• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Құқық 18 Маусым, 2024

Отбасы институтын нығайту қадамы

87 рет
көрсетілді

Елімізде отбасы мәселелерін шешу үшін кейс-менеджмент енгізіліп жатыр. Сарапшылар Орталық коммуникациялар алаңында Әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жаңа заңның ережелерін егжей-тегжей түсіндірді. Құжатқа Президент 15 сәуірде қол қойды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған еді. Осы мақсатта қабылданған заңда отбасылар мен бала­ларға көмек көрсету инфрақұрылымы жасалған. Сондай-ақ зорлық-зомбылықты ерте анықтау және оның құрбандарына көмек, бала құқықтарын қорғау сала­сындағы мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі нормалар енгізілген.

– Қылмыстық кодексте кәмелетке тол­мағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмысы бойынша татуласу мүмкіндігі алынып тасталды. Денсаулыққа қасақа­на ауыр, ауырлығы орташа зиян келтір­гені үшін және азаптағаны үшін жауапкер­ші­­лік күшейді, бас бостандығын шектеу сияқ­ты жаза түрі алынып тасталды. Кәмелет­ке толмаған адамды зорлағаны үшін енді тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы болады (бұрын 20 жылға бас бостандығынан айыру баламасы болған еді). Адам ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру қылмысы үшін жаза күшейді. Әсіресе кәмелетке тол­мағандарға қатысты арнайы біліктілік енгізілді, – дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров.

Әкімшілік кодексте балалар қауіп­сіздігін қамтамасыз ету шараларын орындамағаны үшін ата-аналардың жауапкершілігі енгізілген. Оған қоса құжат негізінде алғаш рет кәмелетке толмаған адамды қудалау, яғни буллинг, кибербуллинг және 16 жасқа толмаған адамды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіргені үшін жауапкершілік қарастырылған. Ең маңыздысы – суицидті насихаттағы және 16 жасқа толмаған адамдарға сексуал­дық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.

– Тағы бір түбегейлі өзгеріс ден­саулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу үшін қылмыстық жауап­кершілік енгізу болды. Бұл үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл (738 мың теңге) не түзеу жұмыстары, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Мұндай әрекет бірнеше рет жасалса, кәмелетке толмаған адамға немесе тәуелді адамға қатысты жасалса, құқық бұзушы екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ұрып-соққаны үшін – 80 АЕК-ке дейін айыппұл (295,4 мың теңге) не түзеу жұмыстары, 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, 25 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Ал бірнеше рет қайталанған жағдайда 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы бар. Оған қоса бұл іс жария айыптау ісі болып саналады және жәбірленуші ша­ғымынан тыс қылмыстық тергеу басталады. Сотқа «агрессорды» тұрғын үйден уақытша шығару құқығы беріледі. Ал сот «агрессордың» денсаулық сақтау органдарында міндетті психологиялық көмек алуын тағайындауға құқылы, – дейді Р.Зулхаиров.

Әйелдер құқығы мен балалар қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәселелері бо­йынша заңның қабылдануы – отбасы институтын нығайту мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы маңызды қадам. Бүгінде елімізде түрлі өмірлік жағдайларды шешуде отбасы­ларға кешенді көмек көрсету үшін 68 орталық жұмыс істейді. 2025-2027 жылдары олардың санын 200-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы брифингте Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Найла Мұхтарова айтты.

– Мәдениет және ақпарат министрлігі заңнамалық деңгейде отбасы саясаты саласындағы уәкілетті органға айналды. Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қолдау мақсатында орталықтар өтініш білдіргендердің жағдайын ке­шен­ді бағалап, сондай-ақ отбасыға жәр­дем көрсетудің жеке жоспарын жасайды және жүргізеді. Отбасыға жәрдем көрсету жүйесінің негізі – маманды бір отбасына бекіту. Бұл отбасыға көмек пен қолдаудың барлық бағытында жәрдем көрсетуге, басқа мамандардың жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді. Кейс-менеджменттегі ведомствоаралық өзара байланыс жүйесі негізгі рөлдердің бірін атқаратын болады, – дейді Н.Мұхтарова.

Орталықтар халықты әлеуметтік қор­ғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган­дардың жанынан аудандарда және қала­ларда құрылады. Көмек алу үшін отандастарымыз «111» байланыс орталығына, әлеуметтік желілер, МО ақпараттық жүйелер, КӘЖ және алқалы органдар арқылы жүгінеді.

Қызметтің тиімділігін арттыру үшін, отбасылық цифрлы карта платформасына, отбасыларға көмек көрсету үшін FSM мобильді қосымшасына қосы­лу арқылы бизнес-үдерістерді оңтай­лан­дыру көзделген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп орталық қызметкерлері үшін, автоматтандырыл­ған жұмыс орындарын әзірлеу жүргізі­ліп жатыр.

Сондай-ақ еліміздің әр өңірінде пси­хологиялық қолдау орталықтары ашылады. Қазіргі уақытта мұндай орталықтар 15 өңірде жұмыс істеп тұр. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина осы бағытта педагог-психологтердің әлеуетін арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

– Орталықтардың басты мақсаты – балаларға ғана емес, олардың ата-аналары үшін де қолдау көрсету, сондай-ақ педа­гогтер үшін бірлесіп кеңесетін, өзара тәжіри­белерімен бөлісіп, әдістемелік ұсы­нымдар алатын орынға айналу. Жыл соңына дейін қалған облыстарда да ор­та­лықта ашылады деп жоспарланып отыр. Орталықтарды ашу бойынша іс-шара Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олар­дың құ­қықтары мен саламаттылығын қамта­ма­сыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарда көзделген, – дейді Ю.Овечкина.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әйелдердің құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулердің мәнін түсіндірді.

– Жалпы, заңда екі бағыт бойынша түзетулер көзделген. Біріншіден, отбасы­ларға көмек ұйымдастыру, қиын жағ­дай­дан шығару функциясын әлеумет­тік басқармаға енгіздік. Себебі бұрын әкім­дік­те бұл функцияға жауапты басқарма болмаған. Құжатта қарастырылған нормалар үш жыл бойы қанатқақты режімде қолданылады. Осы заңда жергілікті жерде бала құқықтары жөніндегі уәкілдер­ге қатысты түзетулер бар. Бұл институт бұрын заңмен бекітілмеген еді. Екіншіден, заңда жазаны қатаңдату бойынша біраз түзету көзделген, – дейді Д.Зәкиева.