Отанымыз – ортақ үйіміз
«Бүгін Ассамблея туы астында құрылған жергілікті жерлердегі Қоғамдық келісім кеңестерінің рөлін күшейту қажет».Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Қоғамдық келісім кеңестері
билер алқасы түрінде баяғы дала демократиясын жаңғырта бастаған сияқты
Қазақстан халқы Ассамблеясы Астана қаласында өткізген Қоғамдық келісім кеңестерінің қызметін үйлестіруге арналған республикалық семинардан көкейге біраз ой түйіп оралған едік. Мәселен, аталмыш жиында сөз алған Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі түстік өңірде Қоғамдық келісім кеңестері ауылдық жерлерде билер алқасы түрінде құрылып, ойдағыдай қызмет істеп жатқандығынан жан-жақты хабардар етті. «Осыдан біраз уақыт бұрын бір ауылда тұратын бауырлас екі этнос жастарының арасында тұрмыстық негізде жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқандықтан, жарақат алып, ауруханаға түскендер болды. Бұл аяқ астынан туындаған кикілжіңге жергілікті билер алқасының мүшелері дереу араласып, екі жақты тез арада бітімге келтірді. Кінәлілер ат-шапан айыптарын төлеп, кешірім сұрап, татуласып тынды. Әйтпегенде, полицияға арыз жазылып, жастық қызбалықпен бір-біріне жұдырық ала жүгіргендер сотталып кететін еді. Мұның өзі, әсіресе, оң мен солдарын әлі жете танып үлгермеген жеткіншек балалары түрмеге тоғытылған ата-аналардың жүректеріне ауыр қайғы салып, этносаралық араздық одан сайын шиеленісе түсуі мүмкін еді. Билер алқасы, міне, осындай үлкен қауіптің алдын алып, баяғының билерінше араағайындық міндетті абыроймен атқара білді», – деді ол. Сосын оған: «Ауылдарыңыздың билері аудандық мәслихаттардың депутаттары мен ауылдық округтердің әкімдері белгілі себептермен өз аудандарының басшыларына тура айтудан тайсақтайтын өзекті мәселелерді көтере алып жүр ме?» деген «қитұрқылау» сауал қойылып, іле: «Әрине! Мысалға, біздің бір аудандағы сумен қамтамасыз ету жүйесі кезінде жекешелендіріліп кеткендіктен, оның жұмысы жұрт көңілінен шықпай, реніш көбейіп тұр еді. Осы мәселені өзге емес, билер алқасы аудан әкімінің алдында батыл көтеріп, соның нәтижесінде тұрғындарды сумен қамтамасыз ететін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын құрылған болатын», – деген нық жауап естідік. Иә, ана тіліміз бен ата салт-дәстүріміздің қаймағы бұзылмай сақталған, қазағы қалың қасиетті өңір – Оңтүстік Қазақстан облысында билер алқалары құрылып, баяғы замандағы дала демократиясын жаңаша жаңғыртып жатқан сияқты. Осынау игі бастамаға ұйытқы болған – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Оның ел өңірлерінде Қоғамдық келісім кеңестерін құру туралы ұсынысын оңтүстікқазақстандықтар жергілікті тұрғындардың ділдік ерекшелігін ескере отырып, Қазақ елінің ежелгі халықтық билік органы болып саналатын билер институтын бүгінгі заманға үйлестіре жаңғыртуы – көкейге қонымды өнеге екендігі анық. Билер алқасы мүшелері де, оның төрағасы ретіндегі төбе би де ауылдағы ең беделді адамдардың арасынан таңдалып сайланады екен. Олардың ішінде ақсақалдар мен қарасақалдар да, келешегінен үміт күттіретін жастар да бар болып шықты. Ал қазақтармен қатар, басқа ұлттық этностар да қоныстанған елді мекендерде билер алқасының құрамында барлық этностардың өкілдері болуы қажеттігі де ескерілетін көрінеді. Сондықтан да «Барлық ауылдық округтерде ардагерлер кеңестері жұмыс істейтіндіктен, мұндай қоғамдық құрылымның қажеті қанша?» деген пікір – жаңсақтық. Шынтуайтында, ардагерлер кеңестеріне қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға атсалысу сияқты бірталай маңызды жарғылық міндеттер жүктелгенімен, күнделікті тіршілікте олардың атқаратын негізгі шаруасы – мұқтаждық көріп жүрген қарттарға қамқорлық жасау екендігі мәлім. Елге беретінін беріп, бүгінде құрмет төрінде отырған ақсақалдардан ауылдағы ірілі-ұсақты мәселелердің бәріне араласып, кейде