• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Маусым, 2024

Меркідегі өрт оқшауланды

106 рет
көрсетілді

Жаз мезгілінде күн күрт ысыса, оңтүстіктегі жұртшылық өрттен қауіптенетіні анық. Өткен жылы Абай облысында болған орман өрті талай атқамінерді ойландырған еді. Әйтсе де, тілсіз жау осы жылы жамбылдықтардан сырт айналып өткен жоқ.

5 маусым күнгі дерекке жүгінсек, «Меркі ормандары және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» Сарықоба орманшылығындағы өрттің жайылу көлемі 1 750 гектарға жеткен. Тілсіз жаумен күресу үшін өңір басшысының орынбасары Қанатбек Мәдібек бас­тап, басқа да атқамінерлер қоштап, оқиға орнына жедел жеткен.

«Меркі орман және жа­н­уарлар дүниесін қорғау ме­ке­­­месі» КММ-ға қарасты Сарықоба орман­шылығында құрғақ шөп­тер мен бұталар өртенді. Тілсіз жаумен кү­рес­ке барлығы 244 адам және 50 техника тартылды. Оның ішінде жергілікті жерде орман шаруашылығы қыз­мет­кер­лерінен 100 адам және 13 трактор, 2 автоцистерна, сондай-ақ 12 жеңіл автомобиль, «Қазавиақорғаудың» 1 тікұшағы және 6 қызметкері жұмыс істеді. Сондай-ақ ТЖД жеке құрамының 84 адамы мен 9 техникасы жұ­мылдырылды. Қосымша орман шаруа­шы­лы­ғынан 31 адам, 6 жеңіл авто­көлік, жергілікті атқарушы ор­­ган­­­дардан 26 адам, 10 техника оқи­ға орнына шық­ты.

«Меркі ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі» КММ Сарықоба орманшылығында 1 800 гектар аумақты қамтыған өрт 5 маусым күні таңертең оқшауланды. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ», делінген жергілікті атқарушы билік келтірген ресми мәлі­метте.

Қалай десек те, жаздың алғаш­қы айын жамбылдық ше­неу­­ніктер тілсіз жаумен күре­суден бастап отыр. Шіліңгір шілде айында ауа райы 40 градустан асып жығылатыны анық. Әрине, өрттің бетін аулақ қылсын, десе де жауапты мекемелер кез келген жағдайда тілсіз жаумен күреске сақадай сай дайын болғаны жөн.

 

Жамбыл облысы