• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 27 Маусым, 2024

Гүлдара Нұрымова: Қоғамның дәрігерге көзқарасын түбегейлі өзгерту қажет

585 рет
көрсетілді

Еліміздің денсаулық сақтау саласында да кейінгі жылдары реформалық өзгерістер қолға алынып жатыр. Соның арқасында қаржыландыру көлемі артып, диагностикаға ауадай қажет жоғары технологиялық аппараттар көптеп алынды. Дегенмен ел медицинасын уысында ұстап отырған МӘМС қоры жүйесі кейінгі кездері сынға көп ұшырап жүр. Жұртшылықтың арыз-шағымы да көбейіп келеді. Бұл қор жұмысына Мемлекет басшысының да көңілі толмай, жүйені қайта қарау керектігін тапсырған болатын. Одан бөлек, дәрігерлер мәртебесі мәселесі де күйіп тұр. Осы орайда медицина ғылымдарының кандидаты, Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымовамен сұхбат құрып, саладағы өзекті мәселелер туралы сұрағымызға жауап алдық.

– Гүлдара Алданышқызы, ұзақ жыл бойы медици­на саласында жемісті ең­бек етті­­ңіз. Бұл саланың жетіс­тік­тері мен кенже қалған тұс­та­ры өзіңізге барынша таныс. Мәжілістің мінберінен де медицина мәсе­лелерін көп­тен бері көтеріп жүрсіз. Жал­­пы, бүгінде медицинаның тал­қы­лау­ды қажет ететін қандай мәсе­лелерін айта аласыз?

– Бүгінде еліміздегі медицина әлдеқайда ілгерілеп, ірі және прогрессивті жетістіктерге жетіп жатқанын көріп отырмыз. Әрине, оны жоққа шығаруға болмайды. Заманауи ауруханалар ашылып, жоғары технологиялық әрі құны қымбат құрал-жабдықтар сатып алынып жатыр. Бұл өз кезегінде науқастардың дертіне нақты диагноз қою мен емдеу ісінде оң нәтиже береді. Дегенмен әлі де болса түйткілді мәселелер бар. Әсіресе кейінгі жылдары, яғни әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры жүйесі енгізілгелі өзекті мәселелердің қатары артып, күрделене түсті. Әрі оларды күн құрғатпай, кезек күттірмей тез арада шешу керек. Ең алдымен, денсаулық сақтаудың жетекші және негізгі бөлігі ретінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету жүйесіне басымдық берілуі қажет. Мәселен, 1978 жылы әлемнің жүзден астам елінің арнайы өкілдері Алматыда бас қосып, медициналық-санитарлық алғашқы көмек туралы Алматы декларациясын қабылдады. Ол жерде МСАК-ты дамытудың негізгі қағидалары көрсетілген. Құжатқа Қазақстан да қол қойды. Бірақ қазір сол құжат­тағы талаптар толық орындалмай отыр. Халық ең бірінші, меди­циналық-санитарлық алғаш­қы көмек көрсететін мекеме­лерге, яғни емхана­ларға және отбасылық дәрігерлік амбулаторияларға жүгі­неді. Кім қандай ем қабылдау керек, қандай дәрігерге қаралу керек, ауруханаға жатқызу керек пе, барлығын солар бағыттап отырады. Сондықтан бұл салаға ерекше көңіл бөлу керек.

– Жуырда Денсаулық сақтау министрі­нің онкологиялық науқастарды емдеу­ге бөлінетін қаржының қысқаратыны тура­лы жаңа бұйрығы жарияланды. Мә­жі­лістегі әріптестеріңіз өз қар­сы­­лығын білдірді. Осы мәсе­­леде сіз­­дің маман ретіндегі пікіріңіз қан­­дай?

– Өкінішке қарай, бүгінде онкологиялық қызметтің өзіне қойылған талаптардың тиісті үдесінен шыға алмай отырғанын айта кеткен жөн. Мемлекет басшысы онко­логиялық қызметті кешенді жаңғырту үшін тиісті міндеттерді белгілеп берді. Осылайша, елімізде онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді. Мақсаты – ерте диагностиканы жақсарту, мүгедектікті азайту және онкологиялық науқастардың өмір сүру сапасын жетілдіру. Онкологиялық қызметті қаржы­ландыру көзі ұлғайды. Бірақ, өкінішке қарай, көңілден шыға қоятын нәти­желерді көрмей отырмыз. Біздің қоғам­дық қабыл­дауымызға қатерлі ісікке шал­дыққан науқастар түрлі мәселесін айтып келеді. Көбіне онкологиялық науқастар ақылы негізде диагностикалық тексеруден және емдеуден өтуге мәжбүр. Тіпті басқа елдерден ем іздеп, өз қаражаттарына жеке клиникаларға баруға және қызметтерді ақылы түрде алуға мәжбүр болатыны көңілді қын­жылтады. Осы ретте бөлініп жат­қан әлгі миллиардтар қайда кетіп жатыр деген заңды сұрақ туады.

