Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің даму жолындағы осы маңызды мезетте бүкіл қоғам болып, өркендеген, демократиялық, Әділетті Қазақстанды құру идеясының төңірегіне топтасу керек», деген еді. Әрине, бұл топтасуды сыртқы әлеммен байланыс тұрғысынан да ұмыт қалдырмауымыз керек. Қанша дегенмен біздің қоғам ретінде де, мемлекет ретінде де дамыған елдерден үйренеріміз жоқ емес. Оның үстіне халықаралық қауымдастықтың да бізге назары аз түсіп тұрған жоқ. Осы мәселе төңірегінде Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел НАЗАРБЕТОВАМЕН сұхбат құрып, еліміздің ішкі және сыртқы саясатын сараптадық.
– Әсел Қожахметқызы, саясаттанушы ретінде сіз Әділетті Қазақстан қағидатын қалай түсіндіресіз? Осы жолда біз өзіміздің негізгі ұлттық өзегімізге, өткен тарихымызға арқа сүйегеніміз жөн бе, әлде сан ғасырлық демократиясы қалыптасқан, дамудың даңғыл жолына түскен шет мемлекеттердің тәжірибесін, өркендеу моделін үлгі еткеніміз жөн бе?
– Әрине, Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан идеясы мен қағидаты қоғамда кең қолдауға ие болды. Бұл идеяны еліміздің қазіргі кезеңдегі даму сатысына негізделіп ұсынылған идеологема деп қарастыруымыз керек. Әділетті Қазақстанды азаматтарының әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін өз бетінше сапалы қалыптастыруға мемлекет тарапынан қолайлы жағдай мен мүмкіндіктер жасалған, құқықтары қорғалған. Осы орайда Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы үшінші отырысында ұсынған құндылықтарының бірі – әділдік пен жауапкершілікке үлкен мән беруі орынды. Дегенмен қоғамдағы теріс түсініктен, яғни әділеттілікті тек мемлекеттің ресурстарын халыққа теңдей бөліп беру дегеннен арылту қажет. Керісінше сол игілікті дұрыс игеріп, пайдаланып, оны келер ұрпаққа да қалдыруға қоғамның әр мүшесі жауапты екенін ұғындырған жөн.
Егемен, тәуелсіз мемлекет ретінде 30 жылдан аса жүріп өткен жолымызда түрлі соқпақтан өттік, сол жылдарда әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде танылып, мойындалып, сонымен бірге өзіндік модель қалыптастырдық. Әділетті Қазақстан құруда біз әлемде бар демократиялық институттардың стандарттарын, әсіресе заң үстемдігі мен тәртіпке байланысты дамытумен қатар еліміздің мемлекеттілігін қалыптастырған тарихи жолымызға, сол жолда аянбай еңбек еткен тарихы тұлғаларымыздың озық ойлы ел болсақ деген нұсқауларына терең үңіле отырып, яғни дала демократиясына, ұлттық болмысымызға сай өркендеу моделін жасағанымыз жөн. Осы бағытта Қазақстанның болашақ келбеті қандай болмақ деген ауқымды зерттеулер жүргізіліп жатыр.
– Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Сингапурға барып, маңызды кездесулер өткізіп, екіжақты тиімді келіссөздер жүргізді. Жалпы, біз бұл елден нені үйреніп, қандай артықшылықтарын қабылдағанымыз жөн?
– Президент Қ.Тоқаевтың Сингапурға мемлекеттік сапары барысында Қазақстанның Сингапурды уақыт сынынан өткен сенімді серіктес санайтындығы айтылды. Қазақстан мен Сингапур арасындағы дипломатиялық қатынастар 1993 жылы орнатылған, оған дейін 1991 жылғы қыркүйекте Сингапурдың Премьер-министрі Ли Куан Ю Қазақстанға сапармен келген болатын. Ал біздің елдің президенттік деңгейдегі Сингапурға алғашқы ресми сапары 1996 жылы болды. Сол кезеңнен бері елімізде 140-тан аса сингапурлық компаниялар мен бірлескен кәсіпорындар қызмет жасап, екіжақты сауда көлемі 2 млрд доллардан асты, Сингапурдың Қазақстан экономикасына құйған инвестициясы 1,7 млрд доллар шамасында.
