Алматыда Достастық елдеріне кіретін тоғыз мемлекет кәсіби мамандар мен мәртебелі көрерменнің талқысына өз театрларының жас режиссерлерінің туындыларын ұсынды. Қазылар алқасы үміткерлердің ішінен үздіктерін анықтаса, ауқымды мәдени іс-шараға қатысушылар уақытты текке кетірмей, жұмысын барынша көрсетіп қалуға әрі өздеріне керекті рухани азық алып кетуге тырысып бақты.
Яғни бұл апта олар үшін танымал сахна саңлақтарының шеберлік сабақтарына, лекцияларға, семинарларға, шығармашылық зертханалар мен түрлі таныстырылымға толы болды. Сондай-ақ театр әртістерінің каталогтері мен жас драматургтердің пьесаларының жинақтары да ұсынылды.
Форумды ұйымдастырған Халықаралық театр одақтары конфедерациясының өкілдерімен және қатысушы елдердің театр қайраткерлері кәсіподақтарының төрағаларымен кездескен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мұндай іс-шаралардың елдер мен шығармашылық ұжымдар арасында серіктестік орнатуға, мамандық бойынша тәжірибе және білім алмасып, өнерлерін ортаға салуға көп септігі тиетінін атап өтті. Кездесу барысында министр жастар форумының барлық қатысушысына мәдениет саласын дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
Осыдан он шақты жыл бұрын қолға алынған игі жоба жыл сайын ТМД-ның әр елінде кезекпен аталып өтіп келеді. Жоба жас театр қайраткерлерінің шығармашылық байланысын етене жақындастыруға, режуссура, драматургия, сценография және театртану саласындағы таланттар мен келешегі зор кәсіпқойларды тауып, оларды ортақ мүддеге ұйытуға, сондай-ақ театр шығармашылығының даму үрдісін талқылауға үндейді.
Жастардың бұл айтулы басқосуы – дәстүрлі түрде театр өмірінің өзекті мәселелері, соның ішінде театр дәстүрі мен ортақ мәдени кеңістікті сақтау, мәдени байланыстарды дамыту мәселелері төңірегіндегі пікір алмасу алаңы болып қала береді. Осы ретте біздің елдегі тынысы ашылған жаңа кезеңі де назардан тыс қалмай, айрықша аталды.
Жалпы, Алматыға өзіміздің театр майталмандарын қосқанда Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінен екі жүзден астам режиссер, драматург, актер, сахна шебері, театр сыншысы келді. Ал қазылар алқасы фестивальға ұсынылған тоғыз спектакльдің ішінен ең үздігін анықтады. Бұл орын Евгений Корнягтың «Пачупка» туындысын қойған Беларусь республикалық драма театрына бұйырды. Жеңімпаз ұжымға ақшалай сыйлықпен және алтын қолшатыр түріндегі естелік сыйлықпен бірге ТМД елдері жастар театр форумының біріктіруші рәмізі ретінде 2025 жылы әлемдік сахналардың үздік қойылымдарын бір арнаға тоғыстыратын және кезекті мәрте Мәскеуде шымылдығы түрілетін А.П.Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестиваліне шақыру қағазы тапсырылды.