Ермексаздан ерекше кейіпкерлер жасап, оларға монтаждың құдіретімен жан бітіретін өнерді «Stop Motion» дейді. Атауы сіз бен бізге таңсық өнер қажырлы еңбекті қажет етеді. Мәселен, бір секундтық қозғалыс үшін жиырма төрт кадр жасалады. Бірақ «Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» деген. Оған дәлел – 9-сынып оқушысы Әмин Ораз.
Өзі сценарий авторы, өзі мүсінші һәм оператор Әминнің бұл салаға әуестігі ерекше. Сегіз жасынан бастап ермексазды ермек еткен дара дарынның қазір елуден астам мультипликациялық шығармасы бар. Оның «Тұзақ», «Шапалақ шоу», «Кім сатқын?» секілді туындылары көрерменнің ерекше ықыласын оятты. Әминнің айтуынша, «Stop Motion» – шыдам мен байқампаздықты талап ететін өнер. Мәселен, 15 яки 20 секундтық анимацияға шамамен бір аптадай уақыт кетеді. Әр кадрды тоқтатып, әр қимылды суретке түсіріп мультфильм құрастыру – расында оңай шаруа емес.
«Мен бұрын «Дисней» шығармаларын көріп отырып, осындай туынды жасайтын студиям болса деп армандайтынмын. Ол арман қазір мақсатқа айналды. Қазақ мультипликациясын дамытып, тәжірибелі аниматор болғым келеді. Ол күннің де ауылы алыс емес шығар. «Stop Motion»-ға әуестігім сурет салудан басталған еді. Жалпы, сурет сала алмаған адамның аниматор болуы екіталай. Кейін дәптеріме бірнеше эскиз сызып, соларды суретке түсіріп, монтаждап, кейіпкерлеріме жан бітірдім. Осылайша, менің алғашқы «Доп», «Эверест», «Теннис», «Агент» секілді тырнақалды туындыларым жарыққа шықты», дейді ол.
Жас та болса еліміздегі жаңа жанрды жалпақ жұртқа жариялап, әрі қызық, әрі қиын өнерге бет бұрған Әмин Оразға қазақ мультфильмінің атасы Әмен Қайдаровтың жолын берсін дейміз.