Жастардың білімге деген ынтызарлығына, ғылым мен инновациядағы нәтижесіне қарап сүйсінесің. Цифрлық даму, оның ішінде жасанды интеллектіні жетік меңгеріп, әлемге сан түрлі жаңалық әкелген Илон Маск бірде «Егер бір нәрсе ойлап тапқыңыз келсе, физиканың ережелеріне сүйеніңіз. Бірақ сіздің жаңалығыңыз адам өмірін жеңілдете түсу керек» деген еді. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз де осы сөзді дәлелдей түскендей.
Сөйлейтін бағдаршам
Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Анар Нұрмахан көзі нашар көретін жаяу жүргіншілерге арналған «сөйлейтін бағдаршам» жүйесін жасаған. Тың жоба жол апаттары мен небір келеңсіздіктің алдын алады. Статистикаға сүйенсек, елімізде 160 000-нан астам көру қабілеті бұзылған адам бар. Олар тіршілік барысында біршама қиындыққа тап болады, тіпті жолдан өткенде бағдаршам нұсқаулығын көрмеуі де мүмкін. Мысалы, Анар тұратын Талдықорған қаласында 1 973 көру қабілеті нашар адам болса, қаладағы 200 бағдаршамның кейбірі ғана осындай құрылғымен жабдықталған. Сол себепті, «It Servise education» жастар қоғамдық бірлестігі мен Назарбаев зияткерлік мектебі 2023 жылдан бастап нашар көретін адамдарға көмектесетін құрылғы жасайтын жаңа жобаны қолға алған. Бүгінде ол төрт маусымдық тестілеуден өтіп жатыр.
– Құрылғы қуатты динамикпен жабдықталған әрі дыбыстық хабарламаларды мемлекеттік тілде таратады. Ол сіз кесіп өтпекші негізгі көшенің атын хабарлап, бағдаршамның жасыл жанғанға дейінгі уақытын санап, хабар береді. Бұл нашар көретін адамдарға жаяу жүргіншілер өткелдерін оңай табуға, көше атауларын білуге, қиылыстардан қауіпсіз өтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар түнде дыбыс деңгейін 50 пайыз автоматты түрде реттеп, даусын бәсеңдетеді, – деді Анар.
Сөйлейтін бағдаршам жайын түсіндіріп өтейік. Модуль – дауыс зорайтқышты орналастыратын блок үлгісінде жасалған. Жасыл түс қосылғанда, көшенің атауы туралы дыбыстық сигнал беріледі, содан кейін жасыл түстің сөнуіне дейінгі секундтардағы уақыт хабарланып, соңғы секундта «ТОҚТА» сөзі айтылады. Құрылғыны зерттеу және жобалау барысында Анар 419 583 теңге тұратын «Triol-M2» секілді дауысты бағдаршамның ресейлік нұсқасымен салыстырмалы талдау жасады. Ал талабы бөлек оқушының жасаған құрылғысының құны небәрі – 25 000 теңге.
Жас өнертапқышқа бұл бірегей істі бастауға жоба жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі Дамир Төлеген көмектескен. «Құрылғының ерекшелігі – дауыстық хабарламалар мемлекеттік тілде жүреді. Тіпті күн мен түнді анықтау функциясына ие. Сонымен қатар уақыт аралығын бағдарламалау мүмкіндігін қамтамасыз етеді», дейді жоба жетекшісі Д.Төлеген.
Өрттің алдын алады
Қызылорда қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Жұлдызай Мұңайтбасова өрттің алдын алатын ақпараттық жүйе ойлап тапқан. Экологиялық жобаның аты – «Zhalyn». Мақсаты – еліміздегі орман өрттерінің әсерін барынша азайту. Бұл кешенді жүйе, ең алдымен, сезгіш құралдар арқылы сала мамандарына орман жағдайы, көлемі, қай аймақта болып жатқаны туралы ақпарат береді. Содан кейін мамандар белгіленген нүктеге барып өрт пен орман деңгейін анықтайды. Радио толқындар ретранслятор арқылы интернетке айналып, жергілікті халыққа ақпарат жібереді. Осылайша, үдеріс тез жүріп, өрт алғашқы сатыда анықталады. Мұның арқасында экономикалық, әлеуметтік шығын азаймақ.
– Өткен жазда Абай облысында ірі өрт болды. Өрт аумағы бір күннің ішінде 100 гектарға дейін созылды. Сол уақытта елімізде әлі де шешілмеген осы бір мәселе бар екенін анықтадық. Алдағы уақытта жобамызға серіктестік пен инвестиция іздестіреміз. Келешекте тағы да бір жүйе қосу жоспарда тұр. Ол өртті ғарыштан бақылауға, орманшының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналады. Жоба артықшылығы – өртті алғашқы сатыда анықтайды. Қауіптің алдын алуға, еңсеруге жол ашады. Нақты іске асыруға қазір серіктестік қажет. Үкімет тарапынан, Төтенше жағдайлар министрлігінен қолдау жасалса деген ұсынысым бар. Содан кейін жобаны нарыққа шығарып, іске асыруға болады. Өрт туралы ақпарат бәріне ашық болады. Ақпаратты министрлік пен қарапайым адамға қолжетімді қыламыз, – дейді Жұлдызай.
Зағип жандардың жәрдемшісі
Азамат Ибрагим болса зағип жандарға арналған «Janarym AI» мобильді қосымшасын жасап шығарған. Өнертапқыштың бұл жобасы облыстық «Smart city Kyzylorda» IT жобалар байқауында «Әзірлеу бағыты» бойынша 3-орын алды. Мобильді қосымша арқылы тұрғындар еріктілерге видеоқоңырау арқылы хабарласа алады. Сонымен қатар қосымша ішінде ақылды камера, инклюзия академиясы, инклюзивті қоғамдастық, жоғары жылдамдықты интернет, GPS, камерамен жабдықталған смартфон сынды бірегей функциялар бар. Қазір жобаның интерактивті, сандық прототипі дайындалды. Алдағы уақытта техникалық әзірлеу сатысы жүйеленбек. Сонда ерекше жандардың қолайлы әлеуметтік ортасы пайда болады. Осылайша, жоба инклюзивті, цифрлық бағытта өз жұмысын жүргізеді.
– «Jañarym AI» қосымшасы арқылы зағиптар күнделікті тұрмыста кездескен тосқауылдар мен қиындықтарды оп-оңай шеше алады. Атап айтсақ, жолда адасқан зағип жан қосымшаны ашып, камераны айналаға бағдарлайды. Ал оған енгізілген жасанды интеллект алдындағы тосқауылдар мен жол жүру белгілерін анықтап, қолданушыға ауызша хабарлайды. «Карта-навигатор» цифрлық сервисі жол сілтейді. Үлкен волонтерлік жүйені қалыптастыру жолында, еріктілерді ынталандыру жолы қарастырылған. Бұл мақсатта бонустық жүйе ойластырылған, – деді Азамат.