• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Зерде 04 Маусым, 2024

Ұлт тарихындағы қайта өрлеу кезеңі

253 рет
көрсетілді

Кеңес өкіметі тұсындағы саяси қуғын-сүргін – халқымыздың жазылмас жан жарасы. Бұл күрделі кезеңді жан-жақты зерттеп, әлемдік деңгейде баға беретін әлеуетіміз болу керегі сөзсіз. Осы бағытта елімізде елеулі елдік жобалар қолға алынды. Соның аясында таяуда Солтүстік Қазақстанда тағылымды ғылыми жиын өтті.

Алдымен қазақты ел қыла­мыз, басқа­лармен тең қыламыз деп жар­ғақ құла­ғы жастыққа тиме­ген ұлтымыздың сүт бетіне шы­ғар қаймақтары түгелге жуық қы­рылды. Өткен ғасырдың 20–30-жыл­дары – 10 жыл бойы құ­йындай тиген өкі­меттің жаза­лау машинасы «Қа­зақстанда бас­қалармен тең, прог­рессивтік пар­ламенттік жүйемен бас­қары­латын «Алаш» автономия­сын құ­­­райық» деген қозғалыс мүше­ле­­рінің бәрін «жау» деп танытатын радикалды саясат ұстанып, оны халықтың санасына күшпен сіңірді. «Алаш» атауының өзін аз уақытта құбыжыққа айналдырып, оны ауызға алудың өзінен қалың бұқараны бездіріп жібер­ді. Осы саясаттың қор­қытып-үркі­тіп сіңірген қасіреті сондай, сол синдромнан әлі арыла алмай келе жат­қан адамдар бар арамызда.

 

Қайта өрлеу кезеңі қалай басталды?

Жуырда Петропавл қала­сын­да 31 мамыр саяси қуғын-сүр­гін және ашар­шылық құрбан­да­рын еске алу күніне орай «Қы­зылжар­дың шерлі тарихы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Бұл күннің еліміз үшін ма­ңызы аса зор екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеумет­тік желідегі парақшасында: «Біз өт­кен замандағы қасіретті оқиғалар­дан тағылым алып, оны ұлт жадын­да сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрін­бей өтіп, әділетті мемлекет және өр­ке­ниет­ті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағын­дыра аламыз», деп жазды.

Қызылжар конференциясы­­­­­ның жұмы­сына Мемлекет басшы­­­сы­ның Жар­лығымен құрылған ­Сая­­си қуғын-сүргін құрбанда­рын то­­лық ақтау жөніндегі мемлекет­тік ­комиссия жобалық кеңсе­сінің ­басшысы, «Қаһармандар» – рес­пуб­­ли­ка­лық қорының төрағасы Са­быр Қасымов, «Алаш» ғылыми зерт­­теу орталығының директоры ­Сұл­тан-Хан Аққұлұлы, Алаш бас­шы­ларының бірі, атақты Міржа­қып Дулатұлының жиені, «Мек­теп» бас­пасының бас директоры Ер­лан Сатыбалдиев, А.Байтұрсын­ұлы атындағы Қостанай өңірлік уни­­верситетінің профессоры, та­рих ғылымдарының докторы Аман­жол Күзембайұлы, М.Қозы­баев атын­дағы Солтүстік Қазақстан уни­верситетінің профессоры Зарқын Тайшыбай, т.б. қатысты.

Осы конференцияда жасаған баяндамасында Сабыр Қасымов бұрын құпия сақталып келіп, соң­ғы уақыттарда ғана мемлекет­тік ко­миссияның күшімен а­шыл­ған құжаттардың, орталық, жер­гілікті және аудандық архив­тер дерек­терінің, көзқарасы жоғары, ой-өрісі биік тарихшылардың, сая­саткерлердің, философтар мен заңгерлердің пікірлерін, қу­ғын-сүргінге ұшырағандар ұрпақ­тарының естелігін сараптау барысында «Алаш» партиясы қозғалы­сы мен Алашорда үкіметі кезеңі Қазақстандағы ұлттық қайта өр­леу (ренессанс) кезі болғанына ғы­лыми негізде көз жеткізілгенін айтты. Бұрынғы зерттеушілер негізінен оның ұлт-азаттық күрес сипатындағы рөлін ғана танып, өз қорытындыларын берген. «Ал біз «Алаш» қозғалысының сая­си, идеологиялық, ғылыми, ағар­тушылық, дипломатиялық, әлеу­меттік-экономикалық, ұлттық мем­лекет құрылысы және бас­қа са­лалардағы қызметтерін қам­­тып, барлық әрекетін зер­де­ледік. Соның нәтижесінде мем­ле­кеттік комиссия Алаштың әр қырындағы еңбегінен 10 экс­клюзивті жинақ дайындады», деді ол.

Қазақ халқының сол кездегі ең озық ойлы, патша өкі­ме­ті­нің жетілдірілген жоғары оқу орын­дарынан білім алған Ә.Бө­кей­хан, А.Байтұрсынұлы, М.Ду­­латұлы, М.Жұмабай, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, М.Ты­ныш­байұлы, т.б. өкіл­дері Ре­сей им­периясының азиялық-мұ­сыл­­­ман­­дық бөлі­гінде ұлт-азаттық күрес­тің өркениетті бағдарлама­сын халықаралық стандарттар мен саяси-құқықтық талапқа сай жасап шыққандығының өзі феномен деуге тұрарлық жайт екені айтылды. «Бұл бағдарлама қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған стратегиялық және тактикалық түп­кі мүдделерінен туған арман­дары еді. Алаш басшылары пат­ша өкіметінің отарлық сая­саты­ның құрсауында қазақ хал­қының толыққанды және прог­рессивті дамуына жол жоқ екенін ашық айтты», деді С.Қасымов. Одан әрі Алаш қайраткерлері ұлт-азат­тық күрес қарулы көтеріліспен нәтижелі болмайтынын ха­лық­қа ұғындырып, оны тек өрке­ниетті жолмен жүргізуге ша­қырғанын атады. Ал өркениетті жол – халыққа білім беру, саяси са­наны көтеру, ұлттық патриотизм рухын егу, ұлттық және сая­си құқын қорғауға үйрету екені тү­сіндірілген. «Өкінішке қарай, көптеген алаштанушымыз Мір­жақыптың «Оян, қазағын!» қа­рулы көтеріліске шақыру деп ұға­ды. Ақын бұл жерде сана­ның оянуына, қалғыған естің ұйқы­дан серпілуіне шақырған еді», деді ­баяндамашы.

Одан әрі алаш тұлғалары ха­лыққа белгілі «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналын ғана емес, көптеген аймақтық, өлкелік газеттер, жастар үнпарақтары мен журналдар шығарып, Қазақстанның отарлық езгіде екенін, одан құ­тылу үшін білім алу керегін, демо­кратиялық құндылықтарды тану­дың маңызын түрлі жолмен жеткізгені айтылды. Сонымен бір­ге халыққа ұлы Абайдың өсие­тін білуді, оның айтқан сындарынан қорытынды шығаруды, тәр­биесін бойға сіңіруді үйретті. Әлиханның, Ахметтің, Мағжан­ның, Міржақыптың, т.б. Абай туралы жазған мақалалары мен өлеңдері осыған куә. «Мемлекеттік комиссия мүшелері өздеріне дейін кешенді түрде емес, көбінесе Алаш тарихын біржақты ғана саралап келген зерттеушілердің еңбегін толықтырып, тұтастай зерделеп, Алаш көсемдерінің мемлекеттік санамен қолға алған ұлан-ғайыр істерін қазақ даласының қайта өрлеу дәуірі деп атасақ, дәл болады», деді С.Қасымов.

Осы қайта өрлеу кезеңінде Алаш қайраткерлері мемле­кеттік және саяси құрылымда бұрынғы, күні өткен, саяси, идео­логиялық жүйеден алғаш рет бас тартып, жаңа саяси мәдениеттің негізін қалады. Атап айтқанда, бү­кіл халық қолдаған өз заманының озық саяси партиясын құрды. Бұл партияның мұраты кез келген сая­си күштерден, соның ішінде ха­лықты алдау мен қара күшке ғана сү­йенген большевиктік партиядан әлдеқайда биік болды. Егер больше­виктер билікке жету жолында қарулы көтеріліске, төтенше және жазалаушы органдар­дың қа­ра күшіне сүйенбей, демо­кра­тиялық сайлау жолымен күрес­кен болса, Қазақстанда «Алаш» партиясынан жеңілген бо­лар еді деген қорытындыға мем­лекеттік комиссияның құра­мын­­да жұмыс істеген барлық сарап­­шы мен ғалым көз жет­кізгені айтылды.

