• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ауыл 21 Маусым, 2024

«Әлеу» деп айта алмайтын ауылдар бар...

116 рет
көрсетілді

Бүгінде ауыл халқының жайлы тұрмысын сипаттайтын таза су, көгілдір отын, жол, әлеуметтік нысан секілді көрсет­кіштердің қатарына ұялы байланыс та әбден еніп кеткені рас.

Жұмыс бабымен алыс-жақын са­парға жиі шығуға тура келеді. Ірірек елді мекеннен ұзап шығып, Батыс Қазақстанның байтақ даласына тереңірек енген сайын қолдағы смартфон өзінің негізгі қызметінен ажырап қалатыны өтірік емес. Ол кезде сізге қо­ңырау шалған адам «абонент байланыс аясынан тыс жерде, кейінірек хабар­ласыңыз» деген жаттанды жауапты тыңдауға мәжбүр...

«Өңірде 413 ауылдық елді мекен бар. Соның ішінде 334 ауыл әртүрлі жүйе арқылы интернетке қосылған. 368 ауылда дауыстық шақыру үшін ұялы байла­ныс қолжетімді» деген хабар таратты жақында облыстағы Цифрлық техно­логиялар бас­қармасы. Соңғы сөйлем­нің мағынасы 34 ауылда интернет болмағанымен, ұялы байланыс бар деген бол­са керек. Алайда 2,7 мың батыс­қазақ­стандық тұратын 45 ауылда интернет те, байланыс та жоқ екен!

Бұл аз ба, көп пе? Жалпы, біздің об­лыс­тың бір ерекшелігі – өңірде шағын ауыл­­дар, тұрғын саны аз елді мекендер өте көп. Мамандардың айтуынша, бұл облыс бюджетіне едәуір салмақ. Өйткені бұл ауылдардың бәріне инфрақұрылым тар­ту, оны ұстап тұру оңай емес. Ал ха­лық саны аз болғандықтан, түрлі қыз­мет­тің өзін-өзі ақтауы туралы әңгіме айту­дың өзі артық.

 

Былтыр

Дегенмен жоғарыда айтқандай, ұялы байланыс күнделікті қажеттілікке айналып кетті. Сондықтан 2023 жылы өңірде облыс әкімдігі мен еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп, Орал қаласы мен ауылдық елді мекендерді байланыс және интернет желісімен қамту туралы Жол картасын бекіткен еді. Осы құжаттың аясында өткен жылы Орал қаласы мен 70 ауылда мобильді интернетпен қамту және сапасын жақсарту жұмысы жүргізілген.

«2023 жылы біз облыс орталығында оптикалық технологияға көшу үшін жеке секторда абоненттік желі орнату және бұрынғы желілерді жаңғырту жұмысын бастап кеттік. Зашаған кентінде – 900 үйді, Деркөл кентінде – 2 200 үйді, шағын аудандарда 3 000 үйді қамтитын желілер салынды. Салыстыру үшін айтайық, 2022 жылы Орал қаласында небәрі 200 үй оптикалық желіге ауыстырылған болатын», дейді «Қазақтелеком» АҚ облыс­тық филиалына қарасты «Жел» дивизионы бірлестігінің директоры Андрей Чеботарев.

Бұған қоса, былтыр Ақжайық ауда­нындағы Жұбан аулында, Бәйтерек ауданындағы Шынар, Жәні­бек ауда­нын­дағы Ақоба, Қазталов ауда­нын­­дағы Саралжын, Қособа ауылдарында, Қара­төбе ауданындағы Қара­қа­мыс, Қоскөл, Қаратөбе, Алакөл елді мекендерінде, Сырым ауданына қарасты Алғабас, Қособа, Сасықкөл, Қарақұдық ауылдарында, Тасқала ауданының Ынтымақ, Кеңжайлау, Теректі ауданының Придорожное, Шыңғырлау ауданының Жаңакүш, Аман­гелді, Қайыңды елді мекендерінде «нүк­те-көп нүкте» технологиясы бойынша база­лық стансалар орнатылған көрінеді. «Бұл­ технология ауыл тұрғындарына 50 Мбит/с дейінгі жылдамдықпен жоғары жыл­дам­дық­ты интернетті пайдалануға мүмкіндік береді», дейді Андрей Чеботарев.

 

Биыл

Жоғарыда айтылған жол картасына қарағанда биыл Батыс Қазақстан облысында ұялы байланыстың да, интернеттің де сапасы артпақ.

«2024 жылы Орал қаласында және 175 ауылда мобильді интернетпен қамту және сапасын жақсарту жұмысы жос­парланып отыр. Оның ішінде 39 ауылда жаңа базалық станса салынса, қалған ауыл­­дарда қолданыста тұрған стансалар жаңғыртылады. Жыл басынан бері 5 ауыл­да – Сырым ауданының Тоғанас ау­лында, Жәнібек ауданының Ақоба аулын­да, Қаратөбе ауданының Жусандыой аулында, Теректі ауданының Тоқпай аулын­да, Бөрлі ауданы Қарашығанақ аулын­да мобильді интернетпен қамту және сапасын жақсарту жұмысы жасалды», дейді облыстық Цифрлық технологиялар басқармасы инфрақұрылымдық даму бөлімінің басшысы Ерғали Ержанов.

Биыл «Кселл» АҚ байланыс операторы 26 ауылда байланыс сапасын жақсартып, оның ішінде 17 ауылға жаңа станса салуды жоспарлапты. Жылдың алғашқы тоқсанында 3 ауылда станса орнатылған. Ал «Кар-Тел» (Билайн) ЖШС байланыс операторы 23 ауылға жаңа базалық станса салмақшы. Бұған қоса 132 ауылда тұрған стансаны жаңартып, тұрғындарды мобильді интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған.

 

Сапаға сын бар

Әдетте ауыл тұрғындары, тіпті қала­лықтар да байланыс сапасына сын айтып жатады. Бұл сынның жаны бар сияқты. Мәселен, 2023 жылы Телекоммуникация комитетіне қарасты өңіраралық байланыс инспекциясы байланыс қызметінің сапасын 63 мәрте жоспардан тыс тексеріп көрген. Сөйтіп, ұялы байланыс операторлары көрсететін қызметтің техникалық параметрлерін өлшеген кезде, 27 ауылда, тіпті Орал қаласының кей жерінде жағдай сын көтермейтін болып шыққан. Аталған оқиға бойынша операторлар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 165 млн теңге айыппұл салынған.

«Мұндай тексерулер биыл да жүріп жатыр. Біз мамыр айын қоса алғанда жыл басы­нан бері жоспардан тыс 23 тексеру жүр­гіздік. 8 ауылда, Орал қаласының 15 нүк­тесінде операторлардың қызметі талап­қа сай емес болып шықты. Тексеріс нәти­жесінде Билайн мен Теле2/Алтел опера­торының әрқайсына – 19,3 млн теңге, Кселл/Актив операторына 5,5 млн теңге айыппұл салынды», дейді Ерғали Ержанов.

Алайда Ерғали Қуаныш­бекұлының айтуынша, интернет пен ұялы байла­ныс сапасын жақсартуға кейде тұрғындардың өздері де кедергі келтіреді екен. Мы­салы, Орал қаласында халық арасын­да радиофобия басым. Тұрғындар көп­қабатты үйлердің төбесіне байланыс операторларының базалық стансасын орнатуға рұқсат бермейді. «Бұл станса сол үйде тұратын адамдардың ден­сау­лығына зиян екен» деген қауесет желдей есіп тұр.

«Бұл – фейк ақпарат. Базалық стансаны орнату санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің тексеруінен кейін, «адам денсаулығына қауіпсіз» деген қорытындысынан кейін ғана жүзеге асады. Біз жаңа технологиядан үрікпей, оны жатсынбай қабылдауымыз керек», дейді Цифрлық технологиялар басқармасының бөлім басшысы.

Ауылдарда жеке адамдар өз бетімен ор­натып алатын репитор – ұялы байла­ныс желісінің күшейткіш құрылғысы бай­ланыс сапасына кері әсер етеді екен. Бірақ байланыс сапасы жақсы болса, мұн­дай күшейткіштің не қажеті бар еді? Сондықтан бұл жерде кінәні жеке тұр­ғын­ға емес, операторға артқан жөн секілді.

 

Жоспар жақсы

Андрей Чеботаревтің сөзінше, 2024 жылдың екінші жартысында барлық аудан орталығында оптикалық технологияны енгізе отырып мыс желісін қайта құру жұмысы басталады. Жоба бойынша 1 000 үйді қамтитын оптикалық желі салынбақ.

Цифрлық технологиялар басқармасы инфрақұрылымдық даму бөлімінің басшысы Ерғали Қуанышбекұлының ай­туынша, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігі әзірлеген «Қолжетімді интернет» ұлттық қанатқақты жобасы аясында 2027 жылға дейін 231 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады. Халық саны 50-ден аз 44 ауылға спутниктік технология арқылы интернет жеткізіледі. Ал Орал қаласында осы жылдың соңына дейін бесінші буынның 18 базалық стансасы іске қосылады.

 

Батыс Қазақстан облысы