23 сәуірде Мәскеуде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Отырысқа қатысушылар Еуразиялық экономикалық одақтың тиімді қызметін және одан әрі дамуын қамтамасыз етуге бағытталған неғұрлым көкейкесті мәселелерді қарап, қорытындысы бойынша үстіміздегі жылғы 8 мамырға жоспарланған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысының күн тәртібін дайындады.
Кеңес отырысының күн тәртібіндегі негізгі мәселе Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа қосылу шарты туралы хаттама жобасын дайындау болды. Өзара тиімді шешімдерге қол жеткізіліп, оның қорытындысы бойынша тиісті хаттамалар жобасы алда тұрған Жоғары кеңес отырысында қол қою үшін дайындалды. Қырғыз Республикасының ЕАЭО-ға қосылуы шеңберінде Жоғары кеңес отырысында қырғыздар тарапынан Комиссияға жаңа алқа мүшелерін қабылдау жоспарланып отыр.
ЕЭК Кеңесінің отырысы барысында Қазақстан тарапынан Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуына жан-жақты қолдау көрсетілетіні атап өтілді. Ортақ экономикалық кеңістікті ұлғайтудың сыртында ол интеграциялық бірлестіктің тартымдылығын, орталықазиялық өңір мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз етеді.
ЕАЭО-ның интеграциялық әлеуетін жүзеге асыру және мүше мемлекеттердің бәсекелестік артықшылықтарын дамыту мақсатында ЕАЭО елдерінің болашақтағы экономикалық дамуының негізгі бағыттары талқыланды. Ол қазіргі экономикалық жағдайларда ЕАЭО-ға мүше әр мемлекетке қосымша экономикалық тиімділік алу үшін жаңа серпін береді.
Сол сияқты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің дағдарысқа қарсы бағытқа ие негізгі макроэкономикалық бағдарлары да талқыланды. Бұл құжат әлемдік экономикада, сондай-ақ, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экономикаларында да байқалып отырған дағдарыс көріністерін ескере отырып қалыптастырылады. Ол мүше мемлекеттердің макроэкономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуді, интеграциялық үдеріске қатысушы мемлекеттердің экономикалық өсімін қалпына келтіру үшін жағдайлар жасауды көздейді.
ЕАЭО-ның ортақ электр-энергетикалық рыногын қалыптастыру тұжырымдамасы қолдау тапты. Бұл тұжырымдаманы бекіту 2019 жылы құрылатын ЕАЭО-ның ортақ электр-энергетикалық рыногын құруға кірісу үшін жағдай жасайды. Ол болашақта мемлекеттердің электр-энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етпек. Қазақстан үшін ол сондай-ақ, саланың экспорттық әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігін береді.
ЕЭК Кеңесінің отырысы шеңберінде болашақтағы негізгі мақсаты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер тасымалдаушыларының Одақ ішіндегі қызмет көрсетулерге қолжетімділігін жеңілдету болып табылатын Автомобильмен жүк тасымалдауды сатылап бейтараптандыру бағдарламасы қолдау тапты. Ол бизнес үшін көлік шығындарын төмендетуге жағдай жасайды. Қазақстан бұл бағдарламаға 2025 жылдан бастап қосылады деп күтіліп отыр.
Бүтіндей алғанда, талқылау қорытындылары нәтижесінде ықпалдастықтың шешуші аспектілері бойынша өзара тиімді уағдаластықтарға қол жеткізілді.