Әділетті Қазақстанның басты ұстанымы – ашықтық пен әділдік. Алайда қазына қаржысын талан-таражға салуды көксейтіндер қатарының азаймағаны көкейкесті мәселеге айналып отыр.
Елімізде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға түрлі қызмет пен іс-шараға жұмсалатын артық шығынды қысқарту жөнінде тапсырмалар берілген еді. Алайда кейбір мемлекеттік органдар бұл тапсырманы орындамайтыны жиі байқалады. Мәселен, Жылыой ауданында сәуір айындағы су тасқынының зардабын жою әлі жалғасып жатыр. Тұрғындардың кейбірі баспанасыз қалды. Осындай қиындық туындаған ауданда ат спорты түрлерінен жарыс өткізу жоспарланыпты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінің дерегіне қарағанда, Жылыой ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі спорттық іс-шараға 22 млн 321 мың 429 теңгені жаратуды жоспарлапты. Бірақ еріктілердің ұсынысымен сатып алу конкурсы толығымен тоқтатылды.
Бюджеттен бөлінген қаржыны үнемдеуге мән бермейтіндердің қатарында мектептер жиі көрініс береді. Білім ордалары қажетті тауарды сатып алу үшін қаржыны оңды-солды жұмсауға неге әуес? Тіпті мектептер мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізуден бұра тарту «бәсекесіне» түскен секілді көрінетіні көңілге кірбің ұялатады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, білім саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындысымен берілген 12 ұсыныстың 8-і ғана орындалыпты. Алайда білім басқармасына қарасты мекемелердің бейнебақылау жүйелеріне онлайн қосылу мүмкіндігі, салыстыруларды автоматты түрде жүргізу арқылы айырмашылықтарды анықтау мүмкіндігімен бухгалтерлік есеп жүйесін «К2 Қазынашылық-клиент» бағдарламасымен интеграциялау, ақылы қызмет көрсететін қосымша білім беру ұйымдарында баға калькуляциясын бекіту секілді ұсыныстар орындалмады.
«Іс-шаралар жоспарында көрсетілген осы ұсыныстар білім беру саласындағы тәуекелдердің алдын алуға, туындауын болдырмауға ықпал етер еді. Талдау нәтижесінен кейін 1 қылмыстық іс қозғалды. Бюджеттің 90 млн теңге көлеміндегі қаржысын заңсыз жұмсау дерегі, 9 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Департаменттің араласуымен 7 млн теңге бюджетке қайтарылды», дейді Ерұлан Серікқалиев.
Өткен жылдан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер мемлекеттік сатып алу конкурсына мониторинг жүргізуді қолға алды. Мәселен, Махамбет аудандық білім бөліміне қарасты З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебі фортепианоның бір данасын 1 млн 510 мың теңгеге сатып алуды жоспарлағаны анықталды. Осылайша, 10 музыкалық аспап үшін жалпы сомасы 15 млн 104 мың теңгені жұмсау көзделіпті. Волонтерлер жүргізген мониторингке сәйкес, музыкалық аспаптың орташа бағасы 651 мың 544 теңге екені анықталып отыр.
«Еріктілер араласқаннан кейін тауардың бағасы өзгертіліп, бір данасы үшін 870 мың теңге болып белгіленді. Он музыкалық аспаптың бағасынан 6 млн 404 мың теңге көлеміндегі бюджет қаржысы үнемделді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осы аудандағы Жалғансай орта мектебі 90 дана партаның әрқайсысын 121 мың 428 теңгеден сатып алу үшін 10,9 млн теңге бөліпті. Алайда бұл тауардың орташа бағасы 30-40 мың теңгені құрайтыны ескерілмеген. Еріктілердің ұсынысынан кейін тапсырыс беруші 1 партаның бағасын 2,5 есеге – 44 мың 642 теңгеге төмендетіпті. Сөйтіп, сатып алынатын парталардың санын 208 данаға дейін көбейтіп, 9,2 млн теңгеге сатып алуды қайта жариялады.
Махамбет ауданында осыған ұқсас тағы бір жайт байқалып отыр. Нақтылай айтқанда, аудандық білім бөліміне қарасты Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебі 16 млн 607 мың теңгеге 2 дана ұлттық киіз үй сатып алмақ болған. Конкурста бір киіз үйдің бағасы 8 млн 303 мың 571 теңге деп көрсетілген.
«Еріктілер жүргізген мониторинг кезінде ұқсас тауардың медианалық бағасы 2 млн 650 мың теңгені құрайтыны анықталды. Мониторинг нәтижесімен сатып алу жойылып, бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді. Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер 130 млн теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеді», деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Ал Қызылқоға ауданындағы№9 орта мектебі күзет қызметі үшін 48 млн теңге төлеуді ұсыныпты. Бірақ талдау көрсеткендей, облыста білім беру ғимараттарын күзету қызметінің орташа бағасы 3,5 млн теңгені құрайды екен. Тағы да сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлердің сатып алу үдерісіне талдау жүргізгеннен соң күзет қызметінің бағасы 12 есеге, 4 млн теңгеге төмендетілді.
Атыраулық еріктілер жыл басынан бері бюджеттен бөлінген 130 млн теңгенің негізсіз жұмсалуына жол бермеді. Оның ішінде биыл бірінші тоқсанда бюджеттің 53,9 млн теңгеден астам қаржысы үнемделген.
Атырау облысы