Екіншіден, Алаш көшбас­шы­ларының бұл­тарт­пас дәлелінің ар­қасында Ленин бастаған өкімет Қазақ хал­қына тиесілі жерді то­лық қай­тарып, шекарасын мойын­дау­ға мәж­бүр болды. Қазір әлем­де 9-орын алатын территория­ны хал­қына қайтару – Алаш көш­басшыларының ғана еңбегі. Ал М.Жұ­мабай, Ә.Бөкейхан, бас­қа да зиялылардың қатысуы­мен жасалған «Ал­қа» бағдарламасы идеоло­гия, ғылым, мәдениет, шығарма­шы­лық салаларындағы барлық мемлекеттік саясатты дамыған демократиялық елдердің үлгі­сімен жасады. Әттең, соны Қазақ­стан тәуелсіздігін алғанда өкі­мет басындағылар ескермей, мем­лекеттік саясаттың бар­лық қырын большевиктік қағи­дат­ты басшылыққа алып жасап, ақырында елімізді саяси дағ­дарысқа соқтыра жаздады. Соның ішінде ең басты адасу – сайлау жүйесін дұрыс, демократиялық принципті ұстанған адал жолмен жүргізбей, тек биліктің айтқанына «ләббай, тақсырлап» тұратын бұрынғы кеңестік көнгіштер мен бас изеушілер отрядының парламентке өтуіне мүмкіншілік тудырды... Санада өзгерістер жасап, саяси отарсыздандыру, демократия­лық құрылым жасау жұмыста­рын қолға алмады. Тоталитар­лық жүйеден шыққан идеологтері­міз ұлттық жаңғыртуды мәдениет пен өнер саласында ғана болады деп ойласа керек, ақындар айты­сы сияқты өнерімізді ғана жаң­ғыртып, батырлар мен билер­дің, ақындар мен хандардың ме­рей­тойларын өткізумен, ескерт­кіштер тұрғызумен мәз болып, далақтап жүрді. Қоғам сондай жылтырақтарға алданып қалды, ал биліктегілерге соның өзі жайлы болды. Мемлекет құрылы­сын жаңалауды, тоталитарлық жү­­йеден арылтуды ешкім ойға ал­ғысы келмеді. Ең басты ұлт­тық идея жалпыұлттық демо­­кра­тиялық құндылықтарды орнату­­да екенін ешкім ескермей, жеке бас­қа табыну жолына түсірді. Оның ақыры неге соқтырғанын кө­зі­міз көрді. Президент Қ.Тоқаев­тың бастамасымен қолға алын­ған Әділетті Қазақстан идеясы­нан үлкен үміт күтеміз. Оның қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комис­сия құрғызғаны сол сананы отар­сыздандыру жолындағы ұлы мұ­рат­тың үлкен қадамы деп біле­міз. Бұл істе озық елдердің демо­кра­тиялық құрылысымен қа­тар Алаш­ қайраткерлігі үлгісін де алу керек.

Ал Алаш тұлғалары Қазақ­станда тұңғыш рет сайлаудың де­мо­кра­тиялық жолмен дауыс беру үлгі­­­сін жасап еді. Халықтың бас­тама­­шыл құқын іске асыруына мүмкін­­дік беретін азаматтық және сая­си инс­титуттарды құрды. Ұлт-азат­тық идеяларды бейбіт жолмен іске асыруды көздеген онда­ған қоғамдық ұйым, оның ішінде жас­тар одақтарын және баспасөз құралдарын ұйымдастырды. Отан­ды сүйіп, оған қызмет ету үлгі­лерін де көрсетіп, сонымен бір­ге ұлттық білім жүйесін, жаңа әліпби, қазақтың тіл білімін, ұлт­тық педагогика, сондай-ақ басқа тілдерден аударып, қазақ баласы­на ұғынықты тілмен математика, астрономия, химия, физика, геометрия пәндеріне оқулықтар жазды. Солардың бастамасымен театрлар, жоғары оқу орындары құрылды, қазақ сахнасына ла­йықты, әйел теңдігі сияқты іш­кі ұлттық қайшылықтарды әшке­релеген пьесалар мен драмалық шығармалар жазды.

«Алаш басшылары халықты таптарға бөлетін маркстік-лениндік доктринаға әу бастан қарсы болып, оның ғылыми негізі жоқтығын дәлелдеді. Ақыры олардың идеясы іске асып, тап қайшылығы деген нанымдар тарих сахнасынан кетті. Алаштың озық идеясын қазақтың Смағұл Сәдуақасұлы, Сұл­танбек Қожанұлы, Жалау Мыңбайұлы, Ыдырыс Мұстамбайұлы сияқты ке­йінгі прогрессивтік бағыттағы қай­рат­керлер де қолдап, халықты қыр­ғынға ұшыратқан «Кіші октябрь» саясатына қарсы шықты. «Осы­ның бәрін сарапқа сала ке­ліп, большевиктік қанқұйлы өкі­мет күш алғанға дейін Алаш қайрат­керлері өз елінде аз уақытта қайта өрлеу кезеңін жасап кеткеніне көзіңіз жетеді», деп қорытты өзінің сөзін Сабыр Қасымов.

