Осы күні Қызылордадағы «Dalatex» тігін фабрикасының өнімі елімізге де, шетелдерге де кеңінен танымал. Кәсіпкер Дінмұхамед Абызов басқаратын өндіріс орны ісін бастаған 8 жылда талай жолдан өтті.
Кезінде фабрика тіккен ерлер жейдесі отандық нарықтан ойып тұрып орын алған еді. Тіпті сырт мемлекеттерден келіп алып кететіндер көп болатын. Жақында өндіріс орны өрісін кеңейтіп, жаңа ғимаратқа көшті. Кәсіпкер ұзақ жыл тойхана болған ғимаратты сатып алып, тігін фабрикасына айналдырып отыр.
«Біз кәсіпті бастағанда осы салада көпжылдық тәжірибесі бар мамандар сиреп, бұрынғы өндіріс орындары да жабылып қалған кез еді. Одан бөлек, қажетті құрылғыларды, тіпті шикізатты сырттан алдыратынымыз тағы бар. Жеңіл өнеркәсіптің жүгі жеңіл болмайтынын білсек те, бастаған ісімізді тастамадық. Түркия елінен мамандар алдырып, талаптыларды даярладық. Бірте-бірте өніміміз өтімді тауарға айналып, алыс-жақынға атымыз жетті. Мына жайлы ғимарат ісімізді дамытып, тапсырыстарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді деген ойдамыз», дейді кәсіпкер.
Шекара шегенделіп, қарға адым жерге тұмшаланып баруға тура келген кешегі пандемияның кезінде фабрика мыңдаған маска тігіп, оны тегін таратты. Осы күні мұнда жұмыс істейтін 80 адам арнайы жұмыс киімдері мен күштік құрылымдар формаларын тігіп жатыр. Алда жұмысшылар саны мен қабылданатын тапсырысты ұлғайту жоспарда бар.
«Алғаш ашылғанда небәрі 20 адаммен ғана бастадық. Содан бері мамандарымыз әрі кетсе 1 ай ғана ақысыз еңбек демалысына шыққан шығар. Жалақыны, басқа да төлемдерді кешіктірмейміз. Мысалы, 2022 жылы салыққа 51 млн теңге аудардық. Былтырғы төлемдеріміз де осыған жетеғабыл болып тұр. Сөйте тұра кейде жеңіл өнеркәсіпке жеңіл қарайтындарды көріп, көңілің құлазиды. Біздің салада мәселе көп. Соның бастысы – шикізатты сырттан, әсіресе Қытайдан алдырып отырғанымыз. Тіпті мақта өзімізден шықса да, ішінара оны матаға айналдырып отырған отандық кәсіпорындардың өнімі шетелдікінен қымбат болып тұр. Әйтеуір өзіміздікі ғой деп алайын десең, нарықтан таппайсың. Осыған қарап көңілді «біздегі кейбір кәсіпорындар тек мемлекеттік тапсырысқа ғана жұмыс істей ме?» деген күдік басады. Бұл тарапта өз шикізатын өнімге айналдырған Өзбекстан бізден әлдеқайда алға кетті. «Өнеркәсіпті қолдау қоры» АҚ тарапынан қолдау көріп жатсақ, шикізатты өзіміз өндірмек талабымыз да бар. Қазір осы мәселемен айналысып жатырмыз», дейді кәсіп иесі.
Мұнда жұмыс істейтіндердің дені – жергілікті колледждерді бітірген мамандар. Осыдан 6 жыл бұрын 3-курста фабрикаға келген Перизат Сламбекова қазір директордың өндіріс жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Жақында өндірісті автоматтандыру мақсатында Қытайға сапарлап, қажетті құрылғыларға тапсырыс беріп келді.
«Тігінші болам деген адамды жылдап оқытудың қажеті жоқ. Арнаулы білімі болмаса да, фабрикада 1 ай ішінде іске төселіп, мықты маман атанып отырғандар бар. Біз де теорияны колледжде оқығанымызбен тәжірибені осы жерден жинадық», дейді Перизат.
Саладағы мәселені бір адамдай білетін кәсіп иесінің инвестициялық келісімшарт жайында да ұсынысы бар.
«Бұл келісім 600 млн теңгеден басталып, кәсіпкер 5 жылға қосымша құн салығы мен түрлі салықтан босатылады. Оның шарты шетелдікке де, отандық кәсіпкерге де бірдей. Осы арада біз ұтылатын тұс бар. Өз елінен арзан несие алып, бізге салған шетел іскері пайданың астында қалады. Оларда кредит 2-3 пайыз болса, біздегі жеңілдетілген несие – 8-9 пайыз. Мысалы, қазір мен іс аясын кеңейтіп, жаңа қондырғылар алуға шамамен 400 млн теңгедей жұмсап отырмын. Инвестициялық келісімшарт талабына сәйкес келуі үшін әлі 200 млн теңге салуым керек. Отандық бизнес өкілдері үшін осы келісім сомасын азайтса, үлкен жеңілдік болар еді», дейді кәсіпкер.
Кәсіпорын енді ерлер күртесін тігуге бел байлап отыр. Қазір киім үлгілері мен маталары таңдалып жатыр. Жақын арада Түркиядан шақырылған мамандар келіп, жергілікті шеберлерді өнімнің жаңа түріне бейімдейді.
Қызылорда