«Солтүстік Қазақстан облысында есірткі таратумен айналысқан 23 жастағы жігіт 15 жылға сотталуы мүмкін». Жуырда осындай ақпаратты Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсындағы жаңалықтан оқып қалдық. Өмірдің қызығын енді көре бастаған өрімдей жастың алдағы 15 жылы темір тордың арғы жағындағы түнекте өтетінін елестетсең, жүрекке әжептәуір салмақ түседі. Ішті күйдіретіні сол, бұл жігіт оңай олжаға кенелем деген «кәсібімен» небәрі бір-ақ апта ғана айналысып үлгеріпті.
Оңай олжа опық жегізеді
Бүгінде есірткі сатушылар оңай жолмен ақша табуды уәде етіп, жастарды есірткі таратуға тоқтаусыз тартып келеді. Заң алдында тартар зардабынан бейхабар жастар бұған сеніп, қомақты ақша табамыз деп санайды. Бірақ бәрі олар ойлағандай емес. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері есірткі өткізу фактілері бойынша 36 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартыпты. Олардың 20-сы – 18 бен 25 жас аралығындағы өрімдей жастар. Бұл – бір ғана облыстағы жағдай. Ішкі істер министрлігінің ресми сайтына кірсең, ел көлеміндегі мұндай ақпараттан көз тұнады.
«Сұраныс бар жерде ұсыныс бар» дейтін нарықтық экономиканың қағидасына сүйенген жастар бүгінде оңай олжаның опық жегізетінін ойлайтын түрі жоқ. Заң шығарушы орган есірткі саудасына қатысты заңнамаларды қанша қатайтса да, бұл кеселді «кәсіпке» тоқтам болар емес.
Осы орайда сәл шегініс жасап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзін салмақтап көрейікші. Президент жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керектігін ескертіп, Парламентке есірткі саудасына қатысты заңнаманы барынша қатайтуды тапсырған еді.
«Өкінішке қарай, бұл індет жаппай белең алып барады. Тек былтырдың өзінде есірткіге қатысты 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталды. Заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі алынды. Нашақорлық, әсіресе балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет», деген Мемлекет басшысы Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырды.
Президент тапсырмасы орындалады
Өткен айда Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап, бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат жайында баяндама жасаған Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежана Имашева біраз өзекті жайтты жіпке тізгендей атап шығып, елде синтетикалық есірткі жасау деректері өсіп келе жатқанын және олардың таралу ауқымы эпидемияға айналғанын жеткізді.
– Синтетикалық есірткі аз ғана уақыт ішінде бүкіл әлемге кең таралып кетті. Қазақстан да бұл «жаңашылдықтан» қалыс қалған жоқ. Синтетикалық есірткі дәстүрлі есірткілер – кокаин мен героинге қарағанда арзан және қолжетімді. Мұндай есірткінің өндірісі де қарапайым, ерекше бір дайындық пен дағдыны талап етпейді. Мәселен, жеке органикалық қосылыстар, ацетон, этил спирті және сірке қышқылы арқылы есірткі қоспасын жасап шығаруға болады. Елімізде есірткі өндірушілер «синтетиканы» өнеркәсіптік ауқымда жасап жатыр, оларға керекті жабдықтар мен химикаттарды, прекурсорларды тасымалдауды пысықай диллерлер тұрақты схемаларға айналдырған. Есірткі өндірісі күннен-күнге көбейіп келеді. Егер 2019 жылы 3, 2020 жылы 8 заңсыз есірткі зертханасы табылып, жойылса, былтыр 81 жасырын зертхана анықталған, – дейді депутат С.Имашева.
Оның айтуынша, жыл басталғалы 31 жасырын есірткі зертханасы жойылған. 10 тоннадан астам прекурсор алынып, осылайша, пайдалануға дайын 1 тонна есірткі жасау өндірісінің жолы кесіліпті. Бұл 3 миллион доза жойылып, мыңдаған адамның өмірі есірткіге құмарлық құрығынан құтқарылды деген сөз.
Деректер есірткі қылмысына қарсы күресті прекурсорлар мен зертханалық жабдықтарды заңсыз жеткізудің жолын кесуден бастау керек екенін көрсетіп отыр. Бұл – қолданылар шараның барынша тиімді тәсілі.