Аталған көрсеткіштерді ұлғайтуға, сауда және инвестициялық қатынастардың қарқын алуына, екіжақты ынтымақтастықтың мүлде жаңа кезеңіне жол ашуға мүдделілік Мемлекет басшысының Сингапурға сапары барысында айрықша аталды. Осы орайда жасалған келісімшарттар еліміздің Сингапурмен энергетика, шикізатты өңдеу, инфрақұрылымды дамыту, цифрлық экономика, қаржы технологиясы, агротехнология, логистика бағыттарындағы ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік туғызады.
Айта кетерлігі, Сингапур – Оңтүстік-Шығыс Азияның қарқынды дамыған, жарты ғасыр ішінде «үшінші әлем» елінен әлемдік саудадағы жетекші 20 мемлекеттің қатарына кірген, «азиялық жолбарыс» аталған қала-мемлекет. 90-жылдардың басынан Сингапурдың осы ғажайып даму жолы, жасаған реформалары мен саяси шешімдері Қазақстан үшін қызық та үлгі аларлық болды. Сарапшылардың пікірінше, Сингапурдың модернизациясы білім беру саласындағы реформалар, өңірлерге инвесторларды тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, экологиялық жағдайды қалыпқа келтіру сынды бағыттарды тиімді жүргізгендігімен ерекшеленеді. Қазақстан да осы бағыттарда ауқымды шаралар атқаруда, дегенмен тиімділігін әлі де арттыру қажет. Мемлекет басшысының 46-Сингапур лекциясында «Әділетті Қазақстан» және «Алға, Сингапур» бағдарламаларының мақсаттары мен қағидаттары ұқсастығына назар аударылды. Сингапурдан Қазақстанның ерекшелігі – табиғи байлығы, халқының бастапқыдан-ақ сауаттылығының жоғары болуы. Сол себепті еліміз Азияның ғажайып жолмен қарқынды дамыған мемлекетіне айналуы әбден мүмкін, оған саяси жігер мен адами әлеуеті толық жетеді.
– Идеология саласында бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды рөл атқаратынын жақсы білесіз. Дамыған елдермен салыстырмалы түрде алсақ, біздің отандық медиа өз миссиясын қаншалықты орындап жүр?
– Әлемнің барлық елінде саясат пен масс-медиа салалары жақындасып келеді, масс-медиа кеңістігі саяси коммуникацияның негізгі ортасына айналатын медиа-саяси жүйе қалыптасты. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жүзеге асырудың басты құралдарының бiрi бола отырып, масс-медиа қоғамдық пiкiрдiң күнделiктi қалыптасуына едәуiр әсер етедi. Сонымен қатар адамдардың мiнез-құлық реакцияларына ықпал етуге қабiлеттi, iшкi және әлемдiк саясат саласында саяси шешiмдер қабылдауға ықпал етуi мүмкiн. Бұдан басқа бүгінде бірқатар мемлекеттердегі масс-медиа азаматтарды маңызды мемлекетішілік және халықаралық оқиғалар туралы хабардар ете отырып, оларда дұрыс саяси мінез-құлық пен ұстанымдарды қалыптастыра отырып, халықты саяси ағарту функцияларын жеткілікті түрде табысты іске асырып келеді.
Қоғамның алдында Әділетті Қазақстан құру жөніндегі міндеттерді іске асыру қажеттігі тұр. Осы жолда барлық уәкілетті мемлекеттік органдармен қатар масс-медиаға да ерекше жауапкершілік жүктелген. Қазіргі уақытта бүкіл әлемде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуы кәсіби журналистерден бірегей мультимедиялық контентті талап етеді. Журналистік білім беру дағдарысы тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде байқалады. Қазақстанда тек кәсіби журналистердің емес, қазіргі заманғы медиа нарықтың талаптарына сай келетін менеджерлердің, шығармашыл қызметкерлердің, сарапшылардың, тележүргізушілердің де жетіспеушілігі өткір сезіледі. Осыған байланысты сапалы заманауи журналистік білім беру медиажүйенің тиімділігін, саяси коммуникациядағы жаңа технологиялардың өсуін айқындайды. Сондай-ақ ақыл-ой революциясын жүзеге асыра отырып қоғамдық сананы жаңғыртады. Осы орайда айта кететін жайт, отандық медианың жай-күйін, қоғамдық санаға ықпалын, оның қауқарлығын сараптайтын кешенді зерттеулер жетіспейді.
– Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстанға, жалпы Орталық Азия аймағына әлем елдерінің қызығушылығы еселеп артып отыр. Оған дәлел ретінде «С5+» форматындағы алпауыт мемлекеттермен түрлі деңгейдегі форумдар мен саммитерді айтуға болады. Бұл үрдістің астарына үңілсек нені байқауға болады? Қазақстан осы бағытта қандай сыртқы саясат жүргізуге тиіс?
– Бүгінде әлем жаһандық өзгерістер қарсаңында тұр. Қазіргі жаһандық өзгерістердің тұжырымдамалық айырмашылығы ретінде олардың ауқымын ғана емес, бұрынғы тарихи дәуірлермен салыстырғанда осы өзгерістердің пайда болу қарқыны мен жылдамдығын да атап өтуге болады.
Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан үшін барлық шетелдік серіктестерімізбен, ең алдымен, көршілерімізбен өзара тиімді және прагматикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды. Ал Қазақстан үшін ең жақындары – Ресей, Қытай және Орталық Азия елдері.
Жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сұхбатында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Орталық Азия аймағындағы ынтымақтастықтың маңызына ерекше назар аударды. Президент «С5 +» форматын және оның аймақ елдерінің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтудағы рөлін атап өтіп, экономикалық даму үшін мультипликативтік әсер алу үшін стратегиялық әріптестікті тереңдетуге ұмтылысын атап өтті. Бұл Қазақстанның аймақтық бастамаларды дамытуда, Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда саналы түрде белсенді рөл атқаруға ұмтылатынын көрсетеді. Бүгінгі таңда Орталық Азия – геосаяси шындыққа өз көзқарасы, саудада, инвестицияларда, бизнесте, инновацияларда кең мүмкіндіктері бар, серпінді дамып келе жатқан аймақ. Сондықтан да әлемде Орталық Азияға деген қызығушылық арта түсуде, «С5 +» диалог алаңына деген сұраныс артып келеді.
Бұл жерде Германиядағы танымал «Ғылым және саясат қоры (Stiftung Wissenschaft und Politik/SWP)» институтының зерттеуіне назар аударған жөн. Ол «Орта державалар – халықаралық саясаттағы маңызды акторлар» ғылыми-талдамалық жинағын жариялаған, онда Қазақстан әлемдік «орта державалар» тізіміне енгізілген. «Қазақстандық кейс» Орталық Азиядағы ірі мемлекеттің әлеуеті мен даму келешегін шетелдік сарапшылар мен бизнес өкілдері үшін жақсы түсінуге ықпал ететіндігімен қызықты.
Германиялық сарапшылардың Қазақстанды «орта державалар» тізіліміне енгізу шешімі – Астанаға деген қандай да бір саяси комплимент емес, дәйекті түрде айқындалған фактінің көрінісі. Осы ретте Қазақстан әрі қарай орта держава ретінде әлемдегі қазіргі қалыптасқан ахуалға бейжай қарамай, барлық мемлекеттермен ашық қатынас жасай отырып, сыртқы сын-қатерлерге қарсы күресте қырағылық танытып, проактивті түрде әрекет етуі қажет. Орта держава елдерінің рөлі, әлемдегі геосаяси мәселелерге, оларды шешу жолдарына ықпалы мен үлесі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Euronews» телеарнасына мамыр айында берген сұхбатында атап өтіп, Қазақстан сияқты орта держава елдер негізгі ойыншыларға айналып отырғандығына, олардың өз аймақтарында да, бүкіл әлемде де тұрақтылық, бейбітшілік пен дамуға үлес қосатын әлеуетінің артқандығына баса назар аударды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
«Egemen Qazaqstan»