Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэйді оның өтініші бойынша қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Сенат Төрағасы стратегиялық сипатқа ие болған Қазақстан мен Қытай қатынастарының нәтижелі дамуына қанағаттанғандық білдірді. Оның пікірінше, «өзара іс-қимылды табысты дамытуда мемлекет басшылары арасындағы сенімді үнқатысу негізгі рөл атқарады».
Қ.Тоқаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру және біздің еліміздің басқа да халықаралық бастамаларын тұрақты қолдап келе жатқаны үшін Қытайға Қазақстан тарапы дән риза екенін атап өтті. «Шанхайда АӨСШК 4-ші саммитінің табысты өтуімен құттықтағым келеді. АӨСШК-ге Қытайдың төрағалық етуі оның халықаралық аренадағы беделін елеулі түрде арттырады», – деп атап өтті Қ.Тоқаев. Қазақстан ШЫҰ-дағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі. Сенат Төрағасы көрші екі ел де экономикалық ынтымақтастықты өрістетуде зор мүмкіндіктерге ие екенін, сондықтан Қазақстан Қытайдың Ұлы Жібек жолы тұжырымдамасын толықтай қолдайтынын атап өтті.
Сенат Төрағасы ХӨБЖ Тұрақты Комитетінің Төрағасы Чжан Дэцзянға Қазақстанға келуге шақыру жолдады, ол парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етер еді.
ҚХР елшісі «Қытай Қазақстанды тату көрші ғана емес, барлық сала қамтылатын стратегиялық әріптес деп санайды, біз Қазақстанды барлық салада қолдайтын боламыз», деп атап өтті.
Сенатпен ынтымақтастықты нығайтуға ХӨБЖ-ның әзірлігін атап өте келіп, Қытай елшісі ХӨБЖ Тұрақты Комитетінің Төрағасы Чжан Дэцзянның шақыруын жеткізді. «Сіздің Бейжіңге сапарыңызға бізде әзірлік басталып кетті, ол парламентаралық ынтымақтастықты үдетуге ықпал ететін болады», – деді ҚХР елшісі. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың негізі Төраға Си Цзиньпин мен Президент Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы өзара құрмет пен сенімге толы үнқатысу, сондай-ақ, Қытайдың белгілі Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуі тұжырымдамасы деп санайды.