Дегенмен С.Имашеваның айтуынша, қолданыстағы заңнамада олардың контрабандасы үшін ғана жауапкершілік белгіленген, ал прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілік қарастырылмаған екен.
– Осы мақсатта Қылмыстық кодекстің 301 және 303-баптарына прекурсорларды заңсыз дайындағаны, өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны және жөнелткені үшін қылмыстық жауапкершілікті, яғни олардың заңсыз айналымы үшін, сондай-ақ олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін жауаптылықты көздейтін түзетулер енгізу ұсынылады, – деді Мәжіліс депутаты.
Бұдан бөлек, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске сәйкес күшті әсер ететін заттардың айналымындағы жағдай да осыған ұқсас. Яғни «трамадол», «тропикамид», «азоттың тотығы», «сомнол», «прегабалин» және тағы да басқа сол сияқты медициналық препараттарды, әсіресе жасөспірімдер тым көп пайдаланып жатқан көрінеді.
– Бұл заттарды есірткіге тәуелді адамдар синтетикалық есірткінің әсерін күшейту үшін пайдаланады, салдарынан оларға медициналық емес сұраныс айтарлықтай өсті. Қазіргі уақытта осы дәрілік заттарды рецептсіз бергені және олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін тек әкімшілік жауаптылық қарастырылған. Бұл жайт осы препараттарды медициналық емес мақсатта сататындарға тосқауыл бола алмай тұр. Сондықтан жобада аталған медициналық препараттар құрамы бар күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы, олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны, сондай-ақ оларды ұрлағаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу ұсынылады, – деген С.Имашева прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттарды дайындауға немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы да қылмыстық жазаға тартылуы керектігін айтып отыр.
Қысқасы, біз сөз етіп отырған заң жобасының негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі қолданыстағы заңнамасын жетілдіру. Заң жобасында Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстерге және Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске, сондай-ақ «Есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен теріс пайдаланылуына қарсы іс-қимыл шаралары туралы» және «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңдарға түзетулер енгізуді көздейді. Яғни Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы қылмыстық жауаптылықпен толықтырылады.
Профилактикалық жұмыстар да қажет
Ішкі істер министрлігінде жастар арасында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған көңіл марқайтар біраз жұмыс бар. «Есірткісіз болашақ» бастамасы аясында іс-шаралар мен профилактикалық жұмыстар белсенді жүргізіліп келеді. Министрліктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері еліміз бойынша 5 377 есірткіге қарсы акция өткізіпті. Бұл цифрға қарасақ, полиция жасөспірімдердің есірткіге тәуелділігімен белсенді күресіп келеді.
Осы орайда «Community Friends» ҚҚ нашақорлықтың алдын алу және халықтың негізгі топтарымен жұмыс жөніндегі үйлестірушісі Оксана Ибрагимова жазалаудан гөрі алдын алу мен қолдауға бағытталған неғұрлым тиімді реттеу жүйесін құру қажет екенін алға тартып отыр.
– Бұл тәсілді тиімді қолдану үшін Қазақстанда есірткі мен психотроптық заттарды тұтынушыларды жазалаумен ғана шектелмей, адам құқықтарын сақтай отырып, әлеуметтік, ақпараттық және медициналық ықпал ету шараларына ерекше ден қойғанымыз дұрыс. Бұл үшін осындай норманы заңнамаға енгізу қажет. Сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адамдарға егер олар есірткі заттарын қолдану кезінде жасаған деп санауға негiз болса, оларға құқық қорғау органдарының медициналық, емдеу-профилактикалық көмек көрсету үшін қоғамдық ұйымдарға және әлеуметтік қолдау мекемелеріне өз еркімен жіберуі туралы нормалар да қажет, – деді О.Ибрагимова.
Оның айтуынша, бұл шараларды қабылдау мәселені тиімді шешуге және медициналық-әлеуметтік көмекке қолжетімділікті арттыруға, есірткіні пайдаланатын адамдарға қатысты айыптау мен кемсітушілік деңгейін төмендетуге мүмкіндік бермек.