Шымкентте жұмыссыз азаматтардың кәсіпкерлік бизнес-жобаларын қаржылай қолдауға бағытталған гранттық конкурстар өтіп жатыр. Біз соның біріне барып, үміткерлермен, байқау ұйымдастырушылармен тілдесіп қайтқан едік.
Белсенді өмір сүру орталығы ғимаратында байқау таңғы сағат 10-да басталды. Бірақ үміткерлер ерте келіп, кезекке тұрып қойыпты. Солардың ішінен қолына құжаттарын ұстаған жас жігітті әңгімеге тарттық.
Өзін Ербол Жәнібек деп таныстырған ол ешкі шаруашылығы бойынша бизнес жобасын қорғауға келіпті. Айтуынша, Сексек ата төлінен көл-көсір пайда табуға болатын көрінеді. Жобасында күніне 1,5-5 литрге дейін сүт алып, одан құрт, ірімшік, айран, йогурт басқа да өнімдер жасап сату көзделген. Үміткер қаланың Қайтпас шағын ауданында тұрады. Үйінің сыртында 15-20 ешкіні бағатын жайылым жер бар екен. Қоражайы да дайын секілді. Грант қаражатына асыл тұқымды голландиялық он заанен ешкісі мен бір теке алмақшы. Е.Жәнібектің айтуынша, кезінде Темірлан ешкі фермасы болатын. Кейін ол тарап асыл тұқымды ешкілерді қаланың шаруашылықтары бөліп алған көрінеді. Малды солардан барып сатып аламын дейді.
Заанен ешкісі күніне 1,5-5 литрге дейін сүт береді екен. Аса қатты күтімді де қажет етпейтін малдың тұқымынан дейді. Шөптен жоңышқа, жемнен майдаланған жүгері, арпа берсе болғаны. Ал текені жыл сайын ауыстырып тұру керек екен. Ол қан тазалығы үшін қажет. Ешкі бағатын шаруашылықтарда теке көп, солармен ауысып отыруға да болатынын айтады кейіпкеріміз. Ерболдың Темірлан ешкі фермасында жұмыс істеген достары бар. Солардан тәжірибе алмасып, осы кәсіптің қыр-сырын үйреніпті. Қазір достары ешкі бағып табысты кәсіпкерге айналған. Кейіпкеріміз жалпы ешкінің сүті өте пайдалы, әсіресе сәбилерге, қарт кісілерге пайдасы мол екенін айтады. Ешкі сүтінің бір жақсысы аллергия тудырмайды. Дүкендерге таратумен бірге, қарапайым тұрғындар инстаграмм, ватсап әлеуметтік желісіндегі жарнама арқылы іздеп тауып, сатып алады екен. Кейіпкеріміз үйінің жанында кішігірім тұрғызған кепесі барын, соны цехқа айналдырып, биыл сүт, айран, құрт істеп, келесі жылы йогурт, ірімшік, брынза жасауға кірісетінін айтты. Ешкінің сүтіне сұраныс азаймаған. Пайдалы элементтері бойынша ана сүтіне жақын. Бүгінде сатылу бағасы 700 теңгеден басталып, мың теңгеден асады. Дүкендерде ешкі сүтінің өтпей қалған кезі болмаған дейді. Бір ешкінің құны 130 мың теңгенің үстінде болса, лақтары 60 мың теңгенің төңірегінде екен. Ерболдың негізгі мамандығы электрик. Бірақ оның бар арманы – ешкі шаруашылығын қолға алу. Бір жарым миллион теңге грант қаражаты ойда жүрген бизнес жобасын іске асыруға жететінін мәлімдеді. Сол себепті байқауға қатысып, үлкен үмітпен келіп отыр екен. Біз де оның алдағы істеріне сәттілік тіледік.
Бізбен тілдескен тағы бір үміткері Дана Сапарова үйінде той-жиынға тапсырыспен түрлі тәтті пісіреді. Көпбалалы ана. Төрт бала-шағасы бар. Күйеуі денсаулығына байланысты еңбекке жарамайтындықтан үйінде жұмыссыз отыр. Кейіпкеріміз әлеуметтік желі арқылы түрлі той-томалақ, құдайы тамақтарға, дүкендерден тапсырыс қабылдайды. Төрт баласы да әлі кішкентай, оның үстіне үлкені ұл болғандықтан бауырсақ, самса, тәттілерді бір өзі пісіреді екен. Енді кәсібін кеңейтіп, жанына көмекші алсам ба деген ниетпен конкурсқа қатысып көруге ниетті. Қазір келіншек тапсырыс өнімдерінің бәрін үйінде дайындайды. Ас бөлмедегі газ плитасы мен тоңазытқыш аздық қылып жатыр. Сондықтан есігінің алдынан кішігірім цех болатын ғимарат салып, ішін грант қаражатына сатып алатын кулинарлық керек-жарақтармен жабдықтамақшы. Ең бірінші қажет дүние ол үлкен газ плитасы мен тоңазытқыш, сосын миксер мен асүй комбайны дейді. Көзге көрінбейтін майда-шүйде заттардың өзіне әжептәуір ақша кетеді екен.
Тапсырыспен түрлі бәліш, тәттілер пісіретін жандардың жарнамасы қазір әлеуметтік желіде өте көп. Тіпті осы саладағы кондитерлік желілік дүкендер де дамыған. Тапсырыс берсеңіз болғаны, өздері пісіріп, келісілген уақытта айтқан мекенжайыңызға жеткізіп береді. Кейіпкерімізге осы сауалды қойғанда біз тұрып жатқан үйіміздің айналасында ондай қызу бәсекелестік жоқ, бәрі мен пісірген өнімдерді ұнатқандықтан тек маған ғана тапсырыс береді деп күлімсірей жауап берді. Өзіне деген сенімі күшті болғандықтан да тәуекелге бел буып, байқауда бағымды сынап көрсем деп келіпті. Күйеуі де, өзі де жұмыссыз, шиеттей бала-шағасы бар бұл отбасының негізгі табыс көзі балаларға берілетін жәрдемақы болса, бір жағынан тапсырыстар арқылы түсіп жатқан пайда да күнделікті шығынның бір бөлігін жауып отыр». Кезінде информатика пәнінің мұғалімі деген педагогикалық мамандықты бітіргенімен, тұрмыс құрғалы бала-шағамен үйден шыға алмапты. Қазір де мектепке жұмысқа тұрғысы келеді, алайда кішкентай балаларына қарайтын адам болмаған соң үй жағдайындағы кәсіпкерлікті қолайлы көреді.
Ержан Аяпбергенов есімді тағы бір үміткермен сөйлескенімізде грант қаражатына компьютерлік құрал-жабдықтар сатып алу ойында бар екенін білдік. Кеңселік техника оған түрлі электронды құжаттарды толтыру үшін қажет екен. Себебі ол тұрмыстық техника дүкендерінен зат сатып алған клиентке тауар жеткізуші болып жұмыс істейді. Затты клиентке апарып берген соң арада алыс-берісті растайтын құжаттар керек болады. Соларды рәсімдеу үшін компьютерлік қызмет орталығына баруға мәжбүр. «Жеке өзімнің кеңселік техникам болса, қиналмас едім, соған қарай жүктемені де көбейтуге болар еді», дейді.
Өз кезегінде байқаудың комиссия төрағасы, Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Рүстем Әшетаев биылғы конкурстың ерекшелігі туралы айтып берді.
Жауапты тұлғаның мәлімдеуінше, бұл жолғы конкурста грант қаражаты 1 млн 476 мың теңгеге өскен. Былтыр оның көлемі 1 млн 300 мың теңгенің төңірегінде болған екен. Сондай-ақ үміткерлердің бизнес-жобалары комиссия мүшелерінің алдындағы компьютерде электронды нұсқада көрініп тұрады. Комиссия мүшелері тек алдында жатқан бағалау қағазын ғана жазбаша толтырады. Бұл бірінші кезекте қағазбастылықтан арылту үшін жасалып отыр. Сонымен бірге әрбір үміткердің бизнес-жобасын қорғаған сәті Facebook пен Instagram желісінде тікелей эфир арқылы көрсетіледі. Комиссия төрағасы ұйымдастырушылардың мұндай қадамға, ең алдымен, байқаудың ашықтығы пен мөлдірлігін қамтамасыз ету үшін барғанын жеткізді. Антикор қызметіне де бақылаушы ретінде комиссия отырысына қатысуға хат жолданыпты.
«Осы тұста айта кеткен жөн, бизнес жобалардың біразынан қате байқадық. Кейбірі бұрынғы жобаларды көшіріп әкеле салған. Бизнес жобаны жасап берген азаматтар тиісті еңбекақысын алса да өз жұмыстарында көп қателік жіберген. Соның салдарынан қолдағымыз келген жобаларды техникалық қателіктерге бола жоғары бағасын бере алмадық. Бизнес бастамалардың ішінде жылдағыдай кондитерлік, жартылай фабрикатты өнім әзірлеу жобалары өте көп. Дегенмен оған енді сервистік қызметтер қатары қосылып жатыр. Мәселен, оның арасында кофе қайнату аппаратын сатып алып, жалға беру секілді қызметтер бар. Алайда грант қаражаты мұндай сервистік қызмет жобаларына берілмейді. Негізінен басымдықты өнім өндірушілерге бұрып жатырмыз. Бизнес жобаны дұрыс жасап әкелген азаматтардың көпшілігі грант қаражатын жеңіп алатынына ешқандай күмән жоқ. Жобаны қатесіз жасау үшін алдымен ережесімен жақсылап танысып алып, сосын жұмыссыздық мәселесімен айналысатын орган «Мансап» орталығындағы мамандардың кеңесіне жүгіну қажет. Егер жоба солардың ақыл-кеңесімен жасалса, ешқандай қателік болмауға тиіс», деді Р.Әшетаев.
Комиссия төрағасының айтуынша, биыл мемлекеттік грант қаражаты Шымкент қаласы бойынша 426 жеңімпазға үлестіріледі. Бүгінгі конкурс нәтижесіне қарай оның тең жартысы грантқа қол жеткізсе, қалған жартысы жыл соңына таман өтетін екінші конкурстың қорытындысынан кейін алатын болады. Ал жалпы гранттық бизнес жобасы байқауына қатысуға 1 200-ге жуық адам өтініш қалдырған.
Бір айта кетерлігі байқауда жеңімпаздарды анықтау комиссиясының мүшелігінде кезінде 5 жыл бұрын осы байқау бірінші рет басталғанда алғашқы болып грант жеңіп алған Нулифар Сайдуллаева есімді жас кәсіпкер келіншек те бар. Бүгінгі таңда 30 адамды жұмыспен қамтып отырған іскер әйел жеке оқыту орталығы, тігін цехы секілді бизнес жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді.