Индустрияландыру іс үстінде
Өндірістің қадамы кең. Сүйекті өндіріс болмаса экономиканың дамуында серпіліс болмайды. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Индустрияландыру әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіруді қамтамасыз етеді. Елдің индустрияландырылуы – ел дамуының жаңа кезеңіндегі ұлттық идея», деген болатын. Елімізде 2010 жылы бастау алған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаның алғашқы бесжылдығын өткен 2014 жылы аяқтадық. Қазақстанды индустрияландырудың осы бес жылында елімізде бай тәжірибенің қалыптасуымен қатар, жетістіктерге де қол жетті. Қостанай өңірі өндірісінің де бұрынғыдан адымы ашыла түсті. Өндірістің дамуы туралы сөз болса салыстырмалы сандар өре түрегеледі. 2013 жылдың қорытындысы бойынша алсақ, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 72,2 пайызға артқан, яғни физикалық көлемнің индексі 100,6 пайыз болып, республикалық көрсеткішке жақындай түсті. Бұрын бұл өңірдің өндірісі тек кен өндіру ісімен сипатталатын еді. Қазір ол шикізаттан ұқсату үдерісіне қарай бет бұрды. Бес жыл ішінде ұқсату өнеркәсібі өндірісінің көлемі 11,8 пайызға көбейді. Соңғы жылдары тамақ, жеңіл өнеркәсіп, металлургия, машина құрастыру, құрылыс материалдарын өндіру кәсіпорындарының қатары да, белсенділігі де артты. Ұқсату өнеркәсібінің физикалық көлем индексі 106,6 пайызға жетті. Осы уақыт ішінде ұқсату кәсіпорындарының көрсеткіші өрге домалаған тастай жоғарылап отырды. Мысалы, жеңіл автомобиль шығару – 21, астық жинайтын комбайндар – 15,5, ет өндіру – 44,6, шұжық өнімдері – 47,8, күнбағыс майы – 62,3 пайызға, сары май – 2,4 есе, жарма – 34,3, шоколад пен қанттан жасалған шоколад өнімдері – 5,3, ұн 1,6 пайызға көп өндірілді. Бұрнағы жылдары облыстың даңқын кен мен астық шығаратын. Енді тәуелсіз еліміздің соңғы бес жылында Қостанай машина жасау орталығына айналып үлгерді. 2010 жылы облыста жеңіл автомобильдер құрастыру ісі қолға алынған болатын. Бес жыл ішінде «АгромашХолдинг» және «СарыарқаАвтоПром» зауыттарында әлемге әйгілі SsangYong, Пежо, Toyota, Hyundai жеңіл көліктері мен жолаушылар және жүк тасымалына арналған IVECO машиналары құрастырылатын болды. Өткен жылдың өзінде бұл салада 45,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Қазір республикадағы автомобиль өндірісіндегі Қостанай облысының үлесі 17 пайызды құрайды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қостанайда 2013 жылы SsangYong машинасының алғашқы отандық NOMAD моделі дәнекерлеу, сырлау секілді өзге де ұсақ бөлшекті жұмыстары өз мамандарымыздың атқаруымен құрастырылды. Отандық машина Ресей, Беларусь және Әзербайжан республикаларына экспортқа шығарылатын болады. Өткен жылдың көктемінде «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорны Toyota Fortune машинасын құрастыруды қолға алды. Зауыт жылына 3000 машинаны сапқа қоюды межелеп отыр. Әзірге машина құрастырушылар 462 Тойотаны сапқа қойды. Жалпы, Қостанайда машина жасау ісі бастау алған 2010 жыл мен 2013 жылдың арасында 90 есе өсті. Ал үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы басталған уақыттан бері қостанайлық машина құрастырушылар 16 244 автомобиль жасады. Оның ішінде жеңіл, жолаушылар таситын және жүк көліктері де бар. Қазір кәсіпорын жетекшілері «АгромашХолдинг» зауытының өндіріс алаңында Geely машинасын құрастыру үшін қытайлық автоконцерндер өкілдерімен келіссөздер жүргізіп отыр. Еліміз экономикасының қарқын алуына орай, тұрғын үй құрылысы да биіктей түсті. Бұл нарықта құрылыс материалына деген сұранысты күшейтетіні белгілі. Сондықтан, Қостанай өңірінде тауарлы бетон, арматура, бетоннан жасалған бұйымдар, этилен полимерлерінен жасалған құбырлар, бетоннан жасалған құрылыс құрылымдары, пластмассадан жасалған есік-терезе және кірпіш өндіріледі. Өңірдегі құрылыс жұмыстары цементке сұранымды күшейтті. Бүгінде Рудный цемент зауытының құрылысы жүріп жатыр. Ол таяу жылдарда жылына 500 мың тонна цемент өндіретін болады. Облыста «ЕвразКаспианСталь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысын бастады. 