігерлер мен фотосуреттер арқылы көрініс тапқан.
Тағы бір зал әйгілі Қасым Аманжоловтың досы Абдолла Жұмағалиевтің ерлікпен қаза тапқан сәті көрсетілген диорамамен басталған. Мұнда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері тұтынған жәдігерлер, құжаттары мен марапаты, фотосуреттер қойылған. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, тың игеру, аудан медицинасының 130 жылдық тарихы, республикаға танымал ғалымдар мен спорт саласының ардагерлері туралы тарихты да осы жерден көруге болады.
Келушілер үшін ең қызық бөлімнің бірі – табиғат, археология залы. Мұнда археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдар қойылған. Осы залда өңірдің киелі жерлері картасы көрнекі жерде тұр. Қызыл кітапқа енген өсімдіктер, аң-құс тұлыптары қойылған.
Этнография залы ұлтымыздың ұғымындағы жеті қазына топтамасымен басталады. Жасыл жайлау, төрт түлік мал, ұлттық киім, зергерлік бұйымдар, ыдыс-аяқ, толық жабдығымен алты қанатты киіз үй өзінің эстетикалық талғамымен, шынайы шебердің қолынан шыққан шедевр бұйымдарымен таңдай қақтырады. Тоғыз жолдың торабында, Самара – Шымкент халықаралық автожолының бойында тұрған Жымпитының толайым тарихы бұл музейге бас сұққан адамды бейжай қалдырмайды деген ойдамыз.
Айтпақшы, осы Жымпиты ауылында 1918-1920 жылдары Күнбатыс Алашорда үкіметінің кеңсесі болған тарихи ғимаратта орналасқан Алаш тарихы музейі де бар. Тарихи елді мекен Орал қаласынан 150 шақырым қашықта жатыр.
Батыс Қазақстан облысы