• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 25 Маусым, 2024

Агросекторда атқарылар жұмыс көп

95 рет
көрсетілді

Мәжілісте палата төрағасының орынбасары Альберт Раудың төрағалы­ғы­мен мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен экспорттауды дамы­ту мәселелері туралы Үкімет сағаты өтті. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті ұйымдастырған отырыста Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров баяндама жасады.

Министр баяндама басында былтыр­ғы жылдың қорытындысы бойынша, тамақ өнімдерін өндіру көлемі өткен жылдың қорытындысынан 1,5%-ға өсіп, 3,1 трлн теңгені құрағанына тоқталды.

– Салаға келіп жатқан инвестиция артып келеді, өткен жылы тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 3,9%-ға өсіп, 151 млрд теңгеге жетті. АӨК өнімдерінің экспорт көлемі 2022 жылдың деңгейінде сақталып, 2023 жылы 5,4 млрд долларды құрады. Өткен жылғы қолайсыз климаттық жағдайларға қарамастан, сала өндіріс көлемінің артуы есебінен құлдырауға жол бермеді. Қайта өңделген өнімдердің экспорттағы үлесі 42,6%-ға жетіп, 2,3 млрд долларды құрады. Экспортқа шығарылған өңделген мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 187 млн АҚШ долларын құрады. Бұл – барлық өңделген өнім экспортының 8,2%-ы. Дегенмен бұл үлесті арттырудың әлеуеті зор. Бұл ретте заттай түрде өңделген сүт өндірісі 2,9%-ға, сары май 18,6%-ға, ірімшік пен сүзбе 10,5%-ға, салқындатылған ет 9,8%-ға, шұжық өнімдері 0,9%-ға өсті, – деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Дегенмен министрдің айтуынша, құрғақ сүт өндірісі 25,4%-ға (7,4-тен 5,5 мың тоннаға), ет консервілері өндірісі 3,9%-ға (6,4-тен 6 мың тоннаға дейін) төмендеп кеткен. Жалпы, бұл өнімдер шұжық өнімдерімен бірге еліміздің импорт бөлігінің көшін бастап тұр.

Ведомство басшысы даму жыл­дарында саладағы бірқатар позиция­ның экспортын ұлғайтуға мүмкін­дік туып, нарықтарды ашу бойынша да біз­дің өндірушілердің бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыру бөлігінде біраз жұмыс атқарылып жатқанын айтып өтіп, саланың қайта өңдеуді дамытуды қиындататын проблемаларына да тоқтала кетті.

– Біріншіден, шикізаттың жетіспеу­шілігі және қымбаттығы. Статистикаға сәйкес, мал шаруашылығындағы шикізат жеткілікті болғанымен, деректер нақты жағдайға сәйкес келмейтінін түсінеміз. Мысалы, ресми статистикаға сәйкес жыл сайын шамамен 6,5 миллион тонна сүт өндіріледі, бірақ оның тек 2,1 мил­лион тоннасы 180 кәсіпорында өңделеді. Мұндағы парадокс: сүттің мұндай көлемі бола тұра өңдеуге қалайша шикізат жоқ? – деген А.Сапаров бұл фактіні мал шаруашылығында да, өсімдік шаруашылығында да статистикалық деректерді бұрмалаудың көп жылдық «тәжірибесінің» болуымен түсіндірді.

Осыған байланысты Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұман­ғариннің төрағалығымен статистикалық деректерді өзектендіру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған екен. Комис­сия жүргізген жұмыстың нәтижесінде 2 млн бас мал мен 3 млн тонна сүт есептен шығарылыпты. Ал өсімдік шаруашылығында жұмыс әлі жалғасып жатыр.

Екіншіден, импорттың жоғары үлесі де саладағы дамуды кешеуілдетіп отыр. Импорттың негізгі үлесін кілегей, май, құрғақ сүт, ірімшік және сүзбе алады. Тек кейінгі бір жылдың өзінде сүт өнімдерінің импорты шикі сүтке қайта есептегенде 2022 жылғы 580 мың тоннадан 2023 жылы 800 мың тоннаға дейін өскен.

Министр осы тұста арзан импорт­тың «тықсыруынан» бөлек, отандық өнімдердің өзіндік құнының шарықтап тұрғаны да мәселе тудырып тұрғанын жеткізді. Айталық, отандық сары майдың өзіндік құны – килосына 3 100 теңге. Ал өзге елдің импортының орташа бағасы – килосына 1 800-2 300 теңге арасында. Дегенмен біздің отандық өнімдердің сапасы анағұрлым жақсырақ екенін де естен шығармайық. Бірақ нарықтағы жағдай дәл қазір сападан гөрі бағаның арзанын іздеткізіп тұр.

– Әрине, бұл жерде техникалық рег­ламенттерге және тұтынушылардың өнімнің құрамы мен сапасы туралы хабар­сыздығына да байланысты, бірақ мұн­дай бәсекелестік ішкі өндіріске кері әсерін тигізеді. Сапасы төмен өнім­дер мәселесін шешу үшін жауапты мем­лекеттік органдардың қолдауы қажет. Сондай-ақ халыққа спрэд пен сары май, ірімшік пен ірімшік өнімі арасын­дағы және барлық басқа позициялар арасын­дағы айырмашылық жайлы ауқымды түсіндіру жұмыстары қажет. Бұл мәселеде Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауы қажет, – деді А.Сапаров.

