Әулиеатада Мемлекеттік рәміздер күні «Туған жерім – Қазақстаным!» тақырыбында патриоттар форумы ұйымдастырылды. Қала тұрғындары, жергілікті атқамінер азаматтар қатысқан форумда Мемлекеттік гимн шырқалып, елдігіміздің айнасы – көк байрақ көкте желбіреді.
Елдігіміздің басты нышанына айналған Мемлекеттік рәміздер күніне орайластырылған іс-шарада өңір басшысы Ербол Қарашөкеев сөз алып, жамбылдық әлеуметті құттықтады.
«Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің біртұтастығын бейнелейтін басты мақтанышымыз. Азаттық жылдарында еліміздің бойтұмарына айналған рәміздерді қадірлеу, құрметтеу – жастың да, жасамыстың да қасиетті борышы.
Рәміздеріміз арқылы біз татулық туын бәрінен биік қойған ел екенімізді төрткүл дүниеге дәлелдеп жүрміз. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын патриоттар форумы биыл қасиет дарып, құт қонған Жамбыл облысының 85 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Өңірімізде ұйымдастырылған іс-шара облысымыздағы татулық пен тұрақтылықты, бірлігімізді әрмен қарай нығайта беретініне сенім мол. Тәуелсіздігіміз мәңгілік баянды, Мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі әрқашан асқақ болсын», деді Е.Қарашөкеев.
Іс-шара барысында өңірде патриотизмді нығайтуға, облыстың қоғамдық-саяси өмірінің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтар мен бейбіт күннің батырлары атанған тұрғындар өңір басшысының қолынан Құрмет грамотасы мен Алғысхат алды.
Форум аясында ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға белсене қатысқан Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары рухты оятатын патриоттық әндерді шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Рәміздер күніне орай өңірдің барлық ауданында түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді.
Тараз