• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 07 Маусым, 2024

Абай елін елжіреткен ақын

134 рет
көрсетілді

Әлем әдебиетінің көрнекті тұлғасы А.С.Пушкин – қазақ оқырманына етене жақын қалам иелерінің бірі. Орыс әдебиетіне үлкен серпіліс әкелген ақынның қазақ даласына аяқ басуы да ерекше оқиғалардың бірі. Оның Орал қаласында үш күн аялдауының өзі шығармашылығынан елеулі орын алды. Пушкинтанушылардың дерегінше, ақын 1833 жылы қазан айында үш күн бойы Орал шаһарында болып, «Пугачев көтерілісінің тарихы» және «Ка­питан қызы» повесіне негізі боларлық тарихи материалдарды жинаған.

Сосын ақынның өзінен бөлек, жүрегін жарып шыққан шығар­­ма­лары қазақ даласын шарлап өтіп, ға­шық­тар тілінде сөйледі. Абай Құнанбайұлы тәржіма дәстүрі ар­қылы қазақ оқырмандарына Оне­гин­­нің ойлы сырын, Татьянаның сезімге толы жырын ұсынды. Пуш­кин­нің шығармашылық зертханасынан маңызды орын алатын шығармалардың бірі – «Евгений Онегин» романы.

Жалпы алғанда, Пушкин туындыларын қазақ тіліне аудармаған ақын һәм сөз иесі кемде-кем. Абай заманынан кейін І.Жансүгіров пен Қ.Шаңғытбаев төлтумаға неғұрлым жақындай түс­кені анық көрінеді. Пушкин лебі арқылы орыс халқының мәдение­тінен нәр алу Абайдың қазақ әде­биеті тарихындағы алып еңбегінің тезі­рек және құнарлы жеміс беруін жеңілдете түсті. Жаңа бағытты жария қылды. Расында өскелең өнердің негізін қалауына даңғыл жол ашып берді. Сайып келгенде, Пушкин романының үзінділерін қазақ тіліне аудару орайында Абай зор еңбек етіп, аударма өнерінің де негізін қалады.

Әйгілі романнан қотарылған жеті өлең қазақы мақамда сарыарқа даласын мекен еткен елдің танымына айтарлықтай етене болғанын оқып отырып та ойға тоқисыз. Осы аудармалар жайында пікір білдір­ген абайтанушы Ысқақ Дүйсенбаев­тың пікірінше, Абайдың аударма өнеріне қосқан зор үлесін сөз еткенде қандай қоры­тындылар жасауға болар еді? Ең алдымен, мұндай игі­лікті жұмысқа Абай еріккеннің ермегі немесе көлденең кәсіп ретін­де қарамаған. Керісінше, мұндай ша­бытты жолдар қазақ ақынының орыс халқының ұлы мәдениетімен танысып, Пушкин сынды ойшыл ақындармен сырласу сәтінде туған.

1889 жылдан бастап бөлек-бө­лек үзінділер түрінде: «Онегиннің сипаты», «Татьянаның хаты», «Оне­гиннің ойы», «Онегиннің сөзі», «Онегиннің хаты», «Татьянаның сөзі», «Ленскийдің сөзі» сияқты туындыларды аударады. Абай «Евгений Онегин» романынан тек Онегин мен Татьяна арасында кезек ауысқан күшті махаббат күйлерін ғана сөз қылды. Өз жанына жақындаған махаббат әуені мен мөлдір мұңды дестелеп қазақтілді оқырманына ұсынып, орыс ойшылының озық дүниесін әйгілейді. Өз жүрегінен үн қатып аудармасының соңында тіпті Онегинге ақырғы сөз береді. Бұл Пушкин шығармасында жоқ. Абайдың осы аудармасында Пуш­кин­нің мәтінінде үнемі ұқсас келіп отырмайтын еркіндік бар, ақын­­ның өзінен қосылған жолдар, шумақ­тар, ой сезімдері жиі ұшы­райды. М.Әуезов Абайдың өмірі мен шығар­машылығына арнаған ғылыми ең­бегінде ақынның осы аудармаларын эпистолярлық роман деп атайды.

Еркін аударма түрінде танылған бұл жырлар барынша көркем, шебер өлеңнің үлгісін танытады. Абай өлеңдеріндегі ақындық шабыт, сыншылдық, өткір тіл – Пушкин туындыларына келгенде сом алтынның сынығындай жарқырап көзге басылады.

Пушкиннің қазақ әдебиеті дамуына үлкен дүмпу туғызғанын айт­тық. Айдай әлемге қазақ ұлтын дәріптеген М.Әуезовтің де «Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқы сарабы өткен ғасырдың отызыншы жылдары аңғарылады. Болашақ романның хабаршысына баланған «Татьянаның қырдағы әні» деген үзіндісі А.С.Пушкиннің 100 жылдығына орай «Әдебиет майданы» журналының 1937 жылғы төртінші санында басылды. Пушкин сөзі данышпан Абай мен кемең­гер Мұхтар қаламында сахарадағы жалпақ жұртқа жария етілді.

 

Абай облысы