«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шымкенттің ең көрікті аймағы саналатын Қошқарата өзені тазаланып, айналасы абаттандырылып жатыр.
Құрылыс жұмыстары алаңынан қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілхайыр Оңғарды кезіктіріп, акция туралы, шаһарды көріктендіруге байланысты атқарылатын шаруа жайын сұрадық. Жауапты маман Президент пәрменімен басталып, жыл бойы жалғасатын акция аясында қала тұрғындарымен бірге сенбіліктер ұйымдастырылып жатқанын жеткізді.
ШаҺардағы гүлзар, саябақ, орталық көшелер, көпқабатты тұрғын үй аулалары, өзен-көл аумақтары қоқыстан тазартылып жатыр. Іс-шара аясында қараусыз қалған аумақтар да тазартылды. Акцияға тұрғындар белсенді қатысып жатыр. Сонымен қатар басқарма басшысының айтуынша, белгіленбеген орынға қоқыс тастайтын жеке сектордағы үйлердің тұрғындары мен кәсіпорындардың қызметкерлеріне полиция департаментімен бірге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ескертуге құлақ аспаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сай айыппұл салу шарасы қолданылады.
Қошқарата өзені шаһар аумағындағы жалғыз өзен, қаланың күретамыры саналады. Бұл өзен қала ішінде Қошқарата, Қарасу болып екі арнамен ағып өтеді. Өзеннің тазалығын сақтау қаланың әрбір тұрғыны үшін маңызды болуға тиіс.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы аясында шаһарда жасыл белдеу аумақтарын көбейту жұмыстары басталды. Биыл жаңадан құрылған Шымсити, Тұран, Астана шағын аудандарында жапырақты ағаш көшеттері егіліп, суландыру жүйесі іске қосылып, ұңғымалар қазылады. Одан бөлек, Ескі қала, Қазыбек би, Дулати, Мангелдин, Жангелдин, Қалдаяқов көшелерінің бойындағы қураған ағаштар бұталып, түптері әктеліп, зиянкестерге қарсы дәріленгенін атап өтті.
Қала әкімдігі мемлекет меншігіне кейбір жер телімдерін қайтарып, сол аумаққа саябақ, гүлзарлар салып жатыр. Мәселен, Байтұрсынұлы, Түркістан көшелерінің қиылысында өткен жылы көрікті «Спутник» гүлзары бой көтерді. Осының бәрі де қала тұрғындарына жайлы орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып отыр. «Спутник» гүлзарының құрылысына мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінбеген. Себебі кәсіпкерлердің демеушілігімен салынды. Осындай үрдісті биыл да жалғастырып, Желтоқсан көшесі бойындағы қараусыз қалған гүлзарды қайта қалпына келтірдік», дейді Ә.Оңғар.
Рысқұлов пен Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы заңсыз салынған нысандардың жер телімі мемлекетке қайтарылып, ол аумақтан да гүлзар салынып жатыр. Жаңа демалыс орны 11, 12, «Күншығыс», «Пахтакор» шағын ауданы тұрғындарының сүйікті демалыс аймағына айналатынын атап өтті басқарма басшысы.
«Көл» аумағы кезінде халықтың жиі аялдап, демалатын орны болған. Кейін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, соңғы рет 2008 жылы ол «Көл» суға толған. Бірақ содан бері қараусыз қалып қойған. Басқарма ескі «Көлді» қайтадан қалпына келтіріп, айналасын абаттандырып, түбіндегі бұлақ көздерін ашып жатыр. «Көл» суға толғаннан кейін жан-жағына субұрқақтар орнатылып, оның төңірегінде салқын микроклимат қалыптасатын болады. Бұл жұмыстар да қала бюджетінен тыс кәсіпкерлер қаржысы есебінен іске асырылады.
Бір кездері Дендросаябақ аумағындағы көл суы азайып, суару жүйесі істен шыққан еді. Соның салдарынан ағаштар да қурай бастаған. Оған тұрғындар қатты алаңдады. Енді қазір денросаябақтың ішін басқарма 17 секторға бөліп, сол бойынша суару жүйелерін жаңадан іске қосты. Көл суы да қайта толып, ағаштарды күтіп ұстау жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Сала басшысы акция аясында қала әкімінің тапсырмасымен орталық көшелер мен шалғай елді мекендердегі санитарлық тазалау жұмысы 1 рет қана емес, 3 мәрте жүргізілетінін мәлімдеді. Оған аялдамаларды, жолдарды, ирригациялық жүйелерді тазалау жұмыстары кіреді. Акция тұрғындарға, экология жанашырларына, қоғам белсенділеріне зор серпін бергенін айтады Әбілхайыр Оңғар.
Қошқарата өзенінде жүріп жатқан бүгінгі абаттандыруға келсек, 2010 жылдары бұл жерде субұрқақ болатын. Алайда оның көпшілік күткендей әсері болмады. Оның үстіне субұрқақ нысаны да әбден ескірген. Маманның айтуынша, ендігі жерде жаңа жобаға сәйкес өзен табаны тазаланып, 10 метр биіктікке су шашатын екі жаңа субұрқақ орнатылады. Ал айналасына отыратын орындықтар қойылады. Сол маңдағы Тәуелсіздік саябағына, мешітке келген жамағат үшін өзен жағасындағы салқын ауамен тыныстауына мүмкіндік тумақ.
