• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 06 Маусым, 2024

Алаяқтықты тыюдың тиімді жолы – ақпараттық сауат

93 рет
көрсетілді

Астана – еліміздегі ішкі көші-қон үдерісінің орталығы әрі басты тартылыс күші. Ұлан-ғайыр Отанымызды былай қойғанда, мұнда алыс-жақын шетелден де ағыл­ған халық көп. Елордамызды айнала қоршап тұрған Целиноград ауданы бұл үдерістен тыс емес. Өйт­кені халқының басым бөлігінің тыныс-тіршілігі Астана­­мен тығыз байланысты. Соған орай криминогендік ­ахуалы да жіті қадағалауды талап ететіндіктен, аудан­дық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Қанат БИТАҚОВТЫ әңгімеге тартып, бірқатар сұрақ қойдық.

– Қанат Ағзамұлы, қазіргі таң­да аудандағы криминогендік ахуал қа­лай? Қылмыспен күресте жетіс­тік­тері­ңіз бар ма?

– Ауданымызда криминогендік ахуал тұрақты. Оған биыл барлық қылмыс түрінің 25 пайызға тө­мендегені нақ­ты дәлел. Жергілікті полиция қызметі бөлімінің қыз­меткерлері жергілікті атқарушы ор­гандармен және қоғаммен бір­лесіп әкімшілік учаскелерде құ­қықбұзушылықтардың алдын алу үшін күн­делікті негізде кешенді жұ­мыс жүр­гізіп келеді. Ішкі істер ми­нистр­лігінің «2024–2026 жылдарға арналған азамат­тардың мүліктерін қорғау» жоспарын іске асыру аясында аудан көлемінде 150-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Соның арқасында қоғамдық орындарда жасалатын әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар едәуір азайды.

– Дегенмен ауданда негізінен қан­дай қылмыс түрі көбірек тір­ке­леді?

– Целиноград ауданы аумағын­да Ақмол, Қараөткел, Қоянды, Та­лап­кер, Қызылсуат секілді бес ірі елді ме­кен бар. Мұнда кө­бі­не ұрлық, тонау жиі тіркеледі. Негізінен салынып біт­­пе­ген, қараусыз қалдырылған, қор­­шал­маған, бейнебақылау камералары ор­натылмаған, «Көршілер бақылауы» тәжірибесі ескерілмеген үйлерге ұры-қары түсіп жатады. Сондықтан тәр­тіп сақшылары күн сайын ұрлыққа жол бермеу, көшеде, қоғамдық орындар­да құқықтық тәртіпті талапқа сай сақ­тау, қылмыстың алдын алу мен жолын кесу, есепте тұрған адамдар тарапынан қылмыстық істердің қайталануын болдырмау, азаматтармен тығыз сенімді қарым-қатынас орнату, жолда көлік апаттарының орын алуына жол бермеу, жүргізушілер тарапынан ереже сақтау секілді алдын алу жұмыстарын жүр­гізіп келеді. Сонымен бірге жуырда, яғни 21–31 мамыр аралығында аудан көлемін­де жол қозғалысы қауіпсіздігінің онкүндігі өтті. Біз жолдың қарсы жолағына шығып кету, көлікті мас күйде басқару секілді апатқа себепші болатын жағдайлардың жолын кесу мақсатында шаралар қабылдадық.

Ал адам өлтіру, зорлау, адам өлі­міне алып келетін жол-көлік оқиғалары секіл­ді ауыр және аса ауыр қылмыстар өте аз тіркеледі. Олар да бір­тіндеп азайып келеді.

– Сондай ауыр қыл­мыстар­дың бірі – қазір қоғамда көп көтері­ліп жүр­ген тұр­мыстық зорлық-зомбылық. Заң­сыз­дықтың бұл түрімен күрес нәти­жесін беріп жатыр ма?

– Биыл заңнамаға өзгерістер енгі­зіл­гелі бері тұрмыстық зорлық-зом­былық оқиғалары азайды. Біздің по­­ли­ция қызметкерлеріміз жаңаша тәр­тіп­пен жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір жәбір­ле­нуші тарапынан арыз жазылмаса да, оқиға туралы қоңы­рау түскеннен кейін бірден істі қозғап, тіркеп, сот­қа жібереміз. Соң­­ғы шешімді солар қабыл­дайды. Бұдан былай екі жақтың келі­сі­мімен бір рет кешірім беріледі. Қай­та­ланса, міндетті түрде 20–25 тәулікке қамалады.

– Астанаға келімді-кетімді адам да, көшіп келушілер да көп. Олар­­­дың бір бөлігі қалаға іргелес елді мекендерге тұрақтайтыны белгілі. Қазіргі күні ауданда қанша шетелдік тіркелген?

– Бүгінгі таңда Целиноград ауданында 578 тұрақты тұратын шетел­дік бар, Сонымен бірге азаматтығы жоқ – 24, маусымдық жұмысқа уақытша кел­ген 1713 адам тіркелген. Көші-қон қыз­меткерлері олардың уақыт­ша және тұрақты тіркелген мекенжайларына ба­рып, бақылау жүргізіп отырады. Кө­ші-қон заңнамасы талаптарын сақ­тау туралы түсіндірме жұмыстары жүр­гізіледі. Елде болу тәртібін бұзған ше­тел­діктерді, сонымен бірге шетелдік жұ­мыс күшін тарту ережелерін бұзған жұ­мыс берушілерді анықтау шаралары да ұйым­дастырылған. Аудан көле­мінде заңсыз көші-қонның жолын кесу мақ­сатында «Мигрант» және «Заңсыз келуші» жедел алдын алу іс-шаралары өткізіліп тұрады.