2013 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен болған телекөпірде Мемлекет басшысының өзі осы зауыттың тұсауын кескен еді. Бұл облыстағы ғана емес, республикадағы бірегей жоба болып саналады. Ол толық қуатына енгенде жылына 450 мың тонна болат арматуралар шығарады. Онда 250 қостанайлық жұмыс орнын тапты, ең жоғары орташа айлық жалақы облыс бойынша осы зауытта төленеді. Әр жұмысшы еңбегіне қарай 167 мың теңге алады. Бұл өңірде дамып отырған өндіріс әкелген игіліктің бірі. Зауыт өткен жылы 152 мың тоннадан аса диаметрі әртүрлі арматуралар өндірді. Олардың құны 19,5 миллиард теңгені құрайды. 2015 жылы «ЕвразКаспианСталь» қуатын арттыра түсіп, 365 мың тонналық деңгейді игеретін болады. Заманауи құрылыстың негізгі материалы болып табылатын арматураларға шетелден де сұраныс мол. Қазірдің өзінде зауыт өнімін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне арта бастады. Үдемелі индустриялық-иннновациялық даму бағдарламасы аясында өмірге жолдама алған жобаның бірі – Үй құрылысы комбинаты дер едім. Жоба бойынша кәсіпорын жылына 70 мың шаршы метр баспана тұрғызады. Құрылыс саласының дамуы үшін облыста табиғи өндірілетін отқа төзімді және кірпіш жасайтын саз балшық, құрылысқа қажетті қиыршық тас, құм, әк, минералды пигменттер, базальт секілді пайдалы қазбалардың қоры бар. Осы бес жылдың ішінде облыста металлилек зауытының іске қосылуына байланысты металл өндіру саласы өндірісінің көлемі артты. Өткен жылы құны 9 миллиард теңгені құрайтын 92 мың тоннадан аса арматура өндірілді. Бұрын өзімізде ірі темір кені бола тұра өндіріске, құрылысқа қажетті арматураларды қымбат бағаға сырттан сатып алатынбыз. Енді өзіміздегі металлилек зауыттары мұны жеңілдетті. Бес жыл ішінде кәсіпкерлікті қолдайтын мемлекет тарапынан барлық қажетті заңнамалық база жасалды, бизнес пен инвестия жағдайы да серпінді жаңғыртылды. Ішкі өңірлік өнімнің көлемі 2013 жылы 1 триллион 400 миллиард теңгені құрады. Осының өзі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы басталған кезеңмен салыстырғанда екі есе көп болатын. Ұқсату кәсіпорындағы еңбек өнімділігі 2 еседей артты. Ұқсату өнеркәсібіндегі негізгі қорға салынған инвестиция да алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі еседен артық өсті. Облыста сыртқа шығаратын шикізат емес тауарлар көлемі артып келеді, бұрнағы жылдармен салыстырғанда 1,5 еседен астам артық. Облыс өңірінде өнеркәсіп саласының дамуына Индустрияландыру картасы шеңберіндегі инвестициялық жобалардың қосқан үлесі қомақты. Егер 2010-2013 жылдар арасындағы 4 жылда Индустрияландыру картасына енген кәсіпорындар 100 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетсе, тек 2014 жылы ғана бұл көрсеткіш 70 миллиард теңге болды. Оның 29,3 пайызы ұқсату кәсіпорындарының үдесіне тиеді. Индустрияландыру картасына енген 90 жобаға 403,3 миллиард теңге құйылды. Оның ішінде 131,4 миллиард теңге салынған 3 жоба республикалық Индустрияландыру картасына кірді. Бес жыл ішінде әлгі 90 жобаның 74-і пайдалануға беріліп, онда 4 534 адам жұмыс орнын тапты. Тек өткен жылдың өзінде өңірде бес жоба жүзеге асты. «СарыаркаАвтоПром» зауыты Toyota Fortuner автомобилін құрастыра бастады, «КазШинСервис» зауыты автомобиль шинасын өңдеп, қалпына келтіретін болды, «Костанай МБИ» үй құрылысы комбинаты сұранысқа ие өнімдер шығарады, «Жас-Канат 2006» құс фабрикасы жаңғыртылды, «GlobalBeef KZ» шаруашылығы асыл тұқымды мал бордақылау алаңын ашты. Үстіміздегі жылы тәжірибе-өнеркәсіптік кен шығару және өңдеу кәсіпорны және заманауи инфрақұрылымы бар астық сақтау қоймасы мерзімінен бұрын тапсырылады деген үміт бар. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру Қостанай, Рудный қалалары мен Қостанай, Денисов аудандарында белсенді жүргізіліп отыр. Шалғайда жатқан Амангелді, Жангелдин және Науырзым аудандары инвестициялық жобалар бастаудан қалыс қалды. Дегенмен, облыста игі іске деген белсенділік байқалады. Қазір облыс қалалары мен аудандарынан тәуекел етуге 78 өтініш түсті. Елбасы отандық кәсіпкерлікті жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күшіне теңеген болатын. Облыста осы саланы дамытуға бағытталған «Бизнестің жол картасы-2020», «Өнімділік-2020», «Экспорттаушы-2020» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Өндіріс дамыса онымен әлеуметтік сала бірге алға жылжиды. Адамдар тұрмысының жақсаруы тәуелсіз елдің межесі – дамыған 30 елдің қатарына жақындай түсуіміздің бір кепілі. Өндірісі дамыған Қостанай өңірі осы биік межеге қадам басып барады. Мейрам СӨКІТБАЕВ, Қостанай облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы. ҚОСТАНАЙ.
•
16 Қаңтар, 2015
Өңірді өрге бастырған қадам
251 рет
көрсетілді