 

Қызылжар өңіріндегі қайраткерлік

Конференцияда белгілі тележурналист Майя Бекбаева жуыр­да түсірген «Қазақстанның солтүс­тігі үшін талас» атты деректі фильм көрсетілді. Онда кейбір ресей­лік шовинистердің қазақ жеріне көз аларта сөйлеген пікірлеріне соққы берілгеніне, сонымен бірге алаштықтардың Аққусақ болысында он мыңдай адам қатысып, қазақ әскерін құру мәселесіне арналып, Міржақып Дулатұлының бастамасымен өткізілген үлкен жиын туралы айтылған. Ұзақ жылдар бойы қазаққа әскер неменеге керек еді, бос әурешілік деген сияқты кертартпа, мыс­қыл, әжуамен айтылатын әрекет те – дербес ел болудың, іргені бекітудің алғышарттарының бірі. Қазақ әскері патшаның большевиктерден қашқан қалың әскерінің немесе қаптап өткен қызылдардың сансыз әскерімен соғыспаса да, солардың арасынан шауып келіп, ауылдарды тонайтын, адамдарын ұрып-соғып, кейде тіпті өлтіріп ке­тетін ұры-қарыларына, сорақы сота­нақтарына қарсы қайрат көрсетпес пе еді? Бірақ сол айбынды әрекетті де қазақ қоғамы теріс бағалап келді. Ал аулында оқыған азаматтың бәрін бір өзі қарсы алып, күткен Әлти қажы­ның мырзалығын кейбір жазушы ағаларымыздан бастап бәріміз күлкі қылып келдік. Бұл істің зор маңызына қазір ғана лайықты баға беріліп келеді.

Өзінің сөзінде Міржақыптың жиені Ерлан Сатыбалдиев наға­шысына қатысты біршама қы­зықты дерек айтты. Соның ішін­де басқа көсемдердің бірі емес Аққусақ жиынына Міржа­қып­­тың бастап келген себебі оның Қызылжар өңірін жақсы білген­ді­гінен екен. «Ол Қызылжар қа­ла­сында бірнеше жыл бала оқыт­­қан, атақты «Оян, қазақты!», тіпті «Бақытсыз Жамал» романын да осында жазған. Сонымен бірге осы қалада Қошке Кемеңгер­ұлы, Салмақбай Күсемісов, Сабыр Шарипов сияқты прогрессивтік көз­қарастағы белсенді азаматтар­мен танысып, дос болған», деді ол.

Солтүстік Қазақстан мем­ле­­­­кеттік архивінің директоры, осы конференцияны ұйымдас­ты­рушылардың бірі Сәуле Мәлі­кова сөзінде қуғын-сүргін құр­бандарын ақтау жөніндегі Мем­лекеттік комиссияның облыс­тағы мүшелерінің атқарған жұ­мыстарына тоқталып өтті. «Жұ­мыс топтары ҰҚК, прокура­тура­ның құқықтық статистика бас­қар­масының, Полиция департаменті архивтерінде және облыстық мұражай мен оның 13 аудандық филиалында жұмыс істеу барысында көптеген дерек­ тауып, соның нәтижесінде Алаш қайраткері, дәрігер Жұмағали Тілеу­линнің өмірі мен қызметіне арналған жинақ, «Қызылжардың шерлі тарихы» атты үштомдық, «Насильственное переселе­ние народов в Северный Казахстан. 1936–1944 гг.» атты жинақ жа­рық көрді» деді ол. Сонымен қатар «Сол­түстік Қазақстан және Алаш» халықаралық ғылыми-прак­­­­­ти­ка­лық конференциясы­­ның мате­­риалдары, «Қазақстан­­ның солтүстік өңіріндегі Алаш ­қоз­ғалысы мұра­ғат деректерін­де», «Діни бір­лестіктер мен дінбасы­лар – саяси қуғын-сүргін құрбан­да­ры» атты жинақтар, т.б. дайындал­ғаны айтылды.

Профессор Аманжол Күзем­баев дидактикалық тарихи са­на­ны қалыптастыру сияқ­ты тео­­­рия­­лық мәселелерге тоқ­та­лып, оның бүгінгі табыста­ры туралы әңгімеледі. «Алаш» ғы­лыми-зерттеу орталығының ди­рек­то­ры Сұлтан-Хан Аққұлұлы «Алаш» авто­номиясының жа­рия­ланғаны шетелдерге де белгілі болғанын жеткізіп, қазір Алаш тари­хын Жапония сыртқы істер ми­нистр­лігінің мұрағатынан та­был­ған материалдардың негізінде Томохико Уяма мен жас ға­лым Рёсуке Оно деген жапон ға­лым­дары зерттеп жүргенін айтты. Ал профессор Зарқын Тай­шыбай Алаш қозғалысының бір ірі ор­та­лығы Қызылжарда болған­ды­ғын дәлелдеп берді.