– Қазір қоғамда көп көтеріліп жүр­ген қылмыстардың тағы бірі – интернеттегі алаяқтық. Оларға алданып қа­лып жатқандар көп пе?

– Қазір елімізде банк қызметкері болып қоңырау шалу жағдайлары көбе­йіп тұрғаны белгілі. Біздің аудан да бұдан тыс емес. Дәл қазіргі таңда бізде осын­дай 13 қылмыс ашылмай тұр. ­Мә­селен, алаяқтар адамдарға хабарласып, қашықтықтан басқаруға арналған AnyDesk, TeamViewer, HopToDesk секілді қосым­шаларды орнатуды сұрайды. Содан кейін айдалада отырып олар­дың онлайн-шоттарына кіріп қаржыла­рын жымқырып кетеді. Пайдакүнемдер көбінесе OLX, «Kolesa», «Krisha.kz» се­кілді танымал сайттарға төмен бағада хабарландырулар орналастыру арқылы адамдарды қызықтырып, өздеріне тартады.

Шынайы өмірде жасалған қыл­­мыс­тарға қарағанда «онлайн» әлем­дегі алаяқ­тық құқықбұзушы­лық­та­рын ашуда бірқатар қиындыққа жо­лығатыны­мыз рас. Бұл – ақпараттық технология­ларды қолдану арқылы жасалатын спе­цификалық қылмыс түрі. Оның үстіне көбін негізінен шетелде отырған адамдар жасайды. Сондықтан біз шетелден қоңырау шалған алаяқты анықтаған­нан кейін сол елге сұрау саламыз. Алай­да заң­дарымыздың ерекшеліктеріне байланысты олардан жауап алу мерзімі ұзаққа созылып кетеді. Сал­дарынан қозғалған қылмыстық істер орта жолдан тоқтап қалады.

Қазіргі таңда интернеттегі алаяқ­тыққа қарсы ең жақсы шара – халық­тың ақпа­раттық және құқықтық сауа­тын көтеру. Интернетті, адамдар­дың онда не істеп жатқанын толық бақы­лап отыру мүмкін емес. Сол себепті біз де полиция тарапынан халық­ты интернетте жасалатын қылмыстар ­туралы құлақтандыру үшін кең кө­лем­де жұмыс жүргіземіз. Оқу орын­дарында, түрлі ұжымда кездесу­дер өт­кізіп, поштаға, телефонға кел­ген күмәнді сілтемелерге өтпеу, банк қыз­меткерінің телефон арқылы хабарласып, ешқандай жеке басқа тие­сілі құпия мә­лі­меттерді сұрамайты­ны жайында түсін­діреміз. Десе де, әлі де алаяқтардың арбауына оңай еріп, алданып қалып жатқан аңқау отан­дастарымыз аз емес.

– Ауданда мал ұрлығы көп пе?

– Мал ұрлығы да қазір азайды. Дәл бүгінгі таңда жыл басынан бері тіркелген екі мал ұрлығы ғана ашыл­ған жоқ. Бірақ күдіктілер анық­талды, оларды іздеу жұмыстары жал­ғасып жатыр.

Осыған қатысты тағы бір жайды айта кету керек. Аудан Астананы айнала қоршап тұрғандықтан елор­да­ға баратын 5 ірі күре жол біздің аумағымыздан өтеді. Кейде қараусыз қалған мал жолға шығып ке­тіп, жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін. Сондықтан полиция қатарынан әр жолды қадағалайтын арнайы топтар жасақталған. Олар қарау­сыз жүрген малды анықтап, иелеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырады. Егер иесі анықталмаса, малды арнайы орындарға қамайды. Айта кетейін, қызметкерлеріміз кү­ніне 5-тен 10-ға дейін осындай хаттама толтырады.

– Аудан үстінен республика­лық маңызы бар күре жолдар өтеті­нін айт­тыңыз. Көлік апаттары жиі бола­ ма?

– Өкінішке қарай, аудан көле­мін­де адам өліміне апарып соқты­ра­тын ірі жол апаттары болып тұра­ды. Қазір әдет­тегі көлік түрлерімен қа­тар скутерлер, электрлі самокат­тар да жол қозғалысына қосылып жа­тыр. Балалар көбіне мектепке, бас­қа да жерге осы көлік түрлерімен ба­рып жатады. Сондықтан біз бала­ларға, олардың ата-аналарына тү­сін­діру және ескерту жұмыстарын жиі жүр­гіземіз. Соның ішінде ауыл­дар­дың чаттары арқылы да жұмыс істейміз.

Атап айтсақ, жергілікті полиция қызметі бөлімінің қызметкерлері «Жол жүрісі туралы» заң норма­ла­рын және жол ережесін тү­сін­діру мақсатында бірқатар іс-шара өткізіп тұрады. Мысалы, жазғы демалыс бас­талғандықтан жуырда «Абай­лаңыз – балалар!» кең көлемді акциясын бастадық.

Сөзімнің соңында айтарым, ауданымыз өте үлкен. Өзіңіз айтқандай, Астананы айнала қоршап жатырмыз. Одан бөлек өзі жеке әкімшілік бірлік болса да, 100 мыңдай халқы бар Қосшы қаласы да біздің ауданға қарайды. Сондықтан ауданымыз өте күрделі. Келіп-кетіп жат­қан халық та көп, көлік те көп. Ресми емес мәліметтерге сәйкес ауданда қазір 200 мыңдай халық тұрады. Қоянды аулының өзінде 60 мың адам бар. Олардың көпшілігі Астанада жұмыс істейді. Таңертең бәрі қалаға асығады, кешке кері шұбырады. Сондықтан жол-көлік апаттары, басқа да құқық­бұзушылық жиі болып жатады. Қызметкерлерімізге артылар жүк ауыр, күні-түні ұйықтамай қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін еңбек етіп жатырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»