• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Айтыс 13 Маусым, 2024

Тобыл төріндегі аламан

80 рет
көрсетілді

Қостанайда халық ақыны Қонысбай Әбілдің 70 жылдығына арналған «Тобыл-Торғай топжарғаны» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Белгілі ақын Аманжол Әлтаев жүргізген жыр додасына үш бірдей «Алтын домбыра» сыйлығының иегері, оларды өкшелеп келе жатқан өзге де талантты жастар қатысты.

Қазылар алқасының төр­ағасы Жүрсін Ерман Жастар сарайына ке­ліп кір­генде, айтысқа сусап қал­ған көп­шілік орнынан тік тұ­рып, Қостанайға сағындырып барып анда-санда бір бекзат өнер­дің көш-керуенін бастап ке­ліп тұратын аяулы ақынына де­ген ыстық ықылас, құрмет-қо­шеметін көрсетіп, Жүкең өз орнына барып жайғасқанша қол соғып тұрып алды.

Айтысты сағынып қалған жұрттың көптігі сонша, мың адамдық көрермен залынан бос орын табылмай қалды. Ер­терек келіп жайғасқан жас­тар жағы кейін келіп жатқан үл­кен кісілерге орнын беріп, ұлт­тық өнер сайысын босағада тік тұ­рып тамашалауға мәжбүр бол­ды. Айтыстың қызығын кө­ру­ге облыс орталығының тұр­ғындары ғана емес, қаланың ірге­сіндегі Қостанай, Алтын­сарин, Меңдіқара аудандарынан арнайы ат арытып жет­кен айтыссүйер ағайынды алдымен облыс әкімінің орынбасары құт­тықтады.

«Аламанға арқау болып отыр­ған Қонысбай ағамыз қазақ руханиятына, төл мәдениетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғамыз еді. Міне, бүгін аяулы ақынға арналып өнер кеші өтіп жатыр. Айтыскер ақындарымыз ағамыздың азаматтық келбетін, тұлғалық бейнесін, халыққа қыл­ған қызметін, артында қалған мол мұрасын жырға қосады деп сенеміз. Ақындарға сәттілік!», деді Ринат Мұхамбетқали.

Іле айтыс тізгінін ұстаған Аманжол Әлтай сахнаға шығып зал толы жұртқа кіріспе сөзін арнап, бұл жолғы айтыстың бағыт-бағдарын аңдатты.

«Сіздердей сахи болмысты жұрттың алдына келуіміздің мә­нісі – терең, мақсаты – айқын. Өйткені биыл – Торғай төрінде дүниеге келген, алашты «әй-әйі­мен» әлдилеген Қазақстанның ха­­лық ақыны Әбілдің Қоныс­­ба­йының 70 жылдығы. Ұлт руха­ния­тына еңбек сіңірген талай тума та­лантты дүниеге әкелген Торғай то­пырағынан түлеп ұшқан қа­зақ­тың Қонысбайы кешегі Нұр­жан, Нұрқан ақындардың саф өнерін жалғап, жаңғырт­ты. Өт­кен ғасырдың сексенінші жыл­да­ры осы Торғай атырабында айтыс­тың ақ байрағын көтеріп шық­қан Қонысбай ағамыздың көш-керуені бүгін қазақ айтысының келбетіне айна­лды. Ендеше, қа­зақтың ұлт­тық өнерінің, ұлық өне­рінің мерекесі құтты болсын! Айтыс – қазақтың ғана маңда­йы­на жа­зылған қасиетті де, қастер­лі өнер. Ат сүрінгенше ой табатын, қыз кірпігін қаққанша сөз табатын қазақ ақындарының ерекше болмысы – бұл әлем хал­­қын таңғалдыратын ерекше құ­былыс. Ендеше, бүгінгі айтыста тау тұлғалы Қоныс ағамыздың күр­делі болмысын ақындар жан-жақ­ты ашып, жырға қосады деп ойлаймыз. Ол кісінің ақындық арыны, жазушылық келбеті, қа­лам­­герлігі, қайраткерлігі – бү­гінгі ақындарымыздың тіліне тиек бол­мақшы», деді Аманжол Әлтай.

Одан кейін қазақ даласының түкпір-түкпірінен келген от ауыз­ды, орақ тілді ақындар кезекпе-кезек көпшілік алдына шығып, сөз қағысты. Сөз қа­ғы­са оты­рып, алдын ала өзде­ріне берілген та­қырыпты ашып жыр­лап, ел кө­кейін дөп басқан көр­кемсөз, кө­рікті ойдың тиегін ағыт­ты. «Аты жай Торғай болға­ны­мен, қа­шан­нан қыран – ме­кені, Сен қанат қақ­қан өлкенің алыс­қа даңқы кете­ді, Абайдай ұлы болуды арман­­дап әркім өте­ді, Ал өзіме Нұрхан­­­дай ақын бол­сам жетеді», деп сан қырлы талант иесі бола тұра тір­лікте қара­пайым қалпынан айны­май өт­кен Қонысбай ақынның артына қал­дырып кеткен мол мұрасын, адами қалпын дәріптеп жырға қосты.

