Айтып отырғанымыз, әзербайжан әдебиетінің көзі тірі классигі Анар Рзаев. Ал Қорқыт ата Байқалдан Балқанға дейінгі байтақ даланы мекендеген байырғы түрік жұртының бәріне ортақ орасан зор мифтік, а бәлкім тарихи тұлға. Қазақтың ұлағат ұялаған ұғымында ол қара қобызын күңіренткен құдіретті күйші. Ақыл-парасатымен айналасын аузына қаратқан ақ сақалды абыз. Халқының арғы-бергі шежіресін шешен тілмен толғайтын, алдағыны айна-қатесіз болжайтын әулие. Әйтсе де әр қадамын аңдыған Әзірейіл-ажалдың құрығынан қанша қашса да құтыла алмаған екі аяқты, ет жүректі пенде екені тағы анық. Дәм-тұзы таусылған Дәдеміздің жаны киелі Тұран топырағында, жайылып аққан Сырдарияның жағасында жай тапқан көрінеді. Қармақшы жеріндегі кесенесі келімді-кетімді зиярат етушілерден арылған емес.
Анау жылы Астанада өткен Азия жазушыларының бірінші форумына қатысқан Анар ағамен емен-жарқын сұхбат құрып, көкейдегі көп сауалымызға жауап алған едік. Сонда оның тым түрікшіл ұстанымың түп-төркінін түсінгендей болдық. Қазір қанатын кеңге керген халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бастауында тұрғандардың қатарынан табылғанын білдік.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген емес пе бұрынғылар. Әнекеңнің әкесі Расул да, анасы Нигяр да атақ-даңқтары Қап тауынан асып, кең-байтақ Кеңес одағына танылған ақындар-тұғын. Таланттары тас жарған талай қаламгер осылардың шаңырағынан табылатын. Сырласу кештерінде кейде ұлт тағдырына байланысты оқшау ой-пікірлер айтылып қалатын. Соларды санасына сіңіріп өскен өрелі өрен ерте оянды. Әсіресе Әзиз Несин, Назым Хикмет секілді Түркия тарландарының тарихтан тамыр тартқан әңгімелерін құмарта тыңдайтын. Оң-солын танып үлгерген он төрт жасында атақты «Қорқыт ата» дастанын оқып тауысты. Жан дүниесі төңкеріліп түскенін сезді. Есейген шағында шабыты шалқып еріксіз қаламға қол созды.
Оғыздардың ең үлкен рухани мұрасы саналатын «Китаби дедем Коркуд» күндіз ойынан, түнде түсінен шықпады. Содан басқа дүниелердің барлығын ысырып қойып аты аңызға айналған ардақты бабасы туралы туынды жазуға кірісті. Онысы «Книга моего деда Коркута» деген хикаятқа айналып, Мәскеуде жарық көрді. Осы шығармасының желісімен «Сөнген оттың сәулесі» атты екі сериялы көркем фильм түсірілді.
Айтпақшы, Астанадағы алқалы жиынның биік мінберінен сөйлеген Анардың мына бір сөздері елең еткізгені есте. «Төрткүл дүниенің төрінен орын алатын түрік тектілер адамзат өркениетіне қомақты үлесін қосқан небір дүлдүлдердің тұсауын кесті. Бірақ Шекспирмен шендесетін драматургтеріміз, Сервантес, Толстой, Достоевский, Бальзак сияқы романистеріміз жоқтығын мойындауға тиіспіз. Есесіне еуропалықтардың бірде-бір жыры өзінің поэтикалық қуаты мен көлемі жағынан біздің «Қорқыт» пен «Манастың» қолына су құюға жарамайды!» деп туысқан әзерилердің әспетті ұлы залдағы әріптестеріне қасқая қарағанда, көзіқарақты көпшіліктің көңілі бір көншігені даусыз.
Сонымен қойшы, Анардың «Қорқыт атасын» қолға алдық. Бұл шығармасында автор бағзыдан жеткен баба жырдың белгілі сюжеттерін сақтай отырып, он екі тарау оқиғаларының басын біріктіріп өзінше өрнектегенін байқадық. Әрине, «Қорқыт ата кітабы» – әйдік әлем Отанды сүюге үндейтін ода. Шеберліктен туған шедевр. Сондықтан соқталы еңбектің елеулі тұстары болмаса, тегіс қамтуға повестің көлемі көтермейтіні түсінікті.