Конференция жұмысына жергілікті билік тарапынан ішкі саясат басқармасы бас­шы­­сының орынбасары Кемел Оспанов сәттілік тілеп, облыс әкі­­мінің құттықтау хатын оқып бер­ді. «Мемлекет басшысы Бүкіл­халықтық құрылтай отырысын­да: «Алаш рухы мен Қазақ мемле­ке­ті бір-бірінен ажыратыл­май­ды, олар мәңгілік бірге», деп атап өткен болатын. Сондықтан Алаш қозғалысының тарихы бүкіл еліміз үшін маңызды. Саяси қуғын-сүргін халқымыздың басына қасірет төндірді, рухани тамырына балта шауып, мәдениетіне, сана-сезіміне ауыр соққы берді. Шерлі заманда басына бұлт үйірілген неміс, поляк, шешен, ингуш, корей, басқа да ұлыстар қазақ жеріне қуғынмен келді. Солтүстік Қазақстан облысына 130 мыңнан астам адам жер аударылды. Олар жергілікті халықпен сыйыспай, үнемі қақтығыса береді деген өкі­меттің арам пиғылы іске аспады. Қазақ халқы қолдарынан кел­генінше оларға жанашырлық жасап, қорған бола білді. Сол жылдары қоныс аударылғандардың ұрпақтары бүгінде егемен Қазақ­станды туған жері санап, еліміз­дің дамуына лайықты үлес қо­сып, өмір сүріп жатыр. Петропавл қала­сының орталығындағы, бұ­рынғы НКВД үйінің орнында Саяси қуғын-сүргін мен тотали­тар­лық режімнің құрбаны бол­ған­дарға арналған ескерткіш-қа­бырға орнатылған. Онда біздің облысымыздағы қазақ халқы мен барлық этнос өкілдерінің 8 мың­ға жуық қуғын-сүргінге ұшы­раған адамдарының есімі жа­зылған. Ескерткіш-қабырғаның тұр­ғызылуына ұйытқы болған ардақты ақсақалымыз, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, әкесі саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Болат Мағазұлы Сағындықов арамызда отыр», дегенде жиналған қауым қол соғып, қошемет көрсетті. Одан әрі Кемел Қарашаұлы Әлти қажының қыстауында 1918 жылы болған Алаш жиынының орнына стелла тұрғызылып, ескерткіш қабырға орнатылғаны және 105 жылдығы салтанатты жағдайда аталып өтіл­генін айтып, бұл іске қажының ұр­пағы, іскер азамат Нағашыбай Барлыбаев белсенді араласып, демеушілік жасағанын айтты.

«Жазықсыз жапа шеккен арыс­тары­мыздың бірі – ендігі жылы туғанына 125 жыл толатын Смағұл Сәдуақасұлы. Ол – Алаш қай­раткерлерінің идеясын жан-тәнімен қолдап, еліміздің іргелі ел болуына, ұлтымыздың ұлағатты халық болуына өлшеусіз еңбек сіңірген жан. Ердің есімін еліне қайтаруда белгілі ғалым, академик Дихан Қамзабекұлының, жерлесіміз Ерік Нұрақаевтың еңбегі зор болды», деді К.Оспанов.

Сөзінің соңында К.Оспанов Саяси қуғын-сүргін құрбанда­рын толық ақтау жөніндегі мемлекет­тік комис­сияның орталық және об­лыс­тық филиалы қатарында бел­сенді жұмыс істеген бір топ аза­мат­қа облыс әкімі Ғауез Нұрмұ­ха­ме­тов­тің атынан Алғысхаттар тап­сыр­ды. Марапатталғандар қата­рын­да Сабыр Қасымов, Сұлтан-Хан Аққұлұлы, Зарқын Тайшыбай, Сәуле Мәлікова, Людмила Гри­венная, Нұрболат Әбуов, Зәуре Қар­това, т.б. болды.

Конференцияда айтылған пі­кірлер мен ұсыныстар, жасалған баяндамалар жеке жинақ болып жарияланады. Айта кететін жайт, конференция басталмай тұрып Солтүстік Қазақстан архивінің қорындағы материалдарға бай көрме ұйымдастырылып, келген қонақтар мен қатысушыларға мол дерек ұсынылды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы