Биыл Құдыс Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Тарихы терең, дәстүрі бай бірегей өнер ошағының айтулы мерейтойы аясында Алматыда музыкалық қойылымдардың I театр фестивалі бастау алды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған фестиваль апта бойы сахналық қойылымдарды, ғылыми конференцияны, лауреаттарды анықтауды қамти отырып, мерекелік гала-концертке ұласады. Ауқымды мәдени іс-шараның ашылу салтанатында театр ұжымы өзінің М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық театрындағы, Республикалық мемлекеттік академиялық корей театрындағы, «Жаңа ғасыр» және «Алатау» дәстүрлі өнер театрындағы әріпестерімен бірге қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Жиында құттықтау сөз алған М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек пен ұйғыр театрының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ділмұрат Бахаров торқалы той аясында тұңғыш рет өтіп отырған өнер мерекесіне байланысты жылы лебіздерін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Театр фойесін бойлай орын тепкен танымды көрмеге Қазақстан президенттік архивінен жанрдың сара жолын айшықтайтын тарихи құжаттар, құнды фотоматериалдар қойылды. Фестивальдың «Анархан» музыкалық драмасымен ашылуының символдық мәні бар. Дәл осы қойылыммен 1934 жылы театр шымылдығы түрілген. Мухитжан Изимовтің режиссерлығымен қойылған Ж.Асимов пен А.Садыровтың әсерлі туындысын көрермен зор ықыласпен тамашалады. Одан соң өнерсүйер қауымның назарына М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Елік Нұрсұлтанұлының режиссерлық етуімен Ғ.Мүсіреповтің аңызға айналған «Қыз Жібек» спектаклін ұсынды. Ертеңіне сахна төріне Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің шәкірттерінен құралған «Жаңа ғасыр» театрының әртістері шығып, «Соңғы қоңырау» (А.Әшімов, Е.Тәшкенбай) поэтикалық драмасын көрерменге тарту етті.
Фестиваль барысында «Қазақстанның ұйғыр театры әлемдік сахна өнерінің даму мазмұнында» атты ғылыми конференция жоғары деңгейде өтті. Алқалы жиында театрдың өткені мен бүгіні тілге тиек етіліп, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, ұлы композитор Құдыс Қожамияровтың өнерді дамытуға қосқан үлесі айрықша аталды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Алимжан Тиливалди өнердің әрбір халықтың рухани өсіп-өркендеуіндегі рөліне, оны нығайтудағы мәдени іс-шаралардың маңызына тоқталды. Ұйғыр музыкалық комедия театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Гульбахар Насирова «Құддыс Қожамияров және ұйғыр театры», өнертану докторы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Нұрпейіс Бақыт «Ұйғыр театр өнерін зерттеудегі Ахметжан Қадыров еңбектерінің маңызы», өнертану кандидаты, доцент, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі Мұқан Аманкелді «Ұйғыр театры және режиссер Қадыр Жетпісбаев шығармашылығы», мәдениеттану ғылымдарының кандидаты, «Duniya-art» заманауи өнер галереясының президенті Акимжан Гулиев «Уйгурский театр и художники», өнертану магистрі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы Айжан Ахмет «Ұйғыр театрының бүгінгі келбеті», Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының меңгерушісі, профессор, театр сыншысы Анар Еркебай «Ұйғыр театрының тарихы мен бүгінгі бағыт бағдары» тақырыбында баяндама жасады.
Ұйғыр халқының әлемдегі бірден-бір кәсіби театры ресми түрде 1934 жылы қыркүйек айында көрермен үшін өз есігін ашты. Бүгінгі таңда драмалық труппадан басқа театрда «Нава» фольклорлық ансамблі, «Сада» жастар эстрадалық ансамблі және «Рухсара» би ансамблі жемісті жұмыс істеп келеді. 1984 жылы театр қазақстандық өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай театрға академиялық мәртебе берілді. 2021 жылы Үкімет тарапынан бөлінген қаржыға театрдың сахнасы толық қайта жөнделіп, заманауи үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілді. Биыл мәдениет қызметкерлері күніне орай Мемлекет басшысы бірқатар театр қызметкеріне «Құрмет» орденін табыс етті.
Тоқсан жылдық тарихында театр ТМД және Түркия, Мажарстан, Финляндия, Германия, Египет, Қытай, Румыния, Болгария, Пәкістан және Португалия елдерінде халықаралық фестивальдар мен гастрольдік сапарларға белсенді қатысып, әлемдік аренада отандық өнерді кеңінен насихаттады. Биыл театрдың 90 жылдығы аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі, Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының «Түрксой» қолдауымен Ұйғыр театры ұжымы сәуірдің 21-28 аралығында Түркия елінің астанасы Анкарада «Махмұд Қашқари» атты тарихи драмамен гастрольдік сапарда болды. Түркі әлемінің тіл өнерінің өрісін кеңейтіп, өркенін өсірген ғұлама Махмұд Қашқари туралы спектакльді Анкара көрермендері ерекше зейінмен қабылдады.
Көпұлтты еліміздің тұрлаулы өнерін тек халқымызға ғана емес, сонымен қатар әлем жұртшылығына таныстыру арқылы мәдениеттің дамуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан ұжымның бұл бағытта қол жеткізген табыстары аз емес. Ұзақ жылдар жемісті еңбек еткен сегіз өнер саңлағы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталған. Бүгінде театр «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағына ие майталмандарымен қатар талабы таудай талантты жастарымен де танымал.