Елімізде бала сүюді аңсап жүрген ерлі-зайыптылардың статистикасын ескерген қауым, экстракорпоральды ұрықтандыруға (ЭКҰ) бөлінетін квота көлемін арттыру туралы ұсынысты бірнеше жыл айтып келді. Дәрігерлердің, әсіресе ЭКҰ-ға мұқтаж отбасылардың сұранысы бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылдан бастап жасанды ұрықтандыруға бөлінетін квота саны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейді.
Балалы болуды жылдар бойы күткен отбасылар дәрігерден-дәрігерге қаралудан қашпайды. Біріне-бірі тіреу болған ерлі-зайыптылар үмітін үзбей, тіпті дәстүрлі емес ем-домға да жүгініп, әулиелі жерлерді де аралап жататыны бар. Бірақ денсаулықтағы кінәратқа бетпе-бет келіп, ем-шараларға кірісуді ойластырып жүргенде уақыт та бір орында тұрмайды ғой. Бес-он жыл дегеніңіз де сусып өте шығады. «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы арқылы баласын бауырына басқан отбасылардың айтатыны да «бағдарламаға ертерек қатысқанда болар еді» деген өкінішпен емес, тілекпен үндеседі. ЭКҰ-ға арнайы квота бөлуді мемлекет 2010 жылдан қолға алып, сол кезде небәрі 100 ғана квота бөлінген. Ал қазір бағдарлама арқылы сәбилі болғандар квота санын 7 мыңнан асырса, баласын құшағына басқан ата-аналар көбейсе деген өтініш-тілегін айтудан жалықпайды. Бұл бағдарламаның әуелдегі мақсаты – қосалқы репродуктивті технологиялардың көмегімен отбасылық-демографиялық мәселелерді шешуге жәрдемдесу болса, бүгінгі күні де бағдарлама бағытынан айныған жоқ. Бірер күн бұрын Балаларды қорғаудың халықаралық күні қарсаңында өткен фестивальда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова аталған бағдарламаның нәтижелі іске асып келе жатқанын айтып, дәрігерлерге табыс тілеген еді.
«Әрбір ата-ана үшін перзентін бауырына басу ең үлкен бақыт деп білемін. Еліміз егемендік алған жылдан беріге дейін 30 мыңнан астам сәби осы экотәсіл арқылы дүниеге келді. Бұрындары осы әдіске жүгінуді көздеген отбасылар 5-10 жылдап кезек күтетін. Өзіміз де өңірде жұмыс істегенде осыны көрдік, білдік. 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен квота саны 7 есе көбейгенін білесіздер. Осының есесіне кейінгі үш жылдың ішінде 7 мыңнан астам сәби дүние есігін ашты. Отбасылардың үмітін оятып, осы жолда еңбектеніп жүрген медицина мамандарына алғыс айтқым келеді. Мемлекеттің ертеңі – бүгінгі бүлдіршіндер. Осы балапандарымыз есейіп, елдің тұтқасын ұстар азамат болсын», деп тілегін білдірген еді А.Әлназарова.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы іске асқалы бері 21 мың әйелге көмек көрсетілген. Квота алған 8 мың әйел ЭКҰ арқылы бала көтерген. Биыл 4 айдың ішінде мың жарым әйелге жасанды ұрықтандыру жасалған. Осыған қарамастан Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған дерек бойынша, әлі 28 мыңға жуық әйел бала сүю бақытына ие бола алмай жүр. Бүгінде елде жасанды ұрықтандырумен айналысатын 31 орталық бар болса, оның 19-ы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландырылады екен. Бұл ЭКО-ға жүгінуді ойластырып жүргендер үшін өте тиімді. Бұрынғыдай квотаны жылдап күтпейді. Демек бағдарламаға МӘМС-тің қосып отырған үлесі қомақты деп айтуға негіз бар. Қорға аударылған қаржы қайда жұмсалады дегенге тағы бір жауап – осы. Биология ғылымының докторы, репродуктолог-эмбриолог, «Экомед» клиникалар желісінің ғылыми директоры Салтанат Байқошқарованың айтуынша, жақында тағы бір клиниканы ЭКҰ лабораториямен жабдықтау жоспарланған.