2023 жылы Тоқаев пен Жангелдин көшелері ретке келтірілген. Заңсыз салынған нысандар бұзылып, спорт, балалар ойын алаңқайлары салынған. Сонымен бірге Қошқарата өзенінің жағалауы бекітіліп, абаттандырылған. Енді бұл жұмыстарды басқарма Жангелдиннен Алпысбаев көшесіне дейін жалғастыруды жоспарлап отыр. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, соған сәйкес Қошқарата өзенін абаттандырудың екінші кезеңі басталмақ.
Қала әкімі талдау жұмыстары барысында Қошқарата өзені бойының біраз жерін жаяу аралап, заңсыз салынған құрылыс нысандарын алып тастау жөнінде тапсырма берген. Қошқаратаның жалпы ұзындығы 23 шақырым. Маманның айтуынша, өзен жағалауын абаттандыру жұмыстары жыл сайын кезең-кезеңімен жүргізіліп келеді. Оны бірден аяқтауға бюджет шамасы келмейді. Қазына қаражаты алдымен әлеуметтік маңызды мақсаттарға жұмсалатыны белгілі. Сондықтан абаттандыру үшін керекті қаржы шектеулі мөлшерде қаралады дейді. Соған қарамастан, қала әкімдігі өзен жағалауын абаттандыруға ерекше назар аударып отыр.
«Таза Қазақстан» акциясы мегаполистегі ирригациялық жүйелерді де қалпына келтіруге түрткі болды. Көктемнің басында болған жауын-шашын кезінде арық-атыздар арнасынан асып, көшелерді су шайған еді. Бұл көрініс әлеуметтік желіде де тұрғындар тарапынан сыни пікір тудырған. Сонда қала әкімі шұғыл жиын өткізіп, алдағы уақытта қаланың арық-атыз жүйесін ретке келтіру керектігін жүктеді. Бұл мәселе бойынша басқарма басшысы ауқымды жұмыстардың қолға алынып жатқанын жеткізді.
Негізінде бұрын мегаполистің ирригациялық жүйесі болған. Қаладағы жаңбыр сулары арықтармен бойлай Шымкент пен Жаңа шек каналдарына қосылып, сыртқа ағып кетіп отырған. Алайда екі мыңыншы жылдардан бері қарай Шымкент каналының біраз аумағына жеке сектордағы үйлер, коммерциялық нысандар салынып кеткен. Яғни каналдың арнасы бекітілген. Басқарма әкімнің тапсырмасына сәйкес арнайы жоба әзірлеп, каналдың арнасын қалпына келтіру жұмыстарын да қолға алды. Шымкент каналы қаланың Сайрам, Долорес, 11, 12, 16-шағын аудан, Кабиско аймағы, Қазыбек би, Дулати, Қонаев, Байтұрсынұлы көшелері мен Самал шағын ауданы арқылы өтіп, Бадам өзеніне құяды. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай, канал арнасы өтетін осы аумақтар құрылыс нысандарымен бітелген. Енді арнаны қайта аршу жұмыстары жүріп жатыр. Канал қалпына келсе, бүкіл жаңбыр суы көшедегі арық арқылы сол каналға барып құяды. Көктемде Кабиско аймағы мен Тәуке хан көшесі су астында қалған еді. Ирригациялық жүйе дұрыс жолға қойылмағандықтан, арықтарға толған жаңбыр суы ағып кететін арнасынан адасып, көшелерге жайылған. Биыл күзде Шымкент каналын тазалау, арнасын аршу жұмыстары толық аяқталуға тиіс.
Бір кездері мегаполистің күре жолы – Тәуке хан даңғылында абаттандыру жұмыстары жүрген. Алайда көшені су басу сол құрылыстың жүйесіз салынғанынан болуы мүмкін екенін айтады басқарма басшысы. Өйткені жұмысшылар жол жиегіндегі арықтардың арнасын тарылтып тастаған, сондай-ақ оның айналасындағы талдардың түптерін де өрнектаспен бекітіп, ашық топырақ қалдырмаған. Енді сол кеткен қателіктерді жою үшін ағаштардың айналасындағы өрнектастар алынады. Ол әрі жаңбырлы күнде ағаштардың суарылуына да жақсы.
Шаһарды көріктендіру аяқжолдарды асфальттаумен де іске асып жатыр. Ол үшін бұрынғы төселген өрнектастар алынады да оның орнына кәдімгі асфальт төселеді. Маманның айтуынша, асфальт төсеніш балаларға да, қариялар мен мүгедектігі бар азаматтарға да жүруге ыңғайлы. «Себебі оның беті теп-тегіс болады әрі ұзақ мерзімге жарайды. Сонда қала тұрғындары жан-жағы көкпеңбек, тал-дарағынан көлеңке түсетін теп-тегіс асфальт жолы көшелермен жүретін болады», дейді басқарма басшысы.
Сонымен қатар Әбілхайыр Оңғар шаһарда жайлы микроклимат қалыптастырып, жасыл желектердің санын арттыру мақсатында қылқан жапырақты талдардың орнына жапырақты, көлеңкесі молынан түсетін үйеңкі, шынар секілді ағаштар егіліп жатқанын мәлімдеді. Шымсити, Тұран, Нұрсәт-3 секілді жаңадан бой көтерген шағын аудандардың көшелеріне енді бұрынғыдай әртүрлі емес, біркелкі жапырақты ағаш көшеттері егілетін болады.
ШЫМКЕНТ