ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 725 мың мүгедек адам тұрады, оның 58%-ы еңбекке жарамды, 26,9%-ы зейнеткерлік жаста, 15,1%-ы 18 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды Egemen.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, әлеуметтік кодексте мүгедектерді әлеуметтік қорғаудың үш деңгейлі жүйесі қарастырылған: жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек пен қолдау, әлеуметтік оңалту шеңберінде дененің жоғалған функцияларын өтеу, арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету, жұмыспен қамту.
Министр 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жәрдемақы 7 пайызға өскенін атап өтті. Мысалы, жалпы ауруына байланысты мүгедектерге төленетін жәрдемақы мөлшері өткен жылмен салыстырғанда: бірінші топқа – 89,2 мың теңгеден 95,5 мың теңгеге; екінші топқа – 71,4 мың теңгеден 76,4 мың теңгеге дейін; үшінші топқа – 48,7 мыңнан 52 мың теңгеге дейін өсті.
2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жәрдемақы алушылардың саны - 541,8 мың адам, оның орташа мөлшері - 74 мың теңге. Сонымен қатар соңғы алты жылда мүгедектік бойынша жәрдемақының орташа мөлшері 2,3 еседен аса өсті.