«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына жамбылдықтар белсенді атсалысып жатыр. Өңірде дарынды балаларға арналған мектептің 600-ден астам оқушысы республикалық науқанға өз үлесін қосқан.
Тараз қаласында орналасқан техникалық шығармашылық орталықтың тәрбиеленушілері экологиялық акциядан жиналған қоқыс қалдықтарын кәдеге жаратуға ниет білдіріп отыр. Жергілікті билік келтірген дерекке сенсек, олар алдағы уақытта қоқыс қалдықтарынан түрлі қолөнер бұйымын жасап, әулиеаталық әлеуметтің назарына ұсынбақ.
Техникалық шығармашылық орталықта тәлім алып жатқан жасөспірімдер де іс-шараға қолдау білдіріп отыр. Олар қазіргі кезге дейін қоқыс қалдықтарынан 200-ден астам картина мен қуыршақтар және ыдыстар әзірлеп үлгерген. Қолөнерге аңсары ауған жас таланттар алдағы уақытта бұдан да өзге бұйымдар дайындайды.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарының жас ғалымдары экологияны жақсартуға бағытталған түрлі жоба әзірлеп жатыр. Нақтырақ айтсақ, Тараз қаласындағы №7 мектеп-гимназиясының оқушысы Д.Тарасенко «Жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін арттыру», Меркі ауданындағы М. Әуезов атындағы мектеп-лицейдің білім алушысы Ж.Жеңісхан «Таза қала сізден басталады», Жуалы ауданындағы Ә. Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейдің оқушысы А. Оңдасын «Ақылды экожылыжай», Меркідегі №44 мектептің білім алушылары А. Еркінқызы мен Ө.Еңсебек «Екінші өмір сыйла» тақырыбындағы жобаларды дүниеге әкелген. Жасөспірімдер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар тағы да бірнеше жобаны әзірлеуге құлшынып отыр екен. Дерекке сенсек, қоқыс қалдығын өңдейтін зауыт жобалары алдағы уақытта Тараз қаласындағы «Көрме» залында ресми таныстырылмақ. Жамбыл жұрты «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына жаңашыл идеялармен кірісіп жатыр. Науқан аясында жергілікті билік бірнеше байқау ұйымдастыруды қолға алуға бекініп отыр. Қазірдің өзінде бірқатар ауданда бірнеше байқау өткізіліп қойды.
Облыс орталығы маңындағы Жамбыл ауданына қарасты Ерназар аулында келіндер арасында «Ең таза аула» байқауы ұйымдастырылды. Іс-шараға 35 жасқа дейінгі 9 келін қатысты. Тұрғындар арасында экологиялық мәдениет пен тазалықты сақтауды насихаттау мақсатында өткізілген байқау көпшіліктің көңілінен шықты. Келіндер сайысын бағалаған қазылар алқасы ауыл келіндерінің іскерлігіне риза болды. Ал үздік шыққандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жалпы алғанда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына өңірдің барлық ауданы белсенді қатысып жатыр. Облыс аумағындағы 10 ауданда «Ең таза көше», «Ең таза аула», «Ең белсенді ерікті», «Ең белсенді ауыл тұрғыны», «Ең үздік аула сыпырушы» байқаулары рет-ретімен ұйымдастырылып жатыр.
Осы орайда еріктілердің, белсенді азаматтардың еңбегін атап өткен жөн. Науқан аясында Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында қала тұрғындарының қатысуымен талапқа сай санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді. Ал аудандарда сенбіліктер мен тазалық жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып жатыр. Жергілікті билік келтірген дерекке жүгінсек, Талас өзенінің жағалауындағы, Айша бибі көшесінің бойындағы қоқыстар дер кезінде жиналды. Бұл жұмыстар Бауыржан Момышұлы көшесінде аялдамаларды әрлеу, «Ұлы дала», «Қарасу» шағын аудандарында да жалғасын таппақ.
«Таза Қазақстан» науқаны шеңберінде өткізілетін түрлі акциялар алдағы күндері барлық ауданда өтпек. Нақтырақ айтсақ, Байзақ ауданының орталық саябағы, Жамбыл ауданындағы Айша бибі кесенесі, Меркі ауданындағы Сыпатай батыр, Сарысу ауданындағы Шоқай датқа кесенелерінің маңын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ Шу қаласындағы теміржолшылар саябағында да бұл жұмыс жалғасады.
Жамбыл облысы