• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жәдігер 21 Маусым, 2024

Қарағайдан жасалған домбыра

115 рет
көрсетілді

Қарағайдан қиып жасалған бұл домбыраның да көрмеген құқайы жоқ деп айтуға болады. Зиялылар қуғын-сүр­гін көрген 1937 жылы жа­салып, бүгінге аман жет­кен екен.

Қазақтың өнерін, оның ішінде өнерінің төресі – қара домбырасының күмбірлеген күйі мен шырқалған әнінен сескенген өкімет жергілікті жерлерде оның сахнаға шығуын, жастардың оны тартып үйренуін жаппай қуғындап, үнемі шетқақпай қылып, домбыраны халықтың көзінен жасыруға тырысты ғой. Қазақтың рухы қайтсе көтерілетінін танып қалған сұмдар домбыраны жамандап, оны классикалық музыкалық аспаптар қатарынан шығаруға жанталасқан. Оны жасайтын арнаулы шеберханалар да жабылып, тек басын бәйгеге тіккен әуесқой шеберлер қол астындағы құралдарымен ғана жасап отырған. Ал домбыра үнін сағынып қалған халық оны көзінің жасын көл қылып, түрегеп тұрып тыңдаған.

Қарағайдан жасалған бұл домбы­раның иесі – Базар Мақышқызы деген кісі. Ол – қазіргі Жамбыл ауданындағы Әйімжан ауылының тумасы. Осында 1905 жылы туып, 1970 жылы дүниеден өткен. Бойында арғы атасы Сегіз серіден жеткен өнер ұшқыны бар қыз жасынан ән-күйге бейім болады. Оның үстіне халық алдына шығып, ән айтып ысылған өткір қыз түрлі кеңес жұмыстарына да белсене қатысып жүреді.

Осы жәдігерді тауып, Сол­түс­тік Қазақстан облыстық мұ­ражайына алғызған «Асыл мұра» орталығының жетекшісі Ахметжан Қуантаев Базар Мақышқызының атқарған жұмыстарын да тегіс тізбелеп, көрсетіп берді. Оның мәліметіне қарағанда Базар Оңайбекова жасынан ұмтылып, хат танығандығының арқасында 1929-1930 жылдары Әйімжан ауылдық кеңесінің төрағасы болған. Одан ауылдағы «Қызыл мүйістің» мең­герушісі болып, халықты сауаттандыру жұмысына белсене араласқан. Халық аштыққа алғаш ұшырай бастаған 1932 жылы өкімет Базарды Алматыдағы партия мектебінің алты айлық курсына оқуға жібереді. Бұл оқуды бітіріп келген соң түрлі партия, кеңес қызметтерін атқарады. Одан әрі, 1935 жылдан Ақмоладағы партияның ауылшаруашылығы мектебінде екі жыл оқиды. 1937 жылы Қазақстан компартиясы І съезіне делегат болып қатысқан. Бірақ осыдан әрі «байдың құйыршығы» деген жала жабылып, қуғындалып, тек 1941 жылы ғана ақталады. Бірақ үлкен қызметтер берілмей, ба­ла­бақшаның меңгерушілігіне та­ғайындалады. Осы қызметтен соғыс жүріп жатқан жылдары «Ұзынкөл» ұжымшарына төраға болып ауыстырылып, соғыс аяқталғанша қызмет істейді. Со­ғыстан соң Совет аудандық партия комитетінде нұсқаушы, одан ауылдық кеңестің төрағасы сияқты қызметтерге жіберіліп, ақырында дүкенші, кілтші сияқты қызметтерге төмендетіліп, зейнет жасына жеткенше жұмыс істеген екен. Оның белсенділігі жоғары, білімі де біршама мол болғанына қарамай үлкен қызметтерге жібе­рілмегендігінде бір гәп бар. Жылдан жылға қазақтың рухы сындырылып, ұлттық мүдделердің аяққа басыла түскеніне жілігінде намысы бар өткір қыз бас изей бермей, ашық қарсылық білдірген сияқты. Ал мұндай жандарды, қанша қабілетті болса да, кеңестік, орыстық саясат аяқтан шалып, адымын аштырмай, алға бастырмайтын...

Халық емін-еркін болмаса да ойы­н­-тойын үнемі өткізіп тұрған ғой. Сондайда Базар ән салып, халықтың көңілін көтеріп, жандарын жадыратып отырады екен. Әттең қолында қазақтың қара домбырасы жоқ. Ол шолақ белсенділердің құтырған заманында «ескіліктің қалдығы» деп жаппай құртылған. Осы олқылықты көрген есті-басты адамдардың бірі, сол кездегі «Майбалық» кеңшарының төрағасы Мұхамеджан Жолмұқанов Базарға арнайы домбыра істетіп, оны 1937 жылы сыйлаған екен. Әттең шебердің аты-жөні сақталмаған. Бірақ музей қызметкерлері об­лыстағы домбыра жасаушыларды діттеп, оның есімін де табармыз деп отыр. «Асыл мұра» орталығының та­ғы бір қызметкері, әнші, домбырашы Дәстен Баймұқанов арада 87 жыл өтсе де домбыраның әлі де күмбірлеп тұрғанын айтты. «Мұны нағыз хас шебердің қолынан шыққан мүлік деп айтуға болады», дейді ол. Айтса айтқандай, қолдан жасалғанына қарамай домбыраның екі қанаты симметриялы, қисық, бүртік жерлері жоқ, барынша әдемі етіп жасалған.

Домбыра Базардың қызы, ұзақ жылдар ұстаз болған қызы Зура Еламанованың үйінде сақталыпты. Музейге тапсырған Зураның ұлы Батыр Еламанов екен.

 

Солтүстік Қазақстан облысы