• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2015

Руханиятқа қосылған үлес

348 рет
көрсетілді

Бүкіл саналы ғұмырын қазақ тіл білімі ғылымының өркендеп-өсуіне, ұлылар салған жолдың өрісін кеңейтіп, діттеген жерге жеткізуге, бұлаң бұлтарысы көп қилы кезеңдерде шаң түскен тұстарын тазартуға арнаған академик Өмірзақ Айтбайұлының бес томдық кітабы таяуда жарық көрді. Оның бірінші кітабы қазақ тіл білімінің терминологиясы мәсе­лелеріне арналыпты. Ана тілі лексикасының ең күрделі де бай саласы терминологияның арғы-бергі тарихын саралап, даму жолдарын тиянақтаған іргелі еңбектің қай тарауын алсаң да термин мәселесіне тегеурінді талдаулар жасалған. Бас­тау басында тұрған Ахмет Байтұр­сынұлының бұл саладағы ерек­ше еңбегіне тоқтала келіп, терминжасам тәжірибесі, тіл біліміне қосқан жаңа терминдері туралы баяндайды. Шынында, ұлт ұстазының дыбыс жүйесі, сөз жүйесі, сөйлем жүйесі жөніндегі еңбектердің авторы екенін біз кейін білдік. Осыған қарап қазақ тіл білімі ғылымының іргетасы ертеде қаланғанына ай­қын көз жеткізесің. Бұл томда сонымен қатар, термин жасау жолында еңбек еткен айтулы оқы­мыстыларымыз Құдайберген Жұба­новтан бас­тап, қазақ тілінің сөз бай­лығын арт­тыруға ерекше үлес қосқан Ісләм Жа­рылғаповқа дейінгі айтуларымыз­ды тілге тиек етіпті. Екінші том қазақ фразео­ло­гизм­дері мен перифраздарына ар­налыпты. Мұнда аталмыш атаулардың қазақ тіліндегі түрлерін, аудармадағы жай-күйін, қолданыс аясы нақты мысал, дәйектермен, әсіресе, ұлтымыздың ұлағатты ұғым­­дарымен, ақын-жазушылардың келісті шығармаларындағы сөз жасалымдарымен тереңдете талдайды. Үшінші том «Тілтірес» деп аталады. Мұнда мемлекеттік мәртебеге ие болған тіліміздің арғы-бергі кезеңдері сөз болып, қоғамдағы тіл мәселесі тереңнен қозғалған. Тәрбие ісіндегі тілдің атқарар рөлі де назардан тыс қалмаған. Мемлекеттік тілді дамыту жолындағы тың ізденістер, Ата Заңымыз бен тіл туралы құжаттардағы байлам-пайымдар, кезең-кезеңге орайластырылып қабылданған бағдарламалар сөз болады. Сонымен қатар, мемлекеттік мәртебеге ие, қазақ тілінің ғылы­ми келбеті де жан-жақты ой еле­гінен өткізіледі. Төртінші том «Тіл­ғұмыр» деп аталады. Мұндай қазақ тілінің көшбасында тұрған Ахмет Байтұрсынұлы, Құдайберген Жұбанов, Ісмет Кеңесбаев, Нығмет Сауранбаев, Мәулен Балақаев, Ә.Қайдар, өзге де оқымыстылар туралы ой тербесе, екінші бө­лім­де тіл жанашырлары жайлы тұ­жырымдарын ортаға салады. Академиктің бес том кітабының қайсысын алып қарасаң да қазақ тілінің қалыптасу кезеңдері, сан салалы құнары, бүгінгі тірлік-тынысы, кей тұстағы әттеген-айлары – бәрі де көңіл көрігінде қорғасындай қорытылып, ой өлшемінде таразыланады. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».