Бүкіл әлемде тиімді инно­ва­циялық и­м­мун­­дық терапияның дәрілік препараттары қол­­­да­нылады. Мен бұл мәселені депу­таттық сауалымда көтергенмін. Бұл препараттар­дың көптеген артықшылығы бар: олардың токсинділігі (уыты) төмен, пациенттер жеңіл көтереді, өмір сүру ұзақтығы 8 жылға дейін, тәулік бойы стационарда жатудың қажеті жоқ, иммундық препараттармен емдеу амбулаториялық негізде жүргізіледі, науқас қоғамнан алшақтамайды, еңбекке қабілеттілігі мен белсенділігі жоғалмайды. Өйткені тәулік бойғы стационарда емделу мемлекет үшін қымбатқа түседі. Біле білсек, осы препараттарды ойлап тапқан ғалымдар Нобель сыйлығын алған. Бүкіл әлемде иммундық терапияның дәрі-дәрмектерімен емдеудің қарқынды заманауи әдісі қолданылады, алайда біздің елде бұл тәсілдер кең ауқымда қолданылмайды. Бізде тек 3 препарат қана тіркелген. Емдеуге тиімді бұл дәрілерді тіркеуге және оны кәдеге жаратуға не кедергі? Бұл – өте үлкен сұрақ. Қымбат ауруханада емделу қажеттілігінің жоқтығы мен науқастардың жанына да, тәніне де қатты бататын ауыр химиятерапия­ны салыстырмалы түрде есептейтін болсақ, әлемдік емдеу тәсілімен емдеу құнының айырмашылығы аса үлкен емес. Бірақ ең бас­тысы – дәрінің тиімділігі және азамат­та­ры­мыздың денсаулығы маңызды.

Тағы бір үлкен сұрақ: жыл соңында онко­логиялық диспан­серлердің есепшотында неліктен қомақты миллиардтаған сома қаражат қалып қояды? Мыса­лы, Алматы онкологиялық диспан­серінің есепшотында өткен жыл­дың соңында 6 миллиард теңгеден астам қаражат қалған. Республика бойынша жалпы сомасы 32 млрд теңгеге жуық. Яғни онкологиялық диспансерлердің жыл аяғында алған қаржысы жинала келе миллиардтаған соманы құрап отыр. Ең алдымен, бұл жерде медициналық ұйымдардың ақшасын соңғы сәтке дейін жібермей ұстап отыратын МӘМС қорының жауапкершілігі төңірегінде сұрақ туады. Неліктен медициналық мекемелер қаржы­ның жетіспеушілігінен жыл бойы зардап шегіп келеді және неге аталған қор қаражатты жыл соңында ғана береді? Дәрі-дәрмек сатып алуға қатысты да осындай көптеген сұрақ туындап отыр. Қысқасы, қорға аудиторлық тексеру жүргізу қажет деп есептейміз және біз депутаттар Міндетті медициналық сақтандыру қорын, оның ішінде онкологиялық қызметтің жұмысын Жоғарғы есеп палатасының тексеруіне бастамашылық етіп жатырмыз. Бюджетті 20 пайызға қысқарту қаншалықты орынды екенін де терең талдау қажет. Әрине, біз ішкі жағдайды, ондағы ішкі үдерістерді білмейміз. Денсаулық сақтау министрлігі мәселені қайта қарап, бір пысықтап, дұрыс шешім қабылдауға уәде берді.

– Тағы бір өзекті мәселе, кейінгі жылдары мүдегектігі бар балалардың саны артып барады. Мұның себебі неде?

– Өкінішке қарай, біз бала мүгедектік алған кезде оның салдарымен күресіп әлекпіз, бірақ оның себебімен жұмыс істеу керек. Оның бас­ты себебі – балалардың, әсіресе жаңа туған нәрестелердің денсаулығына байланыс­ты диагноздарды ерте анықтау проблемалары. Жаңа туған нәрестелерді бақылауды перзентханада скринингтік тексеруден бастау керек. Педиатриялық көмек стандартында барлық перзентханада жаңа туған нәрестелер­ді неонаталдық, офтальмологиялық және аудио­­логиялық скринингтен өткізу міндетті болуы керек деп көрсетілген. Тәжі­ри­беде аудиологиялық және офталь­­мо­логиялық скринингтер негізінен шала туған нәрестелер үшін тәуекел топтарына сәйкес таңдамалы түрде жүргізіледі. Жаңа туған нәрестелерді ерте тексеру үшін еліміздің барлық өңірінде генетикалық анализ жасайтын зертхана­­лар болуы керек. Бүгінде ол Астана, Алматы секіл­ді үлкен қалаларда ғана бар.

Мен жаңа туған нәрестелерді скринингтік тексеру қажет­тігін өзімнің депутаттық сауал­дарымның бірінде көтердім. Ерте анықтау көп жағдайда науқасты емдеуге көмектеседі, ал егер ем қонбаса, онда дерттің әрі қарайғы өршуін тежеп, ауыр салдары мен мүгедектік деңгейін төмендетеді.

