• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сатира 06 Маусым, 2024

Жарты «штат»

53 рет
көрсетілді

Өтпелі кезеңде бастық болу да қиындады. Әсіресе штат қысқар­тып, ұжымды шақ­тау­дан өткен қиянатты басыңа бермесін. Бұрынғыдай емес, қызметте кімді қал­­дырып, кімді кетіремін десең, өз құзы­рыңда. Бірді-екілі ережені бұзбай, көңілің соққанды қалдырып, қалғанын тізгін сыпырып «шүу қарақұйрық» деуіңе әбден құқың бар.

Пықыптың істеп отырған тірлігін одан басқа маман ауыстыра алмайтын бол­ған­дықтан, ілдәлап жарты штаттық қыз­метте қал­дырғанмын. Томаға тұйық, аздап жүріс-тұ­­рысында әпер­ба­қандық та бар, замандас­тарымның арасында «қожана­сырлығын» да білетінмін...

Біраз күн өткен соң, Пықекеңнің үйіндегі жеңгей хабарласады.

– Айналайын қайным, осы ағаңды жарты «штатқа» түсір­геніңе рахмет!.. – дегенінде, жеңгем де қырсығын ширатып тұр ма десем, жо-жоқ, ағынан жарылып аңқылдап тұр. – Жарты штатқа түскелі бері, жарты күн түзде, жарты күн үйде, рақат! Рақат дейтінім, бұрын бұрылып қарамайтын үй тірлігіне араласып, кәкір-шүкірден тартып, біз жұмыстан келгенше тап-тұйнақтай етіп отыратын болды. Ғұмыры араласпаған асханасын бір-екі ас әзірлеп-ақ еңсеріп алды... Толық штатта жүргенінде екі күннің бірінде әләуләйін айтып кештетіп келіп жүруші еді... Жарты штаттық қызметіне барса да, бізден бұрын үйде... Бұрындары күніне міндетті түрде бір қорап темекіні әрең-пәрең жеткізуші еді, қазір: «мен жарты штаттамын, сондықтан екі күнге бір пәшкі жетеді», деп жасаған үнеміне ризамын!

...Пықыптың қызметтегі сырлас-сыбайласы Ілдебайды шақырып, жарты «штаттағы» до­сының хал-ахуалынан сыр суырт­пақтап едім:

– Ойбай, басеке, өзгеріп кетті ол антұрған! – деп зарлай жөнелсін. – Бір ғана қылығын айтайын. Күн аралата түскі тамаққа барғанда, бірге тұрып ас аламыз. Біріншісі ғой, «половинка» алады. «Котлетті» де, гарнирін да дауласып отырып: «Мен жарты штаттағы адаммын» деп айғайға басып, ақыры аспазшы атаулыны көндіріп, бәр-бәрін: жарты котлет, жарты гарнир, жарты кампот, ең аяғы тілім нанды да екіге бөлдіріп алып жеп отырады...

...Жарты айдан соң жеңгей хабарласады, дауысында діріл, сөзінде үрей басым.

– Қайным-ай, өткенде қуан­ғаным ертерек бопты. Пықыптан қорқа бастадым... Түн ұйқысын қысқартып, түн ортасы ауа: «Маған толық түн ұйықтауға болмайды», деп түрегеліп отыратынды шығарды... Не тамақ істесең де, жартылай ішіп, жартылай табағында қалдыратын болды. Әң­гімесін тек жартылай айтып, әрі қарай аузын буған өгізден әрмен болып алады... біреу-міреу телефонмен сөйлескенін естіп, ар жағындағының не ойлап, не пішіп қалғанын біле алмай дал боламын... несін айтайы­н, бәрі жарты... бәр-бәрі... —деп кемсеңдеп қоя бергенінде не айтарымды білмедім...

...Бар қызметкердің басын қосып жиналыс өткізіп отырғанмын. Бір уақытта жиналыстың тұп-тура орта кезеңінде біреу есікті ашып шығып кетіп бара жатыр, сұлбасынан таныдым – Пықып...

Ертесінде Пықыпты жеке шақырттым:

Әншейінде айқара ашып кіретін есігін жартылай ғана ашып қысылып-қымтырыла кірді. Орным­нан тұрып:

– Ассалаймағалейкум! – деп қол ұсынып едім:

– Әлик... – деп қана, бұрынғы ала жүгі­ретін қос алақанының жартылай ұшын ғана ұсынды. Отыруын өтініп едім, орын­дыққа жартылай ғана құйрық ұшымен жайғасыпты.

Бірлі-жарым бір нәрселерге сұрау салып едім, бәрі жарты, сөзінің аяғы, ойының ортасы жоқ ойсырап-ақ қалыпты...

Мән беріп үсті-басына көз жүгіртсем: шашының жартысы таралған, тең жартысы ұйпа-тұйпа... бір аяғы жартылай айна дерсің, екінші етігін тазартпағалы бір айдың жүзі болған-ау шамасы... шалбарының бір балағының қыры оқтай, қарсы бұты қатпар-қатпар, кәрі қошқардың мойнынан әрмен... Бет әлпетіндегі жарты мұрты мен қарсы жағындағы жартысы алынған сақалына көзім түсіп еріксіз мырс етіп күліп жібергенімді де білмей қалдым...

Қалың ой үстіндемін. Пы­қекеңді бұл бейшара халден құтқарып, толық қызметке алайын десем, жағдай көтермейді. Толық бостандық беріп біржола құтыла қояйын десем, мамандығы керек, одан басқалар атқара қоятын іс емес...

Күні бойы дел-сал күйде, бір шешімге келе алмай, екі ортада жартылай бастық болып отырдым да қойдым.

 

Берік САДЫР