Қордай десе, Алатаудың ар жағындағы айырқалпақты ағайынмен ауылы аралас, қойы қоралас жатқан шекарадағы аудан еске түседі. Ән мен жырдың кеніне айналған Кенен Әзірбаев туған өңірде кәсіптің көзі мен нәсіптің өзін тапқан іскер азаматтар аз емес. «Куликов және К», «Қордай сүт өнімдері» серіктестіктері ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп келеді. Кондитерлік және сүт өнімдерін өндіруге дағдыланған кәсіпорын басшылары жыл өткен сайын кәсіпкерліктің өрісін кеңейтіп жатыр.
Серіктестік басшысы Ислам Давуздың айтуынша, мұнда «Сладари» маркасымен сүт өнімдерінің 70-тен астам түрі шығады екен. Жиырма жылға жетеғабыл уақыт тынымсыз жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын осы саладағы жоғары марапаттың біразын иеленген.
«Қандай да бір өнім алу үшін кәсіпке бет бұрған азамат алдымен озық технологиялармен жұмыс істеуге ден қойғаны абзал. Сонда ғана ол өз ісін ілгерілете алады. Сондай-ақ табиғи шикізатты пайдаланудың маңызы зор», дейді ол.
Сан мен сапаны қатар алып жүрген серіктестік басшысы жаңа өнімдер желісін алдағы уақытта Еуропа елдеріне экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде осы бағыт бойынша нақты жұмыстарды қолға алған. Қысқасы, мұндағы жұмыс ауқымына қарап, «Куликов және К» ЖШС-ның кондитерлік өнімдері кәрі құрлыққа жол тартатын күн алыс емес. Серіктестік қазіргі кезде балмұздақтың 120 түрін шығарады. Кәсіпкердің айтуынша, соңғы уақытта сүт өнімдеріне деген сұраныс айтарлықтай артқан. Сондықтан ол ассортиментті кеңейтуге күш салып жатыр.
«Біздің ауданда өндірілетін балмұздақ түрлері еліміздің әр қиырындағы қалалардың дүкен сөрелерінде толып тұр. Өзімізге ғана тән арнайы рецептімен шығарылған балмұздақтардың эксклюзивті түрлеріне қызығушылардың қатары артқаны қуантады. Әсіресе мұздатылған және кептірілген жидектер араласқан балмұздақтың жаңа түріне сұраныс жоғары», дейді кәсіпкер.
Ислам Давуз басқаратын серіктестіктің табиғи таңқурай мен құлпынай араласқан «Сладари Востока» өнімін жоғары бағалаушылардың қарасы қалың. Ілгеріде жұртшылыққа етене таныс «Пломбир» мен «Қарақұм» секілді тәтті балмұздаққа жаңа рецептімен айрықша дәм бергенін де айта кеткен ләзім.
«Өндіретін өнімдерімізді брендке айналдыру үшін қолдан келгенше жұмыс істеп жатырмыз. Менеджерлік және маркетингтік қадамдардың маңызы қай кезде де зор. «Сладариді» брендке айналдыру үшін арнайы көліктер қолданамыз. Сондай-ақ өнімнің қаптамасына қатысты дизайнға да айрықша ден қоямыз. Мұның барлығы өнімнің бренд болуына септігін тигізетіні даусыз», дейді И.Давуз.
Нарықты экологиялық таза өніммен қамтамасыз етуді мақсат еткен серіктестік сол идеяның үдесінен шығып отыр. Қазір «Қордай сүт өнімдері» кәсіпорны өндіретін тәттілерге деген сұраныс айтарлықтай ұлғайды. Мұның барлығы тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесі. Зымырандай зулаған уақыт көші алға озса да, серіктестік қызмкеткерлері өздері алға қойған мақсаттан еш айнымағаны рас.
Ислам Давуз басқаратын кәсіпорын алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытына да ден қойып отыр. Нақтырақ айтсақ, ашытылған сүт желісін іске қосып, өндіріс көлемін арттыру жолдарын қарастырып көрмек. Әрине, ол үшін табиғи сүт жеткілікті болуы шарт. Осы бір өзекті мәселе ретімен шешілсе, «Снежок» ванильді айранының дәмін сағынғандар аңсаған өніммен қайта қауышуы ықтимал.
Жамбыл облысы,
Қордай ауданы