Созылмалы сырқат секілді бір құбылыс бар, ол – макроэкономикалық көрсеткіштердің (ішкі жалпы өнім, халықтың табысы, тұтынуы) бір кезеңде көп бағытта қозғалуы. Нарықтық экономикасы орнықты елдерде бұл көрсеткіштер бір бағытта дамиды. Егер ІЖӨ өссе, бұл көрсеткіш біршама реттеледі. ІЖӨ төмендесе, онда көрсеткіштердің мәні де төмендейді.
2000-2008 жылдар аралығында, ішінара 2011-2014 жылдары бізде дәл осындай үдеріс байқалды. Үкімет басына Б.Сағынтаев келгеннен кейін аса маңызды макроэкономикалық көрсеткіштер қозғалысының үрдістері көп бағытты болып шықты: ІЖӨ өсімі халықтың нақты кірісінің өсуімен қатар жүрмеді немесе айтарлықтай артта қалды.
Ал 2023 жылдың бірінші жартысындағы ІЖӨ өсімі – 4,9%. Сол жылы қазандағы халықтың нақты ақшалай кірісінің индексі 2022 жылғы қазанмен салыстырғанда мүлде нашарлаған (-96,8%). Экономикалық өсудің үдеуіне қарамастан, халықтың нақты ақшалай кірісінің индексі 2023 жылдың I тоқсанында (97,4%) төмендеген. Екінші тоқсанда өзгеріссіз, бұрынғы деңгейде қалған. Тек 2023 жылдың III тоқсанында халықтың ақшалай кірісі нақты мәнде 3,2%-ға өсті. Макрокөрсеткіштердің көп бағытты қозғалысын және Ә.Смайылов Үкіметінің әлеуметтік-экономикалық «қайшылығының» тереңдігін ескере отырып, «Қазақстан ІЖӨ-сі ішінара бұрмаланған ба?» деген сұрақ туындайды. Негізі ІЖӨ есептеудің сапасын бірнеше жолмен тексеруге болады.
Бірінші. Экономикалық өсу сенімділігін бағалаудың маңызды бағыты – шығыстар бойынша ІЖӨ. Оны өлшеу үшін түпкілікті өнімді немесе қызметті жасауға бағытталған шығындардың барлық түрін қорытындылау қажет: ІЖӨ=ТШ (тұтынушы шығындары) + ИШ (жеке сектордың инвестициялық шығыстары) + МШ (мемлекеттік шығыстар) + ТЭ (таза экспорт). Таза экспорт – сауда балансының тапшылығы (профицит). Оның мәні елдің сауда балансының көрсеткішімен анықталады (қызмет көрсету балансындағы тапшылықты алып тастадық). 2023 жылғы қаңтар-қазанда еліміздің сыртқы сауда айналымы 114 094,8 млн доллар болды: экспорт – 64 611,2 млн доллар (номиналды мәнде 8,9%-ға аз), импорт – 49 483,6 млн доллар (номиналды мәнде 22,8%-ға көп). Осылайша, есепті кезеңде сауда балансының профициті 15,2 млрд долларды құрады. 2022 жылдың деректеріне қарасақ, онда ІЖӨ өсімі 2023 жылмен салыстырғанда төмен болды, сауда балансының профициті екі есе жоғары – шамамен 30 млрд доллар. Бұл есепті кезеңде еліміздің таза экспортының нашарлағанын білдіреді, яғни біз ІЖӨ-нің бір бөлігін жоғалттық.
Екінші. Нақты ІЖӨ-ні өлшеудің тағы бір жанама тәсілі – экономиканы несиелеу деңгейі. Банк ісі саласындағы тиісті мемлекеттік органның мәліметіне сәйкес 2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша заңды тұлғаларға берілген несие – 9 трлн теңге. Жеке тұлғаларға берілген несие – 17,8 трлн теңге. 2020-2023 жылдағы олардың үлесі инвестициялық деңгейдің 3%-ына жетпейді.
Үшінші. Нақты ІЖӨ өсімін электр энергиясын тұтыну деңгейімен де өлшеуге болады. Энергия тұтыну мен экономикалық өсу арасында байланыс бар. 2023 жылы 6 айда 57 745,6 млн кВт/сағ электр энергиясы тұтынылған. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңіндегі тұтыну деңгейінен 2,9%-ға (немесе 1 629,9 млн кВтсағ) артық. Яғни ІЖӨ нақты өсімі 2,9-3,0%-дан аспауы керек.
Төртінші. Барлық дамыған елде және көптеген дамушы елде экономикалық өсуді 5%-ға дейін жеделдету – мемлекеттік бюджетке ақша ағынын арттырудың кепілі және мемлекеттік бюджеттің бекітілген тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Қаржы министрлігінің мәліметінше, мұндай көрініс бізде мүлде байқалмайды. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мынадай қорытынды жасаймыз:
Мәселені Президент жанындағы реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің отырысына шығару керек. Біз қалайда макроэкономикалық көрсеткіштердің бір бағытта қозғалуына күш біріктіруіміз керек. Елдің бірқатар макроэкономикалық көрсеткіші нақтылауды қажет етеді. Бұл Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі параметрлеріндегі алшақтықты аңғартады. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарын және басқа да құжаттарды қайта қараған абзал.