Сонымен қатар министрдің айтуынша, отандық өңдеу кәсіпорындарында моральдық және физикалық тұрғыдан тозығы жеткен жабдықтардың ілініп-салынып әлі жүруі және үлесінің жоғары болуы, жоғары технологиялық өндірістердің жоқтығы да қолды байлап отыр. Елдегі ет өнімдерін өндірушілер шетелдік әріптестерімен бәсекеге түсе алмай, кенже қалып жатыр. Өйт­кені олар сойылған малдың қан, ішек және өзге де төменгі бөліктері сияқты компоненттерін кәдеге жарата алмай келеді. Бағалау мәліметтеріне сүйенсек, біздің өндірушілердің сойылған малдың еттен басқа да компоненттерінен табатын пайдасы бір бастан шамамен 70 доллар болса, ал көрші елдерде олардың құны 200-ден 500 долларға дейін барады. Импорт етінің елімізге көп жағдайда арзан бағаға келетіні осы жағдайға да байланысты. Біз малдың лақтырып тастайтын ішек-қарын, тері, қан сынды компоненттерді кейбір сырт елдер қалдықсыз технологиямен кәдеге жаратып отыр. Сондықтан олар ұтылмайды.

Сонымен қатар министр қайта өңделген премиум өнімдер сияқты жоғары маржалық бағыттарды дамыту үшін ғылым мен өндірістің тығыз өзара іс-қимылы бойынша жұмыс қажет екенін атап өтті. Әрі салқындатылған еттің ұзақ сақталуын қамтамасыз етуге арналған әзірлемелер қажет. Бұл экспорт географиясы мен кірістілігін кеңейтуге мүмкіндік бермек. А.Сапаров бұл тапсырмалардан хабардар екенін және осы бағытта жұмыс істейтіндері жөнінде уәде берді.

Ауыл шаруашылығы министрі баяндамасында бизнес қоғамдастықпен және барлық мүдделі мемлекеттік органдармен түйткілді мәселелерді талдау және талқылау нәтижесінде министрлік қайта өңдеу өнеркәсібін дамытудың алдағы 5 жылға арналған кешенді жоспарын әзірлегенін жеткізді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары әзірленіп, Үкі­метке бекітуге ұсынылды. Құжат қайта өңдеуді қолдаудың жаңа шараларын, жаңа нарықтарды ашуды, сондай-ақ қазақ­стандық өңдеушілерді қолдау үшін қор­ғау шараларын қолдануды көздейді, – деді министр.

Үкімет сағатында айрықша назар аударған ақпарат – биыл алғаш егіс жұ­мыс­тарына жеңілдікті кредит беру көле­мі 580 млрд теңгені құрағалы отыр (бұ­рын 180 млрд теңге болатын). Бұл 9 млн га немесе 38% ауыл шаруашылығы дақыл­д­арын (бұрын егістікпен қамту 15%-дан аспайтын) қамтуға мүмкіндік берді.

Биыл азықтық дақылдар көлемі 3,4 млн гектарға жеткізілген, бұл 2023 жылғ­ы деңгейден 314 мың гектарға көп. Ми­нистрлік 2026 жылға қарай азықтық дақыл­дардың егіс алаңдарын 3,6 млн гек­тарға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Жалпы министрлік ауыл шаруашы­лығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың кешенді жоспары аясында 5 жыл ішінде 372 млрд теңгеден астам қаржы, оның ішінде инвестициялық мақсаттарға 150 млрд теңге және айналым мақсаттарына – 222 млрд теңге бағыттауды жоспарлап отыр. Жоспарды іске асыру тамақ және өңдеу өнеркәсібінің дамуына жақсы серпін беруге тиіс.

Үкімет сағатында қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егіз­баев мал шаруашылығы өнімдерін өн­діру серпіні тұрақты дамуды көрсетіп, өсу үрдісі байқалғанымен терең өңдеудің үле­сі әлі де төмен болып отырғанын атап өтті. Қайта өңдеу және тамақ өнер­кә­сібі­нің үлесі еліміздің барлық өнеркәсібі өнімдерін өндірудің жалпы көлемінің небәрі 6 пайызын ғана құрайды екен.

Айтылған проблемалық мәселелер­ді шешу тек ауыл шаруашылығы министр­лігіне емес, басқа да мемлекет­тік органдарға да байланысты екенін атап өтті. Сондықтан барлық салалық министрлік айтылған ұсыныстарды ескере отырып, іс-шаралар жоспарларын біріктіру керек деп есептейтінін жеткізді.

Жиын барысында өзге де депутаттар салаға қатысты өзекті мәселелер жайында министрге сұрақтарын жолдады.

Жиынды қорытындылаған Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау саладағы мәселелер негізінен экономикалық мәселелерге тіреліп тұрғанын айтып өтті. «Жоспар, жұмыс ауқымы көп. Сондықтан мұның бәрі жалғыз министрліктің ғана мойнына артылған жүк емес, барлық мемлекеттік органдардың, тіпті тұтас Үкіметтің міндеті», деді А.Рау.