Тәуелсіздік алған жылдан бері Қазақ елі әлемдік аренада бейбітшілік бесігі ретінде танылып келеді. Айналамыздағы елдердің көпшілігінде түрлі қақтығыстар мен соғыс өрті тұтанғанда біз сары майдан қыл суырғандай салмақты дипломатияның, өзге мемлекеттермен мәмілегер қарым-қатынасымыздың, ұлттық бірлігіміз бен елдегі экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтың арқасында шаңырағымызды шайқалтпай, тыныштығымыздың тұнығын лайлауға жол бермедік.
Қазақ елі әлемде бейбітшіліктің орнауына рухани тұрғыда да, іс жүзінде де өз үлесін қосып жатыр. Рухани тұрғыда дейтін себебіміз – 2003 жылдан бері елорда төрінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жеті бірдей съезі өтіп, бір үстел басында отырмайтын, бір-бірінің қолын алуға арланатын түрлі дін өкілдерінің басын тоғыстырып, өзара достыққа шақырды. Қазір келесі жылы өтетін сегізінші съезге дайындық жүріп жатыр. Ал нақты іс жүзіндегі мысалға келсек, біз 1992 жылдан бері әлемнің әр түкпіріндегі қақтығыс нүктелеріне бітімгерлік күштерімізді жіберіп, тыныштық орнатуға үлес қосып келеміз.
Жуырда Сингапурға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі күні әлем елдері экстремизм, терроризм, кибернетика, климаттың өзгеруі, жаппай миграция және эпидемия секілді келеңсіздіктерден зардап шегіп отырғанын айта келе, Астана мен Сингапур дамып келе жатқан орта державалар ретінде мұндай бөліну мен жіктелуге көз жұмып қарай алмайтынын жеткізді. «Қауіп-қатер өте зор. Егер шара қабылдамаса, тағы бір қырғиқабақ соғыс зобалаңына тап келуіміз әбден мүмкін. Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз. Кейде біздің ұстанымымызға күмәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабылдамаған жөн. Керісінше, оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогті таңдау деп түсінген абзал», деді Мемлекет басшысы.
Еліміздің БҰҰ шақыруы негізінде отты нүктелердегі жанжалдарды тоқтатуға өз әскерін жіберіп үлес қосуы да – түрлі қақтығыстардан бейтарап болғанымызбен, әлемде қалыптасқан жағдайға бей-жай қарамайтынымыздың белгісі. 1992 жылы 7 қыркүйекте сол кездегі Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің бұйрығымен еліміздің 35-жеке гвардиялық әуе-десант бригадасының 300 жауынгері тәжік-ауған шекарасындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге аттанған еді. 2001 жылдың ақпанына дейін 10 мыңнан астам қазақ сарбазы ТМД мемлекеттерінің оңтүстік шекарасын қорғауға қатысты. Бұлар еліміздің алғашқы бітімгерлері ретінде тарихта қалды.
Ал 2017-2018 жылдары еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде қабылданғаннан кейін бітімгерлік бағытында көптеген ауқымды жұмыс атқарды. 2018 жылы Орталық Азия мемлекеттері арасында бірінші болып БҰҰ миссиясы аясында Ливанға құрамында 500 сарбазы бар өзіміздің бітімгерлік бөліністерімізді аттандырдық.
Әскеріміздің көп жылдан бергі тәжірибесі негізінде атқарылған шаралар, осы саладағы белсенді ұстанымы Қауіпсіздік Кеңесі мен ондағы жұмыс органдары тарапынан жоғары бағаланып жүр. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмай, еліміз бітімгерлік миссиясына қатысу жағрапиясын әлі де кеңейтуге бейіл. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Швейцарияға сапары барысында айтқан болатын. Ал 2022 жылы Мемлекет басшысы Парламентте өз әскери қызметкерлерімізден құралған шектеулі контингентті БҰҰ миссиясы аясында бірқатар мемлекетке жіберуді ұсынды. Бұл елдер қатарында Оңтүстік Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Мали және Ливан бар.
Көп өтпей Парламент Қарулы күштеріміздің БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысу ауқымын кеңейту туралы шешім қабылдап, 2022 жылы жазда екі әскери қызметшіміз Орталық Африка Республикасына (ОАР) жіберілді. Олар бір жыл бойы БҰҰ-ның ОАР-дағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі көпсалалы кешенді миссиясының құрамында штаб офицерлері ретінде қызмет етті. БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің қарарына сәйкес бітімгерлік миссия әрі қарай жалғасып жатыр. Былтыр Қазақстан Қарулы күштерінің тағы екі офицері Орталық Африка Республикасына аттанды.
Ал біз үшін БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарында қақтығысқа түскен тараптар арасындағы кикілжіңді тоқтату үшін дербес әскери контингентімізді жіберуімізді тарихи қадам деп атауға негіз бар. Осы жылдың басында Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бітімгерлік контингентін БҰҰ миссияларына қатысуға жіберу туралы ұсынысын қолдап, дауыс берген болатын.
