• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Маусым, 2024

Туристік орталық төрін ұсынды

87 рет
көрсетілді

Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту керектігін баса айтып жатты. Иә, экономикаға серпін беретін саланың бір тетігі – туризм. Шырайлы Шығыста да саяхаттауды дамытудың мүмкіндігі мол. Сол үшін де облыс орталығында туристік ақпараттық орталық ашылды.

Өскемендегі кең даң­­­­ғыл­дың бойы­нан­ ашылған ви­зит­ орталық туристер мен өңір тұрғындарына облыстың табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері, сондай-ақ туристік маршруттар мен қызметтер туралы толық ақпарат беруге арналған. Ішінде кәдесыйларға дейін сатылады. Алтайға аяғы тиіп, тарихымен, табиғатымен тереңірек танысқысы келетін туристер алдымен аталған визит орталыққа ат басын бұрғандары абзал.

Салтанатты іс-шара бас­тал­мас бұрын Туристік ақпа­раттық орталықтың ауласында саяхатшыларға арналған көрме ұйымдастырылды. Бірі балы мен шайын ұсынса, енді бірі рафтингке арналған қайық түрлерін көрсетті. Алтайда кездесетін түрлі тастардан жасалған кәдесыйлар да бүгінгі көрмеден табылды.

– Бұл ақпараттық орта­лықтың өңірдегі туризмді дамытуға қосар үлесі зор. Ендігі кезекте біздің өңірге келетін шетелдік және қазақ­стандық кез келген турист осы орталықтан толыққанды ақпарат алатын болады. Қайда, қалай, қай бағытпен, қанша уақытта баруға болатынын және қай жерде демалыс орындары, емдеу орталықтары бар екені туралы ақпаратты осы орталық беріп отырады. Облыс аумағындағы барлық саяхат орындары, туристік фирмалар туралы ақпарат осында шоғырланған, – деді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов.

Бұдан бөлек, өңірдегі туристік орталықтар мен сая­хат орындары туралы ақпа­рат парақтары әуежайда және вокзалдарда да болады. Осы­лайша, облыста туризмді дамытуға нақты қадам жасалып жатыр.

– Біз облыс орталығына ат басын тіреген кез келген туристке қызмет көрсететін боламыз. Қажет болса, 24 сағат қызмет етуге дайынбыз. Бұл туристік орталықта өңірдегі барлық саяхат орындары мен демалыс орындары туралы ақпарат бар. Ең қызығы, мұнда Алтайдың брендтік өнімдері, қолөнер бұйымдары саудаланатын болады, – дейді облыстық туристік ақпараттық орта­лығы басшысының орынбасары Талғат Оразгелдіұлы Лентасы қиылып, есігі бүгін айқара ашылғанымен, ертеңгі күні туристерге шынайы әрі сапалы қызмет көрсетілсе екен десті жиналған жұрт.

 – Мен туристерге арналған киім тігумен айналысамын. Енді осы жерде өз өнімдерімді сатуға мүмкіндік туып отыр. Мұндай орталықтың ашыл­ғаны өте дұрыс болды. Себебі кейбір туристер бұл өңірдің ауа райын білмейтіндіктен жеңіл киіммен келеді. Ондай жағдайда біздің тауға шығуға, саяхаттауға арналған киімдер дайын тұрады. Ақпараттық орталық жұмысының жан­дануына барынша үле­сі­мізді қосамыз, – дейді «Altay outwear» брендін қалып­тас­тырушы кәсіпкер Саят Бауыр­жан­ұлы.

Енді Алтайға ат басын тіреген турист алдымен осынау орталыққа келіп, бағыт-бағдарын айқындап алуына әбден болады. Қайтып бара жатып ауылына түрлі кәдесый да ала кете алады.

 

Шығыс Қазақстан облысы