• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айбын 09 Маусым, 2024

Ұлттық ұланның 23 офицері магистр атанды

210 рет
көрсетілді

8 маусымда Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінде магистрлік білім алған Қазақстанның және көршілес Тәжікстан, Қырғызтан елдерінің күштік құрылымдары офицерлерінің салтанатты шығарылымы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты іс-шарада магистранттарды құттықтаған Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов: «Тәуелсіз еліміздің армиясы құрылған күннен бастап нормативтік-құқықтық базаны қалыптастыру, ұйымдық-штаттық құрылымды оңтайландыру және әскерлерді техникалық жарақтандыру мәселеріне ерекше ден қойып келеді. Сонымен қатар, әскери кадрларды дайындаудың көп деңгейлі жүйесін құру – басым бағыт болғанын атап өткен жөн. Бұл қадам бүгінде өзін толықтай ақтап, оң жемісін беріп отыр!», деді.

Аталған жоғары әскери оқу орны жыл сайын жедел-стратегиялық және жедел-тактикалық басқару буындарына мамандар дайындап шығарады. Ұлттық қауіпсіздік және әскери істер магистрі дәрежесіне ие болған 158 офицердің 23-і Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланынан жіберілген еді. Олар магистратуралық білім беру бағдарламасына сәйкес, теориялық оқытудан бөлек, әскери тағылымдаманың толық курсынан өтті.

Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақанов шығарылым салтанатында офицерлерді жаңа статустарымен құттықтады.

«Төл әскеріміздің қатары магистрлік білімі бар офицерлермен толығып отыр. Еліміздегі ең беделді әскери оқу орнынан алған білімдеріңіз бен біліктіліктеріңізді Ұлттық ұланның алдына қойылған міндеттерді орындау барысында оңтайлы қолданасыздар деп сенемін», деді Бас қолбасшы.

Ұлттық қорғаныс университетінің Ұлттық ұлан факультетін 2023 жылдың ақпан айынан бері полковник Савердин Имиров басқарады. Савердин Карлович факультеттің биылғы, яғни он бірінші шығарылымына қатысты ойымен бөлісті.

«Магистранттар әскерді оперативті тактикалық басқару және қызметтік-жауынгерлік қызметін қамтамасыз ету кафедраларында білім алды. Бірінші аталған кафедрада батальоннан бастап жоғары деңгейдегі командирлер оқытылса, екінші кафедрада тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар, тыл, техника және қару-жарақ офицерлері біліктіліктерін шыңдады. Олар енді Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы басқармаларында, өңірлік қолбасшылық басқармаларында офицерлік, аға офицерлік лауазымдарға тағайындалады, полк командирлерінің орынбасары, штаб бастықтары қызметін атқарады. Академияға да екі офицер кетіп жатыр, бірі оқытушы болып, екіншісі оқу батальонының командирі ретінде. Бәріне сәттілік тілеймін», деді факультет басшысы.

«Бүгін заманауи офицерлер, болашақ әскери басқару органдарының басшылары оқу орнын бітіріп отыр. Осы санаттан табылғаныма өте қуаныштымын. Ұлттық ұландық түлектер арасында Бас штаб академиясының, докторантураның және арнайы дайындық кафедрасының офицерлері де бар. Бүгін олар Бас қолбасшы қолынан диплом алды. Білім ордасында заман талабына сай кәсіби жетілу, әскер бөліністерін заманауи басқару жүйесін меңгеру үшін барлық жағдай жасалған», дейді түлектің бірі, Өскемен қаласындағы 3477 әскери бөлімінің бұрынғы командирі подполковник Азамат Сейілханов.

Салтанатты іс-шара Қорғаныс министрлігі мен ІІМ Ұлттық ұланы өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен аяқталды.