• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Тарих 07 Маусым, 2024

Шоқанның қарындасы

95 рет
көрсетілді

Бүгінгі Астана тарихы терең де толғамалы. Байырғы Ақмола зиялылары, қайраткерлері кезең-кезеңмен зерделене бермек. Осы қалада Шоқанның туған қарындасы өмір сүріп, сүйегі «Жастар» шағын ауданындағы қорымға қойылғанын білеміз бе? Суреттері ­тарихты нұсқап отыратын фотограф Константин Шаховтың рухы шат болсын, 1923 жылы Пішпекке (қазіргі Бішкек) көшкенше көп дүниені аспабының шүріппесімен хаттап кетіпті.

Соның бірі – әйгілі Шоқан Уәли­хановтың туған қарындасы Бәдіғұлжамал (жұрт Бәдіғұл, Бады­­ғұл, Жамал деп те атаған) Шыңғыс­қызының фото-суреті. Бұл кісі Абылай Қоңырқұлжаұлының зайыбы болған.

Көрнекті қаламгер-зерттеуші Жарылқап Бейсенбайұлы «Шоқан» атты кітабында «Сырым­беттегі Айғаным шаңы­рағына келін болып түскен Шорманқызы Зейнептің де бауыры құтты болды. Обаған бойында 1835 жылдың қарашасында үлкендері Шоқан дүние­ге келгеннен кейін оған Жақып (1837), Бәді­ғұлжамал (1839), Рахия (1841), Әбіл­мақыжан (1845) секілді ұл-қызы жалғасты» деп жазады.

«Тең теңімен, тезек қабы­мен» дегендей,­ аға сұлтан Шыңғыс Уәли­­­ұлы­ның қызына тарихи Тәуке хан тұқы­мы­нан тарайтын аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдай­мен­ді­ұлының құда түсуі заңды еді. Оның үстіне күйеу бала­ның есімі Абылай бол­ға­­ны да ірі әулетті әу бастан қадір тұт­қанын көрсетсе керек.

Ел арасында атақты Ақан сері­нің «Қалқа бала» атты әні осы Бәді­ғұл­жа­малға арналған деген де дерек бар (туындыда «басы «жұм», ортасы «мим», аяғы «ләм» деп меңзеген есім – «Жамал»).

Бәдіғұлжамал Шыңғыс­қызынан Алаш қайраткері Хайретдин Бол­ған­байдың (1894–1937) жары Рахима Ғалиакбарқызының (Хал­фина) анасы Мәстура туады. Жалпы, Шоқанның бұл қа­рындасы дүниеге төрт ұл (Сұлтан, Нақыш, Мұқыш, Шәкіш), екі қыз (Мәстура, Мағида) әкеліпті.

 

Сабыр Шәріп,

PhD