• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 21 Маусым, 2024

Бұл лагерь бұрынғыдан өзгерек

150 рет
көрсетілді

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді Мұхтар Әуезов. Заманауи технология өмірімізге дендеп еніп жатқан уақытта жас буынды спортқа баулып, олардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп өсірудің маңызы зор. Ұлттық рухтан қайнап шыққан таза бұлақтың қашанда берері мол, беделі биік болады. Осы мақсатта биыл елімізде этнолагерьлер көптеп ашылып жатыр. Бұл демалыс орнының ерекшелігі – мұнда оқушылар әдет-ғұрыпты, салт-дәстүрді тереңірек меңгеріп, ұмытылып бара жатқан қолөнер бұйымдарын өз қолдарымен жасап үйренеді. Міне, ұлттық құндылықты жас ұрпаққа насихаттаудың соны жолы. Осылайша, жақсыны көрмекке деп Астана қаласындағы №79 мектеп-лицейіне, №32 мектеп-гимназиясына арнайы ат басын бұрдық.

Қазақы ауылға айналып сала берген №79 мектеп-лицейі алыстан көз тартады. Ұлттық нақышта киінген оқушылар мен мұға­лімдер киіз үйдің жанында топтасып, түр­лі жұмыс атқарып жатыр. Бірі ұлт­тық тағамдарды әзірлеп, енді бірі қол­өнер бұйымдарын жасап, үшінші бір топ салт-дәстүрден сабақ алып, төр­тін­шісі ұлттық ән-жырымызды айтып мәз-мейрам. Олардың жанындағы ақ ки­ме­шекті әжелер де көзімізге жылы ұшы­рады. Не керек, этнолагерь ә дегеннен әсер­ге бөледі. Жәдігерлерді жатырқап жүр­ген жеткіншектер жоқ. Бәрі де Абай айт­қандай, «көрсем, білсем, үйренсем» деп құл­шынып-ақ тұр. Осылардың арасынан ең әуелі ұлттық тағам әзірлеуді үйреніп жатқан балалар жаққа тақала беріп едік, тақылдап өздерін таныстыра жөнелді.

«Аты-жөнім – Айару Көкен. №79 мек­теп-лицейінің 6-сынып оқушысымын. Этнолагерьдің екінші ауысымына ке­ліп, құрт жасауды үйреніп жатырмын. Жалпы, құрттың денсаулыққа, соның ішінде тіске пайдасы өте зор. Қазіргі кезде кейбір ұлттық тағамдардың жасалу жолы ұмытылып бара жатқаны рас. Бұрындары әжелеріміз құртты күн сайын жасаса, қазір қаладағы аналарымыз көп жасай бермейді. Біз этнолагерьде осындай құндылықтарды жаңғыртып жатырмыз», деді ол.

Ұлттық тағамның пайдасын біліп, жасалу жолын да меңгерген оқушыларға алғыс білдірдік те, істеріне сәттілік тілеп, келесі жобаларды көруге асыға бердік.

Әрі қарай назарымыз ұлттық қолөнер бұйымдарын жасап жатқан оқушыларға түсті. Ер балалар қамшы өріп, қолжетімді материалдан сандық, торсық секілді бұйымдар дайындаса, қыз балалар кес­те тоқып, жүн түтіп, ұршық иіруде. Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ғани Саматұлының айтуынша, қала бала­лары қолөнерден қол үзіп қалды деп, қол сіл­тей салмауымыз керек.

«Бірінші кезекте балаларды ұлттық өнерге қызықтыра білу маңызды. Әдетте оқушыларды «ғаламторға шырмалды» деп кінәлаймыз, мүмкін біз олардың жан сусарын тауып бере алмай жүрген болармыз? Мәселен, бұл лагерьге келгенде қарапайым ағаш жонуды білмей, бірақ маусым соңында сол ағаштан кәдесый жасай алар деңгейге жеткен оқушылар бар. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген осы ғой. Біздер, яғни ұстаздар оқушыларға тек жол сілтеп, бағыт бағдар көрсетеміз, әрі қарай балалар өздері қызығып, осы салаға бет бұрып жатады», деді ол.

Ұлт байлығы мен ұрпақ тәрбиесі – тек бір саланың, ұстаздардың мойнында емес, әрбір отбасының, ата-ананың бас­ты міндеті болғандықтан, жақсы істің жалғасын тапқанын көпшілік қалай­ты­нын біз дидарласқан ата-аналар баса айтумен болды. Мәселен, Ақнұр Ізға­лиева этнолагерьде балаларға ұлттық құнды­лық­тарды дәріптеп, қазақ тілін насихаттау жұмысы ұнағанын айтады.

«Қызым Жақсыбаева Кәусардың осы демалыс орнында білім алып жатқанына бек қуаныштымын. Бұл лагерь қызыма қатты ұнайды, мектептен көңілді келеді. Несін жасырамыз, қазір балалардың көбі орысша сөйлейді. Ал этнолагерьде оқушылар ойнап жүріп, ойланады. Түрлі жарыстар мен іс-шаралар арқылы балалардың қабілеті одан әрі шыңдалып жатыр. Ең бастысы, мұнда білімнен бұрын тәрбиенің бірінші орында тұратыны көңіл қуантады», деді ол.

Иә, бұған дейін қалыптасқан, таптаурын лагерьлік жүйеге тың жаңа­шыл­дық енгізіп, ұлттық болмысты тану тұрғысын­да ұйымдастырылған лагерь­лерді бабадан қалған мұраларды келешек ұрпақ­қа жалғаудың алтын көпірі деуге толық не­гіз бар. Жақсы бастаманы қолдаушылар қатары артып келеді. Астана қаласы Бі­лім басқармасының қосымша білім беру және тәрбие жұ­мысы бөлімінің бас­шы­сы Гүлфара Сарам­бетованың айтуын­ша, қазір қала бо­йынша лагерьге 200 мың­нан аса оқушы қатысып жатыр.

«Биыл жазғы лагерь жұмысын ұйым­дастыру екі бағыттан тұрады: сауықтыру және еңбек ету. Ол ішінара тағы бірнеше бағытқа бөлінеді. Атап айтқанда, бейін­дік лагерь, мектеп жанындағы лагерь, этнолагерь және спорттық лагерь. Еңбек ету бағытының өзі іштей интеллектуалды, еңбек, спорт және шығармашылық болып бөлінеді. Еңбек ету бойынша балалар «Жасыл ел» бағдарламасы аясында көгалдандыру жұмыстарына қолғабысын тигізеді», деді Г. Сарамбетова.

№ 79 мектеп-лицей директоры Құра­лай Балғабайқызының айтуынша, ауылға жолы түспейтін қала балалары кешке дейін телефон қарап, үйде отырғанша, осы жерге келсе ұлт­тық құндылықтарымызды біліп, отан­сүй­гіштік қасиеттері оянары анық.

«Мектеп жанындағы лагерьдің биыл­ғы ерекшелігі – Білім басқармасы­ның тап­сырмасы бойынша, этнолагерь ашып жатырмыз. Үлкен әжелеріміз арнайы келіп кілем тоқу, ою-өрнек салу, ұлттық тағамдарды әзірлеу секілді дүниелерді үйретеді. Сонымен қатар балаларымыз қазақ тілінде көп сөйлесін деп, бар­лық шара қазақ тілінде өтіп жатыр. Одан бө­лек, тағы да «IT лагеріміз», «Турис­тік лагеріміз» де бар. Бастауыш сы­нып­тар­ға арналған «Жұлдыз» атты лаге­рі­міз бар. Осылайша, көптен күт­кен жаз ме­згілі әр баланың есінде көрген-біл­ген жаңалықтарымен, барған қы­зық­ты шара­ларымен сақталмақ», деді Қ.Балғабайқызы.

Жолымыз түсіп тұрған соң, мектеп ішіндегі салалық лагерьлерді де арала­дық. Мәселен, «IT лагерьде» қы­зықты ­математика, роботтехника, бағ­дар­ламалау әдістері негізге алынса, «Туристік лагерь» бағдарламасында әр елге онлайн саяхат жасап, Астана­ның көрікті жер­леріне, тарихи мұра­жай­ларына экскур­сия жүргізіледі екен. Бұл жақ та бір қы­зық әлем. Бірінші маусымда болған, кейін екінші маусымға да қалып жүрген оқу­шылар сөзіміздің дәлелі.

Ұлттық лагерьден соң көңіліміз көкке көтеріліп, №32 мектеп-гимназиясына бет алдық. Бұл жақтағы лагерьде спорттық бағытқа басымдық берілген. Оқушылар арасында баскетбол, волейбол ойындары танымал. Одан бөлек, үстел теннисі, то­ғызқұмалақ, жеңіл атлетика топтары бар. Қазір мұнда 200-ден аса бала спорттың әр түрінен лагерьге жазылыпты.

«Спорттық лагерь 3 маусымнан бас­талды. Балалар күні мерекесінен кейін салтанатты ашылуы болды. Мұнда спорт­тың барлық түрі қамтылған. Со­лар­дың арасында ұлттық ойындар да бар. Мәселен асық ату, арқан тартыс, то­ғыз­­құмалақ енгізілген. Лагерьде 12-15 жас аралығындағы балалар қамтылған. Арнайы бес күнге арналған кестемен жұмыс істейміз. Бір күнде спорттың төрт түрі қатар жүреді. Айта кетейік, мұнда спорттық лагерьдің барлығы тегін және оны жүргізетін арнайы мамандар бар. Кейде бір оқушы бірнеше үйірмеге қатыса алады. Олардың осында жүргені ата-аналарды да алаңдатпайды. Одан бөлек, спортпен айналысқан балалар тәр­биелі, саламатты болып өседі. Алты мау­­сымдық лагерь тамыз айының онына дейін жалғасады», деді №32 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орын­басары Бекайдар Жылқайдарұлы.

Аталған спорт және этнолагерьде оқушылар жазғы демалысын тиім­ді әрі пайдалы өткізетіні анық. Он күн бойы бір үйірмеге қатысып, өзі қызық­қан істі немесе өнерді толық үйрен­бесе де әліппесін меңгеріп, таным ір­ге­тасын қалыптастырып шығады. Айта кетейік, Астана қаласының білім беру ұйым­дарының базасында: 97 мектеп жа­нын­дағы лагерь; оқушылардың қызы­ғушы­лықтары бойынша 75 бейіндік лагерь және 21 этнолагерь бар.