• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Ұстаз 12 Маусым, 2024

Мұғалімдер шұғыл көмекке даяр

121 рет
көрсетілді

Мектеп мұғалімдері Шымкент қалалық жедел жәрдем қызметінің симуляциялық орталығында өткен «ашық есік күніне» барды. Бұл күні медицина мамандары ұстаздарға шұғыл жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетудің тәжірибелік әдістерін үйретті.

Баланың барлығы бірдей емес. Бірі епті, ширақ, мығым келсе, екіншісі, физикалық тұрғыда сәл әлсіздеу болуы мүмкін. Буыны қатайып келе жатқан бала кейбір дәрумендердің тапшылығынан ба, әйтеуір түрлі себеппен кей-кейде (көбіне өтпелі кезеңде) есінен танып қалатын жағдайлар кезде­седі. Мұндайда алғашқы көмек көрсетуге асыққан ересектердің «бала тілін жұтып қоймасын» деген оймен ауызға саусақ салып жіберетінін байқаймыз. Болмаса, есінен танған балаға су ішкізуге тырысатындар да сол арадан табылады. Медициналық жедел жәрдем бригадасының фельдшері Зафар Хасановтың айтуынша, бұл мүлде дұрыс әдіс емес. Бетін аулақ қылсын, тіпті бала өміріне қатерлі болуы да ықтимал. З.Хасанов мұндайда ең дұрыс амал – баланың артық қимылдан жарақат алып қалмауы үшін қырымен жатқызып, есін жиғанша мықтап ұстап тұру екенін ескертті. Кейінгі жәрдемді, емшараларды медицина мамандары келгенде асықпай жасай береді. Егер тілдің астындағы бұлшық ет немесе қақырық тыныс алу жолын жауып қалса, баланың тұншығып қалу қаупі туындайды екен. Баланы бір қырымен жатқызатыны осыдан. Сонда тіл кері кетпейді. Бала өз сілекейіне тұншықпайды. Маман есінен танып қалған баланың аузына су құю да өте қауіпті екенін ескертті. Мұндайда бала бірден тұншығуы ықтимал.

 Мектепте ойын баласы дене жарақатын көп алады. Абайсызда қол-аяғын шығарып немесе сындырып алуы да мүмкін. Осы кезде әсіресе мұғалімнің алғашқы көмегі қатты қажет болады. Қол немесе аяқтың сынғанын төрт түрлі белгіден білуге болатынын айтады нұсқаушы-фельдшер. Мәселен, сынған жер міндетті түрде ауырып, ісінеді. Түзу сүйек қисайып, ұстаған кезде сықырлағаны білініп тұрады. Міне, осы белгілерді баланың қолынан байқасаңыз, картон қағазды қолдың астына қойып, матамен сынған жерін таңып тастау керек екен. Нұсқаушы фельдшердің айтуынша, қолды таңбаса, сынған сүйек қозғалақтап айналасындағы тамыр, жүйке талшықтарын зақымдауы мүмкін. Ал мұның соңы жарақаттың асқынуына себеп болуы ықтимал. Егер бала омыртқадан зақым алса, жедел жәрдем бригадасы келгенше баланы шалқасынан жатқызып, содан соң мүлде қозғауға болмайды. Омыртқа жарақатын аяқ-қолдың дұрыс істемеуінен немесе оқушының қозғала алмауынан білуге болады дейді маман.

Тағы бір жайды айталық, мысалы дене жарақаты кезінде тамырдың кесіліп кетуі де ғажап емес. Мұндайда кез келген адам бірінші кезекте тамырдағы қанды тоқтатуға әрекет ету қажет. Жалпы, тамырдың өзі көк тамыр, күре тамыр боп екіге бөлінеді. Тамырдың соғуын күре тамырдан анықтайды. Өйткені бұл тамырда қан айналымы өте күшті болады. Ол үзіліп кетсе, қан шапшып атқылайды. Ал көк тамырда ондай емес. Дегенмен одан қан кетсе, қан тоқтағанша тамырдың үстінен қатты басып, баланы дереу медпунктке жеткізу керек. Демек қос тамырдан кеткен қанды тоқтатудың екі бөлек әдісі болады. Мәселен, көк тамыр зақымдалса, үстіне қатты зат қойып арнайы жіппен тартып байлап тас­тайды. Жоғарыда айтқанымыздай күре тамырда бірнеше минут ішінде адам көп мөлшерде қан жоғалтып алуы кәдік. Негізінен білек, мойын, тізенің артқы бөлігі, шынтақтың жоғары жағындағы тамыр соғысынан күре тамырдың өткенін біле аламыз.

«Егер күре тамыр үзілсе, дереу қолға мата орап, қан тоқтаған­ша­ матаны қатты затпен бұрай бе­ру керек. Шынтақтың жоғары бө­лі­гінен қан сауласа, қолтық астына қатты зат қойып, қолды денемен бірге таңып байлайды. Мойындағы күре тамыр кесілсе, қолды басқа ті­реп, мойынмен қосып қатты байлау қажет. «Бәле бөрік астында» де­мек­ші, кейде адамда күре тамырды зақымдап алу жағдайлары боп тұ­ра­ды. Сондықтан мұғалімдердің күт­­пеген оқиғалардың бәріне да­йын жүргені абзал», деді З.Хасанов.

