Малави Вице-президенті Саулос Чилима мен тағы тоғыз жолаушы мінген ұшақ 2024 жылдың 10 маусымында ел астанасы Лилонгведен көтерілгеннен кейін жоғалып кетті. Бүгін, 11 маусымда құтқарушылар ұшақты қираған күйінде тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қаралы хабарды Малави президенті Лазарус Чаквера халық алдында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
«Құтқарушылар апат кезінде ұшақтың толығымен қирағанын анықтады. Вице-президент пен борттағылардың барлығы қаза тапты», деді ол.
Малавиде Ұлттық аза тұту күні жарияланды.
Бұған дейін, Чилима адвокат Ральф Касамбараны жерлеу рәсіміне қатысу үшін Малави астанасы Лилонгведен елдің солтүстігіндегі Мцузи қаласына ұшқан еді. Ауа райының қолайсыздығынан әуе кемесі қона алмай, бұрылуға мәжбүр болды. Ал қайтар жолда ұшақ экипажымен байланыс үзіліп кеткен.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті