• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Ән 06 Маусым, 2024

Жан мұңы

65 рет
көрсетілді

Әдемі әннің мелодиясы адам жанын астан-кестен ететіні анық. Есті шығарманың түп-төркінінде жан азасы жатады. Мұңға толы мелодия тұң­ғиыққа батырады. Әннің сөзі мен сазындағы үйлесім (гармония) кейде ария секілді естілсе, енді бірде ғашықтық романсы секілді жаныңды майда самалдай желпіп өтетіні даусыз.

Әртүрлі пәлсапа бар. Бі­реулер сөзден бұрын дыбыс пайда бол­ған деп жатады. Осы тұжы­рымға тоқ­талсақ, әуелі сөзден бұрын әуен пайда болған боп шығады екен. Бәлкім, рас та шығар. Кім білсін? Өтірік болса Григорий Потанин: «Ма­ған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» демес еді дейміз ғой.

Серілердің дәурені біз үшін тау­сылмас дастандай көрінетіні бар. Әсіресе Ақан сері Қорамсаұлы­ның әйгілі «Балқадишасын» тыңдаған­да бойыңды сан түрлі сезімнің алауы шарпи түсетіні анық. Са­ғыныш пен сағым. Махаббат пен мұң. Ынтызарлық. Осы ұғым­дардың барлығы ұлттық бояумен әдіптелген әннің өн бойында тұнып тұр ғой.

«Кетті деп Балқадиша естігенде,

Құшақтап құс жастықты жылағаным»,

деген тұсына келгенде біздің де жүрек езіліп, көңіл босап кететі­ні рас. Екі тармақта адам жанын сарсаңға салатын бүкіл сезім атаулының жиынтығы тұрғаны ақиқат қой. Толғанбау, ой зынданына қамалмау әсте мүмкін емес.

Боз жусанның исі аңқыған сартап даланың кеңдігіндей дауысты талап ететін байырғы әндерді тың­дағанда қазақ өнерінің зау биікте тұрғанына иланасың. Сөйтесің де, Ақан әнінің тереңдігіне үңілесің. Қарашығыңды мұңтұнбаға айналдыратын шығармаға тамсанасың...

Расында да, «Балқадиша» – ұл­тымыздың шоқ­тығы биік туындысы. Әндегі драма толғандыр­май қоймайды. Он жылға жетеғабыл уақыт бұрын Тараз төрінде Қазақ­станның Еңбек ері, қазақ ән әлемінің көрнекті өкілі Ілия Жақа­новтан Ақан серінің әні туралы сұрадық. Музыка зерттеушісі әйгілі шығарма туралы тол­ғанғанда көкейдегі көп сұраққа жауап тап­қандай болған едік. «Ақиқатында Ақан серіге деген менің бар ықы­ласымды «Бал­қадиша» әні аударды. Ілге­ріде ака­демик Ахмет Жұбанов мен еңбек ететін «Қазақстан пионері» газетіне күйшілер, әншілер, композиторлар туралы мақалалар әке­­ліп жүрді.

Бір күні Ақан сері туралы жазбасын алып келді. Сол кезде ол кісі: «Шырағым, Ілия, біздің өміріміз өте қиын болып тұр. Көп нәрсеге менің қолым бара бермейді. Ақан серінің, Біржан салдың, Мәдидің және өзгелерінің өмірі туралы, Естай мен Қорлан жөнінде бір кезде елдің фольклоршыларынан жинаған материалымды кітап етіп шығардым. Алайда қазіргілер шырқап жүргендей «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деп жүргені өзінің төл сөзі емес, осы есіңде болсын, қазір мұны біз жөндей алмаймыз. Өйткені ән кеңестік идеологияның насихатына айналып кетті», деді.

Әр дәуірдің өз әміршісі бар. Қазақтың қыз­дарын шалға берген, үлкен адамдарға қалыңмалға сатқан деген желеумен үлбіреп тұрған Балқадишаны «Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деп жаңадан сөз жаздырып, мұны әйел теңдігі саясатына теліп, осы әнді солай беріп жіберді. Осылайша, Ақан серінің:

«Қызы едің Ыбекеңнің, Балқадиша,

Өзенді өрлей біткен тал, Қадиша.

Сексен қыз серуенге шыққан кезде,

Ішінде қара басың хан, Қадиша»,

деп келетін ғаламат әнді бүлдірді», деп еді әйгілі композитор.

Сүйген жары бақилық болып, Құлагерінен көз жазып, қайғыдан қан жұтып жүрген Ақан­ның сол дәуірдегі жан әлемін түсіну үшін де үлкен жүрек керек. Жүрегіне жүк арқалап жүрген серінің Балқадишаны көргенде:

«Кетті деп Балқадиша естігенде,

Құшақтап құс жастықты жылағаным»,

деуінің өзінде өзекті өртейтін өкініш пен сағы­ныш, сарқылмас мұң жатқаны даусыз.

Балқадиша ұзатылар шақта бір емес, бірнеше трагедиямен бет­пе-бет келген Ақан серінің жан әлеміндегі жанайқайдың жиын­тығы дәл осы әнде. Жалғаннан баз кешкен әйгілі адамның мыл­қау баласын жетектеп жүріп, «Бал­қадиша» деп әндеткені расында да жүректі тілгілей түседі. Әйгілі шығарма сонысымен де шоқтығы биік, сол тарихымен де біз үшін аяулы екені рас.