Сол жиында Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов: «Әскери қызметшілерді бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін БҰҰ бітімгерлік миссиясына жіберу Парламенттің бұрын қабылдаған бірнеше қаулысына сәйкес жүргізіледі. 2014 жылдан бастап 57 Қазақстан офицері БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы, Кот-д’Ивуардағы, Малидегі, Орталық Африка Республикасындағы және Ливандағы миссияларына әскери байқаушы және штабтық офицер ретінде қатысты. 2017 жылдан бастап 538 әскери қызметшіміз бітімгерлік бөлімше құрамында «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына тер төкті. Ұйым басшылығы офицерлердің жауынгерлік машығына жоғары баға беріп, ұйымның миссиясында Қазақстан бітімгерлерінің санын ұлғайтуды қолдауға дайын екенін білдірді. Контингентті миссияға жіберу халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосып, еліміздің жаһандық аренадағы рөлін арттыруға ықпал етеді», деді.
Әлем мемлекеттерінің қорғаныс әлеуеті және геосаяси мәселелерді зерттеуші америкалық сарапшы Уильдер Алехандро Санчес Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша бітімгерлік әскері құрамында (UNIFIL) қазақ сарбаздарының да тұрақтылықты сақтауға үлес қосқанын және жоғары нәтиже көрсеткенін айтады. «Қазақстан – Орталық Азиядағы басқа елдерге қарағанда бітімгершілік миссиясында көп қызметкері бар мемлекет. Мәселен, Қырғызстан небәрі 12 адам ғана жіберген. Қазақ сарбаздары UNIFIL аясындағы миссиясын сәтті орындады деуге толық негіз бар», деді ол «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында.
Иә, шын мәнінде, біздің еліміз Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде жетекші рөлді ойнайды. Көршілерімізбен және халықаралық серіктестермен белсенді түрде ынтымақтаса отырып, кикілжіңдерді жою және аймақтық бейбітшілікті нығайтуға үлес қосып келеміз. Еліміздің бітімгерлік күштері өз аймағымыздағы қауіпсіздікті сақтауға да өз үлесін қосып жүр.
Біз бітімгерлік саласындағы әлеуетімізді үнемі арттыру үстіндеміз. Бітімгерлерді оқыту мен дайындау, ол үшін мамандандырылған орталықтар мен бағдарламалар ашу жұмыстары үнемі жүргізіліп жатыр. Бұның бәрі біздің әскери қызметкерлерімізге ең күрделі әрі қиын тапсырмаларды сәтті орындауға, өзінде бар білімді шетелдік әріптестеріне беруге мүмкіндік ашады. Өйткені біз өзімізде салтанат құрған тұрақтылық пен бейбітшілікті әлемнің басқа да жерлеріне жаюға мүдделіміз.
Өткен айда Голан жоталарындағы Фауар бітімгерлік базасында еліміздің Мемлекеттік туын көтеру салтанатты рәсімі өткен болатын. Отан қорғаушы күні орын алған бұл тарихи оқиға рәміздік маңызға ие. Еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын өз бетінше орындауға мандат алуы – ел әскери қызметшілері дайындығының жоғары деңгейін және әлемдік аренадағы беделін мойындаудың дәлелі.
Салтанатты іс-шараға қатысқан миссия командирі, генерал-лейтенант Курмал Нирмал мен миссия құрамындағы бітімгерлік контингенттердің басшылары бұл тарихи сәттің маңызын атап өтті. Ұлттық бітімгерлік контингенттің командирі, подполковник Жігер Аипов та бұл іс-шара бейбітсүйгіш Отанымызды сырт жерде таныстырудың үлкен мәртебе және жауапкершілік екенін айтты.
Қазіргі таңда отандық бітімгерлік контингент құрамындағы 139 сарбазымыз Голан жоталарында миссия қолбасшысының резервтік ротасы ретінде жауапкершілік аймағында патрульдеу, блок-бекеттерін күзету және жарылыс қаупі бар заттарды тазарту жөніндегі міндеттерді орындап жатыр. Оның жеке құрамы миссия штабы орналасқан Фауар базасында шоғырланған. Өздеріне жүктелген міндеттерді тиімді орындау үшін барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бітімгерлік қызмет – еліміздің сыртқы саясатының бөлінбес бөлшегі екенін үнемі айтып келеді. Жоғарғы Бас Қолбасшының тікелей ұйытқы болуының арқасында еліміздің бұл саладағы беделі артып, өзге мемлекеттерге үлгі болып келеді. Тұрақтылығы шайқалып, өзге елдерге қол жайып, көмек күтетін емес, керісінше, әлемге бейбітшілік нұрын шашатын, өз әскерін басқа аймақтардағы жанжалды тоқтату үшін жіберетін елге айналуымыз біз үшін үлкен мақтаныш. Ғаламдық қатерлерге қарсы тұру бағытындағы миссиямыз алдағы уақытта да сенімді түрде жалғаса бермек.