жергілікті әкімқаралардың жіберген міндерін беттеріне басатындай айрықша белсенділік күтудің өзі қисынсыз емес пе?! «Қарттық – қуаныш емес» деп орыс халқы айтпақшы, ардагер ағаларымыз өздерінің «базардан қайтқан жандар» екенін кейде сөз арасында мойындап айтып қоятындығын естіп жүрміз. Ал билер алқасының мүшелері «базардың нағыз қайнаған ортасында жүргендер» болып табылатындығы шүбәсіз. Сондықтан да барлық деңгейдегі мәслихаттарға «ауыздарына ие бола білетін», «қой аузынан шөп алмайтын момындарды» ұнататын жергілікті әкімдердің «сүзгісінен» өтіп барып, сайланған депутаттардың айтуға дәті бармайтын кейбір көкейкесті мәселелерді солардың ғана көтере алатындығына күмән келтіруге болмас. Ал дана халқымыз «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп бекер айтпаған болар... Осы орайда ескермей болмайтын бір жайт: жоғарыда айтылған республикалық семинарға арнайы шақырылған белгілі қоғам қайраткері Мұрат Әбенов жуырда ел бойынша жүргізілген арнайы сауалдама оған қатысқандардың басым бөлігін ең әуелі – әлеуметтік әділетсіздік көріністері, сосын – сыбайлас жемқорлықтың кемімей тұрғандығы толғандыратындығын, ал өздерінің әл-ауқатының жағдайын үшінші орынға қоятындықтарын көрсеткендігін жария етті. «Біз керісінше болатын шығар деп күткен едік», – деді ол. Осы ретте Оңтүстік Қазақстан облысындағы билер алқалары сияқты Қоғамдық келісім кеңестері қоғамымызда әлеуметтік әділдік орнатуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейтуге өзіндік ықпалын тигізбей қоймасы кәміл. Семинарға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов: – Қазақстан халқы Ассамблеясын және оның облыстық бөлімшелерін құрған кезде «Осындай құрылымның қажеті бар ма? Әсіресе, қазағы қалың өңірлерде оның қажеті қанша?» – деген сын айтып, қарсы шыққан зиялы қауым өкілдері, тіпті, есімдері елге белгілі профессорлар да болған еді. Арада өткен уақыт Елбасымыздың көрегендігін айғақтап берді. Қазір Ассамблеяның атқарып отырған рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл жөнінде қазір қоғамымызда толық түсіністік бар деуге болады. Кейінгі бір жарым жыл уақыт ішінде ғана бізге 20 мемлекеттің делегациялары келіп, еліміздегі этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауда жинақтаған тәжірибемізбен танысқандығы да соның айғағы. Сол сияқты, алдағы уақытта Қоғамдық келісім кеңестері де өздерінің өміршеңдігін көрсететіндігіне сенімдіміз. Алайда, олардың маңызын әзірше өңірлердің бәрі бірдей жете түсініп болған жоқ, – деп ашық айтты. Расында да, семинарға қатысушылардан сұрастырып білгенімізде, Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысына барлық жерде бірдей тиісінше мән беріліп отырмағандығы айқын аңғарылды. Кей облыстарда, соның ішінде біздің Қызылжар өңірінде де облыстық ассамблея жанынан ғана Қоғамдық келісім кеңесі құрылған болып шықты. Ал кей облыстарда, керісінше, аудандық Қоғамдық келісім кеңестері ғана бар көрінеді. Олардың ішінде қағаз жүзінде болмаса, іс жүзінде ештеңе тындыра қоймағандары барлығы да жасырын емес... Бүгінгі алмағайып заманда жан-жағымызда және өз ішімізде не болып, нендей теріс үрдістер белең алып бара жатқанын пайымдап қарасақ, Қоғамдық келісім кеңестері әр облысқа ғана емес, әр аудан мен ауылдық округке де керектігіне көз жеткізу қиын емес. «Ауруын жасырған өледі» демекші, 130 этнос өкілдері тұратын, тіпті, таза қазақ ауылдарының өздерінде руға, одан қалды атаға бөлінушілік дерті бар елде өмір сүріп жатқанымызды жасырудың еш қажеті жоқ. Осындай нақты өмір шындығымен санасып, алыстағы ауылдан бастап, барлық деңгейде әділдік пен теңдікті сақтауға тырыссақ, мұның өзі, түптеп келгенде, тұтастай ел бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес болып қосылары даусыз. Кәрібай МҰСЫРМАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. ПЕТРОПАВЛ.