Маманның айтуынша, көбі­не күре тамырдан болатын жара­қаттарды суицидке баратындар жасайтын көрінеді. Мұндайда қатал үкімге бекінгендер өлімнен аман қалса да, тамыр кесілгеннің кері әсері күрделі болатын көрі­неді. Мәселен, миға оттегі жетпей, талма ауруына ұшырауы немесе анемия, басқа да түрлі кеселдерге шалдығуы мүмкін. Яғни күре тамырдың зақымдалуынан кейінгі адам денсаулығында қалатын зардаптар өте үлкен. Сала маманы бөгде зат жұтып қойып, тыныс тарылып қалатын оқиғалар әсіресе оқушылар мен балалар арасында жиі болып тұратынын айтады. Мұндай сәттерде алғашқы медициналық көмек көрсету шапшаңдықты талап етеді. Себебі санаулы секундтардың өзі адам тағдырын шешуі мүмкін. Ең бас­тысы, мұндай қысылтаяң шақта салқынқандылық сақтау маңызды. Бірінші кезекте егер кішкен­тай бала болса, денесін еңкейтіп арқа­­сынан жоғары қарай ұру қажет екен. Ал ересек адам болса, арқасынан қапсыра құшақтап жұдырықпен асқазанның жоғарғы бөлігінен төбеге қарай бірден күшпен тартып қалу қажет. Сонда ауа қысымымен тыныс алу жолындағы кептеліп қалған зат сыртқа атып шығады.

 Оқушылар жазғы демалысқа шығып, шомылу маусымы да басталды. Мұндай кезде бала біткен өзен-көлді жағалап кететіні рас. Бірақ қауіпсіздік ережесін сақтамаудың ақыры қайғылы жағдайға соқтырып жататыны өкінішті-ақ. Дегенмен суға кетіп, аман қалғандар да көп. Мұндай жағдайда мұғалімдер абдырап қалмай, алғашқы медицина­лық көмек көрсете білуі қажет. Мәселен, суға батып, тұншығып қалған балаға аузынан бес рет үрлеп дем береді. Егер ешқандай тіршіліктің белгісі байқалмаса, көкірек тұсынан 30 рет басып, 2 рет дем беру қажет. Яғни жасанды тыныс алу әрекетін жасайды. Жасанды демнен кейін кеудеге жиналған су сыртқа шығуға тиіс. Дейтұрғанмен маман баланың басын бір жағына қарай қисайтуды ұмытпау керектігін ескертеді. Ең бастысы, мұғалімдер байбалам салмай, ішкі қорқынышын жеңіп, тәжірибеде оқып үйренгеннен жаңылмауы керек, дейді нұсқаушы фельдшер.

«Өзім қаладағы №15 орта мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Бұл тәжірибелік іс-шарадан өзіме көп нәрсе түйдім. Балалар көп жағдайда дене шынықтыру пәнінде жарақат алып жатады. Сондай кезде жедел жәрдем жетем дегенше алғаш­қы көмек көрсетуге тура келеді. Сондықтан бүгінгі «ашық есік күнінде» медицина мамандарынан білмегеніміздің бәрін тәжірибе жүзінде көріп, үйрендік. Бетін аулақ, егер балаға шұғыл көмек ­керек боп жатса, осында үйренгенімді пайдаланамын деген ойдамын. Ұстаздарға пайдалы дәріс кейін де жалғасады деген үміттемін», дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Н.Рахметов.

Қалалық жедел жәрдем стан­­­сасы шұғыл әрекет ету бөлі­­­мінің меңгерушісі Лаура Жие­на­лиеваның айтуынша, мұндай іс-шара аталған мекемеде жиі ұйымдастырылады. Жазда ойын баласы аңдамай жарақат алып қалатыны бар. Сондықтан осындай маңызды іс-тәжірибелік жиындар өте қажет дейді маман. Тағы бір жайды айтсақ, қыстыгүні балалар жиі тұмауратады. Мұндайда жедел жәрдем стансасының ұжымы ата-аналарға тұмау мен одан сақтану, үй жағдайында емделу жолдары жайында әлеуметтік желі арқылы кеңес беріп отырады екен. Ал бұл жолы жазғы демалыс маусымына орай жедел жәрдемшілер бірінші рет мұғалімдерге арнап алғашқы медициналық көмек тақырыбында тәжірибелік іс-шара ұйымдастырған.

Жедел жәрдем қызметінде арнайы телефонды ұстап қалу функциясы бар екен. Мұндайда фельдшерлер телефон арқылы үлкендерге балаға алғашқы көмек көрсетудің жолын айтып отырады. Бұл – жедел жәрдем бригадасы шақырған жерге жетіп барғанша, баланың өмірін сақтап қалу үшін қажет. Өкініштісі, көпшілік мұндай қызметтің барын біле бермейді екен. Сәйкесінше жедел жәрдемді шақырған заматта-ақ телефонды қоя салатындар көп. Мұның барлығын жақсы білетін бөлім меңгерушісі Л.Жиеналиева аталған қызметке ата-аналар мән берсе екен деген тілегін жеткізді.

 

ШЫМКЕНТ