Гомердің «Одиссеиін» он орайтын оғыздардың бұл эпосы тақырыптық тұрғыдан бір-бірінен бөлек он екі тараудан тұратыны әмбеге аян. Бәрінің басты кейіпкері даланың дана қарты Қорқыт. Жауһар жырда оғыз түріктерінің ерлік пен өрлікке толы өмірі, әдет-ғұрыптары, батырлар бәсекесі, үйлену салты, тағысын тағылар тамаша суреттеледі. Ең бастысы, ағайынның арадан қыл өтпес тату-тәтті тірлігі дәріптеледі. Тек, бір тарауында ғана билікке таласқан таққұмар бектердің аяр қылықтары айыпталады.
Ерек эпопеяның түпнұсқасынан ептеп ауытқыған жазбагер шығармасына біраз бейнені сырттан енгізіпті. Повестің басты мұраты – ойды, қырды жайлаған оғыз баласының бейбіт аспан астында бесік тербеткісі келетінін, көрші тайпалармен атысып-шабыспай, тыныш тұруды қалайтынын көрсету.
Жазушы шығармасын әйгілі жырдағыдан басқаша бастайды. Көненің көзіндей көгілдір таулар баурайындағы сойқан соғыста ағасы інісін, әкесі баласын өлтірген зұлмат болып жатыр. Бұл қайғы бұлты оғыздардың басына қалай үйірілді. Мұның мұңға толы себебін Қорқыт қана біледі. Ендеше, ақиқатын сол айтуға тиіс. Бірақ Қорқыт қобызына қол созбайды. Жұмған аузын ашпайды. Оның орнына қайқы қылыштар қаржасты, жебелер желдей ысқырды, иесіз жылқылар кісінеді. Данагөй Дәде жауласушы жақтардан қызыл қырғынды тоқтатуды сұрайды. Кеуделері кекке, көздері қанға толған есерлер ешнәрсені естуден қалғандай есті сөзді құлақтарына қыстырмайды. Ақыры айқас алаңында тірі жан қалмайды.
Бұрын-соңды болмаған мұндай сұмдықтан жүрегі суыған Қорқыт бейбақ басы ауған жаққа безе жөнеледі. Қайда барса да жолай өзінің көрін қазып жатқан біреулерді кездестіріп, одан сайын үрейі ұшады. Міне, осы аңызды Анар қазақтардан алғанға ұқсайды. Өйткені ежелден жеткен ескі жырда бұл оқиға баяндалмайды. Қазекең тұйыққа тірелгенде жиі қолданатын «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дейтін қорқыныштылау сөз тіркесі содан қалса керек.
Кітаптың соңына қарай өнегелі өсиеттей айтылатын Қорқыт сөзі бүгінгі ұрпақтарына арналғандай естіледі.
– Азер ұлым, есіңде ұста: туған жер тұғырыңа, отаның құтты ордаңа айналуы үшін екі-ақ нәрсе істеу керек. Біріншісі, кіндік қаның тамған топыраққа егін сал, астық ор. Екіншісі, отаныңды сыртқы жаудан қорғай біл. Қорғай алмасаң атамекеніңе дән себудің қажеті жоқ, өйткені өсірген жемісіңді дұшпандарың жейді.
Әне, мәселе қайда жатыр. Қорқыт атаның аузымен айтылған Анар сөзі оқырманды терең ойға батырады. Отан үшін отқа түсуден тайынбауды ұқтырады ұлтжанды ұл-қыздарымызға. Шынында да, қай халықтың болсын басты мақсаты – алаңсыз өмір сүрер ақарлы-шақарлы ел атану.
Иә, Қорқыт ата асқар шың басында тұрып берген батасындағыдай, қойнауы құт жеріміз жеміске толсын! Көлеңкелі көк дарақтарымыздың тамыры солмасын! Буырқанған бұлақтарымыздың көзі бітелмесін! Үкілеген үмітіміз үзілмесін! Қырандарымыздың қанаты қайырылмасын! Қазанымыз оттан түспесін!
Анардың Қорқыт атасының ақ тілегі қабыл болғай.
Әумин!