Бұл жолғы айтыстың ерек­шелігі – ел алдына шыққан алты жұпқа алты тақырып берілді. Мысалы, сахнаға бірінші бо­лып шыққан айтыстың ақтаңгері, Қонысбай Әбілдің шәкірті Айбек Қалиев пен «Алтын дом­быраның» үш мәрте иегері Мұх­тар Ниязов есімдері Торғай хал­­­қының жүрек төрінен орын ал­ған Өзбекәлі Жәнібеков пен Еркін Әуелбеков сынды тарлан тұлғалардың елге еткен еңбе­гін, азаматтық тұлғасын асқақтата жырлады. Нұрбол Жауынбаев пен Аяз Ниязбектің жұбы Ахмет, Міржақыпты, Сәкен, Ілияс, Бейімбетті жырға қосты. Жарқын Жұпархан мен Салтанат Өтелбаева «Әкеңді ардақта, анаңды аяла» тақырыбын қаузай талдап, әдемі жырлап шықты. Рүстем Қайыртайұлы мен Шұға­йып Сезімхан «Кітап – білім бұ­лағы, телефон тұтқынына ай­нал­майық» деген тақырыпта­ғы әлеуметтік мәні бар салмақ­ты дүниені жеріне жеткізіп жырлай алды.

Арқалы ақын Қонысбай Әбіл­дің ел тәуелсіздігінің бастап­­қы жылдары солтүстікке көш тү­зеген зиялылар легінің алды болып Астанаға қоныс аударып, мемлекеттік тілдің мерейі үстем болуы үшін, тіл тазалығы үшін үлкен күрес ашқанын ел ұмытқан жоқ. Маңдайын тасқа да, жарға да соғып жүр­ген сол бір қиын кезеңнің жүй­ке қажытқан бір сәтінде ақын: «Тіл игеру тың игеруден де қиын екен» деп күрсін­ген екен. Сахна төріне шыққан ­айтулы ақындар Қонысбай Әбілдің ақындық өнері мен басқа да толып жатқан асыл қасиеттерін тілге тиек етті.

«Қонысбай ағаның қай айтысын алып қарасаңыз да, шұбырт­па жоқ, нақты бір шумаққа үл­кен бір ойды сыйғызып айтады. Бет-әлпетінде салт-дәс­түр, сал-серілерге тән өзінің ерек­шелігі болған, өзінің әуені бол­ған. Елшілдік мәселесін, тіл мәсе­лесінің майын тамызып, қанын ағызып айта алатын. Ол кісінің көтерген тақырыбы да, істеген қызметі де осы руханияттың төңірегінде болды. Қоныс аға­ның әншілігіне, сазгерлігіне, тауып айтқыштығына, ақынды­ғына, қайраткерлігіне біз таңға­ла­тынбыз», дейді «Алтын домбыра» иегері, ақын Рүстем Қа­йыр­­тайұлы. Тобыл төріндегі ақын­дар аламаны 6-7 сағатқа со­зылды. Қалың көрермен осы уақыт ішінде бір тап­жылмай, кіл жүй­ріктің ішін­дегі шын жүйрікті көм­бе басынан елеңдей күтті.

Айтыс қорытындысында қа­зы­лар алқасының ұйғарымы­мен жүл­делі 3-орынды бөліс­кен Рүстем Қайыртай мен ақтөбе­лік Нұр­жан Қоңыртаевқа 600 мың тең­геден қаржылай сыйлық беріл­ді. 800 мың теңге жүлдесі бар 2-орын Әсем Ережеқызы мен Шұғайып Сезімханға бұйыр­­ды. 1-орын алған айтыс ақтаң­гері Айбек Қалиев 2 млн теңгеге ие бол­ды. Сондай-ақ демеушілер әде­мі өнерімен ел қошеметіне бө­лен­ген Қостанайдың ақын қызы Салтанат Өтелбаеваға Кәмшат Дөненбаева атындағы ақшалай сыйлықты табыс етті. Ал аламан­ның 3 млн теңгелік бас жүлдесін «Алтын домбыраның» үш дүр­кін иегері Мұхтар Ниязов жеңіп алды.

 

Қостанай облысы