– «Экомед» орталығы «Аңсаған сəби» квотасы бойынша үш жылда жалпы саны 6 554 квотаны игерді. 3 540 (54%) пациент жүктілік бойынша есепке тұрды. 2 487 (38%) сəби дүниеге келді. Бүгінде «Экомед» клиникаларының төртеуі осы «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатысады. Бөлінген квота бойынша жақсы нəтиже көрсеткен орталықтардың көшбасында «Экомед Астана» ұжымы тұр. «Экомед Астана» орталығы жалпы саны 2 525 квотаны игеріп, 1 479 (57%) келіншекті жүктілік бойынша есепке алды. Мұнда 1 063 (42%) cəби дүниеге келді. Осы үш жылда әріптестеріміз толымды еңбек етті. Біз көп ұзамай алтыншы клиниканы ЭКҰ лабораториямен жабдықтауды ойластырып отырмыз. Ақтөбе облысының тұрғындарына Астанаға келмей-ақ бағдарламаға қатысуға мүмкіндік жасасақ деген ниеттеміз, – дейді С. Байқошқарова сөзін түйіндеп.
Салтанат Байқошқарова айтқандай, бағдарлама аясында «Экомед Астана» клиникасына квота арқылы жүгініп, көмек алғандар көп. Солардың ішінде Көкшетаудың тумасы Арман Оспанов пен жары Мира бар.
– «Аңсаған сәби» бағдарламасына алғыс айтқымыз келеді. Бағдарлама әрі қарай жалғасып, квота көбірек бөлінсе деген тілегіміз де бар. Біз 2011 жылы отау құрып, осы күнге дейін бала сүйе алмадық. Бармаған жеріміз қалмады. Сосын өңірден жолдамамен осында келдік. «Экомед Астана» клиникасының медициналық директоры Алмаз Құрманәліұлына жолықтық. Ол ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар сілтеді. Содан баламыз дүниеге келгенде сенер-сенбесімізді білмей, тосылып қалдық. Қазір баламыз Салахаддин бір жастан асып барады. 11 жылдағы уайымның барлығы бір сәтте ұмытылғандай болды. Түсінгеніміз, әуелі сенім керек екен. Жасымау қажет. Ер адам төзімді келеді ғой, сондықтан әйелге барынша қолдау көрсету керек дер едім. Отбасында бала жоқ деп әйелді ғана кінәлауға болмайды, – дейді А. Оспанов.
Астана қаласының тұрғыны Жанна да бағдарламаға қатысып, үміт еткен баласын бауырына басып отырған жайы бар.
–Біз бірнеше мәрте ЭКҰ-ға жүгініп, бесінші мүмкіндікте бала сүйдік. Жолдасыммен 2014 жылы отау құрдық. Тоғыз жыл күтіп, былтыр ұлымыз дүниеге келді. Өзім қазір 36 жастамын. Баламыздың аты – Ибрагим. Балалы болуды аңсап жүрген отбасыларға үміт үзбеу қажет. Дәрігер берген нұсқауды орындап, мойымай, ілгері жылжи беру керек. Бұйыртып жатса, Ибрагимге серік болар іні-қарындас дүниеге әкелу ойда бар. Сол ниетімізге жетсек деп армандаймыз, – дейді қала тұрғыны.
Астана қаласының тағы бір тұрғыны Динара Қайратқызы «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында көз қуанышы, қызы Зерені құшағына алған.
–Жолдасыммен 2012 жылы желтоқсанда отбасын құрдық. Шүкір, «Аңсаған сәби» бағдарламасымен квота алып, қызымыз дүниеге келді. Алғашында бағдарламаға қатысу қалай болар екен деп жүрексінгеніміз рас. Қорқақтадық. Тәубе, 2022 жылдың қаңтарында кезекке тұрып, сол жылы мамырда кезегіміз келді. Бар болғаны төрт ай күттіппіз. Осы күнге дейін бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады десек болады. Дәрігерлерге де қаралдық, қазақы жоралғыларға да жүгіндік. Қолдан келген ем-шараның барлығын жасадық. Иә, бұл әдіспен екінші мәрте де босануға болады екен. Бұйырса, ол жағын әлі көре жатармыз, – деді Динара.
Қала тұрғыны Дәметкен болса, екінші баласын ЭКҰ-ның көмегімен дүниеге әкеліпті. Батыл ананың үлкен қызы қазір 18 жаста болса, екінші ұлы 6 айдан жаңа асыпты. Байқасаңыздар, «Аңсаған сәби» бағдарламасына квота көбейгелі дүниеге келген сәбилер де көбейді. Бір ғана бағдарлама елдегі демографиялық ахуалға, сан-қилы тағдырға әсер етіп, көптеген отбасының үмітін жақты.
Қорыта келе бала сүюді армандап жүрген отбасыларға ЭКҰ-ға қалай жүгінуге болатыны туралы аз-кем ақпарат беруді жөн көрдік. Балалы бола алмай жүрген келіншектер әуелі емханаға есепке тұрып, Жанұяны жоспарлау орталығынан толық тексеруден өтуі қажет. Соның нәтижесі бойынша «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатыса алады. Негізі бұл ем-шара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған елдегі ерлі-зайыптылардың қатысуға мүмкіндігі бар.