• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Маусым, 2024

Шайқорықтағы емхана

51 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Бір жыл бұрын басталған жоба биыл да сәтімен жалғасып жатыр.

Жыл басында өткен Үкімет отырысында Денсау­лық сақтау министрі Ақ­ма­рал­ Әлназарова 2024 жылы қанатқақты ­жо­ба аясында 655 нысанды пайдала­нуға беру жоспарланып отырға­нын айт­қан болатын. Министр жоба аясын­дағы жұмыстар еліміздің бар­лық қиырында жоспарға сәйкес атқа­ры­ла­тынын тілге тиек еткен еді. Ұлт­тық жоба шеңберінде Жамбыл облы­сында қандай жұмыс қолға алынып жа­тыр?

Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова келтірген дерекке жүгінсек, өткен жылы медицина саласын дамы­туға қазынадан 14 миллиард теңге қарас­тырылған. Жалпы алғанда 24 нысанның құрылыс жұмысы жүргізілсе, оның 10-ы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асқан.

Қанатқақты жоба аясындағы жұ­мыс­­тар биыл да сәтімен жалғасып жатыр. Өңірде ұзын саны 26 денсаулық сақ­тау нысанының құрылыс жұмысы қолға алынған болса, оның 20-сы «Ауылда денсаулық сақтауды жаң­ғыр­ту» ұлттық жобасына енген. Бір сөз­бен айт­қанда, шалғайда жатқан бірқа­тар ауылдағы амбулатория мәселесі осы жылы ұлт­тық жоба аясында шеші­мін табатын көрінеді.

Өңірде жоспардағы нысандардың алғашқысы пайдалануға берілді. Об­лыс орталығына таяу маңдағы Шай­қорық ауылының 6 мыңға жуық хал­қы ілгеріде тоз-тозы шыққан ескі ғи­ма­ратқа тәуелді болған еді. Ол аз десеңіз, диагностика мен талдау жасау үшін жергілікті халық 25 шақырым қашықтықты артқа тастап, аудан орталығы Аса ауылына сабылатын. Ауыл­дықтарды алаңдатқан өзекті мәселе ұлттық жоба аясында шешімін тауып отыр.

Жақында Шайқорықтағы жаңа амбула­то­рияға Үкімет басшысы Олжас Бекте­нов ат басын бұрып, жоба аясында қолға алынған жұмыстарды зерделеді. Елді мекен тұрғындары сарыла күткен су жаңа емдеу мекемесінде арнайы зертхана, УДЗ, ЭКГ және басқа да аса қажетті құрылғылар бар. Бір сөзбен айтқанда, ауылдағы ағайын армандаған амбулаторияда негізгі құрылғылар жеткілікті.

Жалпы алғанда, Президент баста­масымен қолға алынған «Ауылда ден­сау­лық сақтауды жаңғырту» ұлт­тық жобасының жергілікті халық үшін де, билік үшін де пайдасы зор. Мәсе­лен, жоба аясында атқарылған жұмыс нәти­жесінде тозығы жеткен медици­налық ғимараттардың қарасы азаяды. Бұл көрсеткіш күні бүгінге дейін 40,3 пайызды құраған болса, осы жы­лы құрылысы аяқталатын нысандар есе­бінен көрсеткіш 36,5 пайызға дейін төмендемек.

Қалай десек те кейінгі жылдары өңір медицинасын өркендетуге айрықша ба­сымдық беріліп отыр. Нақтырақ айтар болсақ, 4,5 миллиард теңге қара­жатқа 125 бірлік медициналық құрал жаб­дық пен 30 санитарлық автокөлік сатып алынды. Сондай-ақ жергілікті би­­лік дәрі­герлердің тапшылығын жою, ақ халатты абзал жандардың бі­лік­­­тілігін арттыруға да айрықша ден қойған.

 

Жамбыл облысы