Елімізде «Жасыл ел» еңбек жасағының жазғы маусымы басталды. Биыл 33 мыңнан астам жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Оған әр өңірдегі 35-ке дейінгі азаматтар қатыса алады. Олар осылайша өзінің тұрғылықты жерін көгалдандыруға қатысып, еліміздің экологиялық жағдайын жақсартуға өз үлесін қосады.
Астанада биыл жобаға 4 200 астаналық жас қатысады. Таяуда ғана «Студенттік құрылыс» және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХX еңбек маусымының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараны жергілікті Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, республикалық студенттік құрылыс және жастар жасақтары қозғалысы қоғамдық қоры ұйымдастырды.
– 20 жыл ішінде Астана қалалық «Жасыл ел» штабы елеулі үлес қосып келеді. Еңбек жасақтарына қосылғандарға арнайы киім, құрал-жабдықтан бөлек, бір айлық мөлшердегі жалақы қамтамасыз етіледі. 14-16 жас аралығындағы балалар жас ерекшеліктеріне қарай аптасына 5 күннен, ал күніне 4 сағаттан көп емес жұмыс істейді. 14 жасқа толған оқушы балалар өз білім ордалары маңында, одан бөлек жазғы мезгілде саябақтарда ағаштарға күтім жасап, арамшөптерін тазалайды. Жобаға қатысуға ниет білдіргендер толық ақпараттарды әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи алады, – дейді «Жасыл ел» жобасы жетекшісінің орынбасары Бақытбек Әбдірашид.
Сондай-ақ жоба аясында көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын жазғы уақытта жұмысқа орналастыру көзделген. Осындай ілкімді істің игілігін көруге Қарағанды жастары да асыққан. Биылғы маусымда өңірде еңбекке араласуға ниет білдіргендердің саны былтырмен салыстырғанда екі есе көбейіпті. Жастар қозғалысындағы өзгерістер туралы Қарағанды Жастар ресурстық орталығының басшысы Якуб Джамалов айтып өтті.
– Қатарға қосылуға 65 оқу орны өтінім берді. Айлығы ең төменгі жалақыға байланысты беріледі. Сондай-ақ жұмыс істеген сағаттарына қарай есептеледі. Мәселен, 14 жастан 16 жасқа дейінгі жауынгерлерге төрт сағаттық жұмыспен қамтылған жағдайда айына 85 мың теңге үлестіріледі. Ал 16 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтарға айына 127 500 теңге табуға мүмкіндік бар, – деді ол.
«Жасыл ел» еңбек маусымы 31 тамызға дейін жалғасады. Маусымдық жұмысқа қосылуға ниет білдіргендердің арасында 400 ақтаулық жас та бар. Олар екі лекке бөлінеді. 16 топтан құралған жастар Ақтауда екі ай бойы қала тазалығының сақталуына өз үлесін қосады.
– Бұл жоба 2005 жылы басталған болатын. «Жасыл ел» жастары көгалдандыру мен тазалық жұмыстарына ғана емес, қаланың көркеюіне де үлестерін қосып жатыр. Мұндағы басты мақсат – елімізді көгалдандыру арқылы жастардың еңбекқорлыққа баулу, – деді Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлмира Балғожаева.
Жас сарбаздар жұмыстарына бірден білек сыбана кірісіп кетті. 14 жасар Бесмил Мұхамад бізге қоғамдық жобаның өзіндік мән-маңызын айтып берді.
– «Жасыл елге» жұмысқа қабылдау туралы таныстарымнан білдім. Алғаш рет қатысып отырмын. Жауаптылар бізге не істеу керегін жіті түсіндірді. Жұмысқа сақадай сай дайынмын. Бұл өз бетінше ақша табуға және жаңа достар табуға тамаша мүмкіндік қой. Оның үстіне жаз мезгілінде бос уақытыңды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді, – деді жас сарбаз.
Сондай-ақ маусымдық жұмыспен қамту және су тасқыны болған аймақтарға көмек көрсету мақсатында «Ауыл» партиясы жанындағы «Ауыл жастары» жастар қанаты құрылыс жасақтарын іске қосты. Қазіргі уақытта, Солтүстік Қазақстан облысында 40-қа жуық жас табиғи апаттан зардап шеккендерге тұрғын үй салуға қолғабыс етіп жатыр.
Айта кетейік, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының қызметі жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.