Бірден 30-35 градус ыстықты көрсетіп, қатарынан 4-5 күн бойы шыжып кеткен күн қызылжарлықтарды су қоймаларына қуды. Бұл істе әсіресе жас балалар белсенді. Ата-аналарының қарауынсыз суға жүгіргендерден осы күнге дейін 3 бала суға батып кетті. Үшеуі де суға түсуге жабдықталмаған жерге барып шомылған екен.
Тасқын су келіп басқанда жалғыз-ақ адам өзінің сақтанбаған себебінен суға кетсе, енді суға өздері барып түскендер арасынан айналасы 4 күнде үш адамның суға кеткені облыс басшылары мен төтенше жағдай қызметін тұйыққа тіреп отыр. Осыған орай облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов суға түсу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша шұғыл кеңес өткізді. Аймақ басшысы солтүстікқазақстандықтарға суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау туралы үндеу жариялады. «Қайғылы оқиғалардың негізгі себептері жабдықталмаған жерлерде суға түсу, мас күйінде шомылу және балаларға қадағалаудың болмауынан. Облыс бойынша жаппай шомылу үшін барлығы 60 орын анықталған. Суға түсу маусымын қауіпсіз өткізу үшін аудандар мен Петропавл қаласының әкімдеріне арнайы жабдықталмаған қауіпті жерлерге тыйым салатын және ескертетін белгілер орнатуды тапсырамын», деді Ғ.Нұрмұхамбетов. Сонымен қатар ол құтқару қызметіне Полиция департаменті және Ұлттық ұланының бөлімшелерімен бірлесе отырып, 6637 әскери бөлімі жеке құрамының патрульдік маршруттарын су қоймаларындағы көпшілік демалыс орындарына барынша жақындатуды тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі барлық жауапты мемлекеттік органдарға тұрғындармен алдын ала жұмысты күшейтуді және профилактикалық ақпаратты хабардар ету және тарату мақсатында WhatsApp топтарымен тұрақты ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді жүктеді.
Қазір ТЖ қызметкерлері суға түсуге рұқсат етілмеген жерлерді күн сайын бақылауға алған. Су жағасына келген адамдардың бәріне қауіпсіздік шаралары туралы да айтылып отырады. Бұл жұмыстарды рейдтер жүргізу арқылы да жасайды. Оған дауыс шығаратын дрондар қолданылып, ескертулерін айтудай-ақ айтуда. ТЖД баспасөз қызметі бүгінге дейін халыққа 2 300 рет шығып, су қауіпсіздігі туралы баяндағандарын жеткізді.
Өзенге батып кеткендер арасынан бүгінге дейін 2014 жылы туған баланың денесі әлі табылған жоқ. Он жастағы бала үлкендердің қарауынсыз рұқсат етілмеген жерге суға түскен екен. Жанындағы балалар оның «баттым» деген айғайын ғана естіп қалыпты. Қазір оны іздеуге ТЖД 52 қызметкері суға жүзетін 5 техникасымен жұмылдырылды. Техникалар қатарында су асты дроны да бар. Сонымен бірге волонтерлер мен полиция қызметкерлері де іздеу жұмыстарына тартылғын.
Айта кететін жайт, Петропавл қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы осы уақытқа дейін қала іргесіндегі Пестрое көлі және Есіл өзені жағажайларының суларынан 24 рет сынама алып, оның тазалығын тексерген. Сынамалар бактериологиялық, санитарлы-химиялық, паразитологиялық, радиологиялық және вирусологиялық көрсеткіштер бойынша зерттелді. Аталған қызмет бастығының орынбасары Данияр Оспановтың айтуына қарағанда, әзірге ешқандай зиянды көрсеткіштер табылмаған. «Судың құрамы қалыпты нормада. Қалалықтар суға қорықпай шомылуларына болады», деді ол.
Су сапасын бақылау бүкіл жаз бойы жүргізіліп тұратын көрінеді.
Солтүстік Қазақстан облысы