Қазақтың ұлттық ойындары көбіне тұрмыс-тіршілігі аттың үстінде, түйенің қомында өткен кешегі көшпелі жұрттың өмірлік тәжірибесімен біте қайнасып жатады. Өкінішке қарай, ұлттық ойын түрлерінің бірсыпырасы бүгінде ел жадынан өшіп, ұмытылып қалған. Сондай есте жоқ ойынның бірі – Абылайдың алты таспасы деп аталады. Бұл ойын бүгінде Арқалықтағы Дала өлкесі тарихы музейінде сақтаулы тұр.
«Абылайдың алты таспасын мұражай қорына 1977 жылы Амангелді ауданы Ұзынқоға ауылында тұратын Батырболат Мұхаметжан деген кісі тапсырған. Қабылдап алған – бөлім меңгерушісі С.Сәрсенбаева. Акт нөмірі – 480. Абылайдың алты ағашы деген де ойын бар. Оны біздің жақта көп ойнай қоймайтын шығар. Бірақ естуім бар. Мына ойынның өзі біздің жақта көп белгісіз. Жалпы, бұл ойындар миды жаттықтыруға арналған адамның ой-өрісінің дамуына пайдалы зияткерлік ойын болса керек. Таспа ойынын тапсырған Батырболат атамыздың баласы Қасқырбай деген ағамыз таяуда музейге келіп кетті. Ол кісі бұл ойынды білетін болып шықты», дейді музей қызметкері, ақын Батырлан Сағынтаев.
«Абылайдың алты таспасын» 1965 жылдары үйрендім. Оған себеп болған – әкемнің інісі Хасен ағамыз. Ол ұлы Аманжол екеумізді отырғызып қойып, осы ойынды үйретіп еді. Кейін басқа інілеріміз үйренді, бірақ ешкімге дәріптемеппіз, солай жүре беріппіз. Негізі тоғызқұмалақ сияқты есепке құрылған ойын. Таспа – сиыр терісінен тілінген жіп сияқты қайыс, көбіне қамшы өргенде пайдаланады. Ұзындығы – 40 см, ені – 5 см, қалыңдығы 1 см ағаштан жасалған сапты ара қашықтығы 5 см-нен тесіп, оған бес таспаны бір-біріне байланыстырып түбін тұйықтап байлайды. Алтыншы таспа ұзындығы 40 см шамасында шеңбер тәрізді тұйықталып байланады. Осы алтыншы таспаны жаңағы ағашқа бекітілген бес таспаға біріншісінен бастап бесінші соңғы таспаға дейін жеткізіп оны қайтадан бірінші таспаға әкеліп, таспаны шығарып алу керек. Ойын ережесі – осы. Тұйықталған таспаларды шешуге болмайды», дейді Қасқырбай аға.
Қасқырбай Мұхаметжанның ағасы Аманжолдың 9-сыныпта оқитын Ерсұлтан есімді ұлы екі жылдан бері ғылыми ізденіспен шұғылданады. Тақырыбы – ұлттық ойындар. Қалалық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген талапты бала енді Абылайдың алты таспасы ойынын қайта тірілтіп, ел ішінде көбірек насихаттау жағын ойластырып жүр. Соңғы байқаудың бірінде комиссия мүшелері Ерсұлтаннан «Мұның Абылайдың алты таспасы екенін қалай дәлелдейсің? Бұл ойын қай жерде бар екен?» деп сұрапты. Бала «Атамнан үйрендім» деп жауап берген. Қасқырбай аға осы әңгімені естігеннен кейін әлеуметтік желі арқылы Абылайдың алты таспасы туралы мәлімет іздестіре бастайды.
«Менің өкінгенім, өзімнің туыстарым да, ауылдастарым да, сыныптастарым да білмейтін болып шықты. Сосын, біз өзіміз ғана біліп, мәз болып жүре беріппіз ғой деген ой келді. Содан кезінде институтта бірге оқыған, қазір Семейде тұратын Ғаппас деген досымнан әлеуметтік желі арқылы бір хабар келді. Ол маған «Абылайдың алты ағашы» деген материал жіберді. Сол кезде барып Хасен ағамның бізге ойын үйреткенде: «Абылайдың алты ағашы да осындай ойын, бірақ ол бұдан күрделі, оны ұмытып қалыппын» деп өкінгені есіме түсті. Енді қазақта «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген сөз бар ғой. Мұны сол энциклопедияға енген алты ағаштың бір нұсқасы шығар деп ойлаймын. Енді мұны біздің әулетке Батырболат атам сіңісті етіп кеткен. Ол кісі жүйрік ұстаған атбегі, шеберлігі бар ұста кісі болған. Сондықтан бұл ойын туралы атам өзінің балаларына, біздің әкелерімізге айтып кеткен шығар деп топшылаймын. Осы ойынды зерттеп жүрген балам алты таспаның жасалуын, құрылысын, ойын ережесін түгел өз еңбегінде жазып көрсетті. Ол бір кітапша болып шығуы да мүмкін. Менің тілегім – қазақтың ұлттық ойындарында осындай ойын болған ба? Немесе Абылайдың тарихында осы ойынды ойлап шығарғаны, әлде ойнағаны туралы мәліметтер бар ма екен? Осыған көмектеріңіз қажет болып тұр. Ең құрығанда, сұрастыра жүрсеңіздер, білетіндер бар шығар. Біраз жерлерге хабар жіберген едім, жауап жоқ. Қызық екен, сонда бұл ойынды тек біздің әулет қана білетін болғаны ма?», дейді Қасқырбай Мұхаметжан.
Қостанай облысы