– Қазіргі таңда сынға жиі ілігетін жүйе­нің бірі – МӘМС. Мұның тиімсіздігі қоғам­да жиі көрініс тауып жатады. Жалпы, Мін­дет­ті әлеуметтік медициналық сақтандыру халық үшін тиімді жұмыс істеуі үшін қан­дай­ өзгерістер енгізу қажет?

– МӘМС жүйесінде кемшілік көп. Қор медициналық меке­ме­лерді үлкен креди­тор­лық қарызға батырып, олардың дамуын тежеді, соның салдарынан халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапа­сы­ның төмендеуіне әсер етті. Қазір көп жағдайда науқастар дәрігерлердің қабылдауына жазыла алмайды, қажетті тексерулерден өту үшін қаржыландырудың жет­кі­ліксіздігінен жос­парлы опе­­ра­­цияларға жату үшін амал жоқ кезек күтеді, ал бұл кезде басқа ұйым­дардың есепшотын­да мил­лиардтаған ақша жатады. Кем­шіліктердің толық жауап­кер­ші­лігі «Әлеуметтік-медици­на­лық с­ақ­тандыру қоры» КеАҚ-ның мой­нында. Себебі ӘМСҚ монопо­лист ретінде өзіне жоспарлау, тарифтерді белгілеу, тендер өткізу, қар­жы бөлу, мониторинг, талдау, тек­се­рулер, айыппұл салу сынды шек­теу­сіз өкілеттіктердің бәрін өз қолына алып алған. Мұнда сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдері өте жоға­ры.

Мемлекет басшысы ӘМСҚ жұмысында тәртіп орнатуды тапсырған болатын. Әріп­тестерім денсаулық сақтау саласын және Қор жұмысын қаржыландыру мәселесін бір­неше рет көтерген. Алайда жағдай оңалар емес, керісінше қиындап барады. Жағдайды жақсартудың бір жолы – жүйені цифр­ландыру және медициналық сақтандыру нарығы үшін бәсекеге қабілетті орта құру. Сонымен қатар бүкіл билікті «Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ-ның уысына ұстатып қоймай, шексіз өкілеттіктерді алып тастау қажет.

Мәселен, медициналық ұйымдар жыл басынан бері қар­жы­сыз, аз ғана аванспен жұмыс істеп келеді. Себебі олар­ға қаңтар айының қаржысы маусым айында ғана аударылды. Әлі ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым айларының ақшасын алған жоқ. Соның салдарынан медициналық мекемелер толыққанды жұмыс істей алмай, шаруашылық жұмыстарын жүргізе алмай, дәрі-дәрмек, азық-түлік, коммуналдық қыз­мет, тұрмыстық керек-жарақтар үшін ақысын төлей алмай, тіпті жала­қыны да уақытында бере алмай отыр. Ашығын айтқанда, ақшасыз жұмыс істеп жатыр. Ал халықтың барлық шағымы ең алдымен емхана мен ауру­ханаға айтылады. Бірақ бұл мәселе­нің басы әлеумет­тік-медицина­лық сақтандыру қорында жатыр. Осыдан кейін медицина­лық ұйымдар қалай жұмыс істей алады? Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайын кешеуілдейді. Себебі – цифрландыру жүйесін жетілдірмеген, оны ӘМСҚ-ның өзі тежеп отыр.

– Пандемиядан кейін ден­­сау­лық сақтау саласын же­тіл­­дірудің маңыздылығы арт­ты. Бірақ дәрігерлердің жетіс­пеу­шілігі әлі де өзекті болып тұр. Өңірлердегі дәрігер тап­шы­лығын қалай жоюға болады?

– Бұл мәселе облыстарға ғана емес, қала­ларға да қатысты. Дәрігерлер тапшы­лығының бір себебі – медициналық жоғары оқу орындарында оқыту мерзімінің ұзаруымен байланысты. Дәрігерлерге шектен тыс талап қою, науқастардың сыйламауы, өктем қарым-қатынасы, әлеуметтік желілердегі қаралаулар, дәрігерлерге шабуыл жасап, тіпті күш қолдану, олардың қорғалмағандығы, сот шығындары – осының бәрі бұл мамандықтан іргені аулақ ұстауға итермелеп, тіпті оқу орнын бітірген­нен кейін де кейбір түлектер медицина­лық жұмысқа бармайды. Демек дәрігердің мәртебесін одан әрі көтеру қажет.

Қазір «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясын­да ауылдық жерлерге жұ­мысқа барған медицина қызмет­кер­леріне 100 айлық ең төменгі жалақы деңгейінде бір реттік көмек беріледі. Бұл бүгінгі 8,5 млн теңге. Әрі бұл сома жыл сайын көбейіп тұрады. Сонымен қатар жуырда еліміздің денсаулық сақтау саласын басқаруға жаңа министр тағайындалды. Ақмарал Шәріпбайқызының осы салада нағыз маман екені даусыз. Алдағы уақытта көптеген күрделі мәселенің оң шешімін табатынына сенім білдіргім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Жасұлан СЕЙІЛХАН,

«Egemen Qazaqstan»